Қазақстан астығы Кавказ елдеріне экспортталуы мүмкін - "ҚазАгро" АҚ басшысы

None
None
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан астық сатудың жаңа нарығына ізденіс барысында Кавказ елдеріне астық экспорттауы мүмкін. Бүгін «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ басшысы Асылжан Мамытбеков журналистерге берген сұхбатында осылай мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, көршілес Ресей өз елі аумағында орын алған құрғақшылыққа байланысты астық түсімінің төмен болатынын ескере келе, тамыздың 15-інен бері қарай бидай экспортына тыйым салған болатын. «Әрине, осының арқасында бізде экспорттық географиямыз белгілі бір көлемде кеңейетін болады. Менің ойымша, ең алдымен біздің әлеуетті импорттаушыларымыз Кавказ елдері болуы ықтимал. Олар өздері бұдан бұрын сатып алуға жоспарлаған астық мөлшерін қазақстандық нарыққа қарай бағыттап, сұрау жасай алады», деді А. Мамытбеков. Сонымен бірге, компания басшысы қазақстандық астықты Орталық Азия елдеріне қарай тасымалдау да артуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл да Ресей елінің астық экспортына тыйым салуымен байланысты болса керек. «Біздің бұған дейін дәстүрлі түрде астық жеткізіп келген нарығымыздың ауқымы да кеңи түседі деп ойлаймын. Өйткені, Ресей астығының біршама бөлігі Орталық Азия нарығына да құйылып тұратын, ал ол тараптан салынған тыйымды ескерсек, біз өзімізді бұндай нарық кеңістігінде еркін сезіне бастаймыз», деді А. Мамытбеков. Оның айтуынша, экспортқа салынған тыйымынан кейін Ресейдің бірқатар нарықтан кетуі оның орнын автоматты түрде Қазақстан басады дегенді білдірмейді. «Біз бұлай жасай алмаймыз, өйткені Ресей жеткізіп тұрған аумаққа тасымалдайтын шығынның өзі шаш етектен. Біздің өзіміздің теңдестірілген, кепілді нарығымыз бар, бізге ыңғайлысы сол», деді А. Мамытбеков.

Соңғы жаңалықтар