Қазақстан астанасының даму тарихы: Елорда әлемге танымал орталыққа айналды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын дәстүрлі түрде қазақстандықтар астанамыз 6 шілде күні - Нұр-Сұлтан қаласының мерекесін атап өтеді.

Бұл қаланың негізгі басымдығы – ол тәуелсіздіктің символы іспеттес. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері өзінің жаңа елордасын сала алды. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының елордасы болып жарияланды. Тарих үшін аса қысқа мерзім ішінде елорда заманауи мегаполиске, мемлекет пен қоғамның қарқынды дамып келе жатқан барлық саласына оң әсер етуші қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми әрі әлеуметтік-мәдени танымал орталыққа айналғанына куә болдық.

Алдымен, Нұр-Сұлтан шаһараның Ұлы Даланың Бас қаласына айналу тарихына ден қоялық. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы идеясын айтты. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Елбасы көшіру қажеттігінің геосаяси, экономикалық және экологиялық себептерін дәлелдеді. Жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінде Ақмола неғұрлым бұл талаптарға орайласатынын көрсетті. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды.

1994 жылғы 6 шілдеде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Қеңесінің пленарлық отырысында сөз сөйлеуі

Бұдан кейін, 1997 жылы Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. 20 жылдан астам уақыт бұрын Елбасының Ақмолаға аттану алдындағы түсірілген мына суреттің мән-мағынасы тереңде жатқанын аңғаруға болады.

Н.Назарбаев Ақмолаға аттану алдында. 1997 ж.

1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы салтанатты шарада Елбасы: «Барлық саяси шешімдер бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», - деп ресми жариялаған еді.

1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды.

Н.Назарбаевты жаңа астана тұрғындарының қарсы алуы. Ақмола, 1997 ж. 10 желтоқсан

Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды.

Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні атауы беріліп, оны атап өту алғашқы шешім қабылданған күн - 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазуынша, Астананы көшіру Қазақстанды жаңа Тəуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болды. Бұл біріншіден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi.

2019 жылы наурызда Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.

Елорда жоспары

Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің солтүстігінде, Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Әкімшілік жағынан қала 4 ауданға бөлінген (Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа). Миллионер қаласы мәртебесіне 2017 жылдың маусымында жетті.

Еске салсақ, Астана жоспарын даярлауда әлемнің әйгілі сәулетшілерінің бірі Кисе Курокаваның тұжырымдамасы үздік деп танылды. Доктор Курокаваға өзі ұсынған қала құрылысы тұжырымдамасы негізінде Астананы дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын әзірлеу ұсынылған еді. Бұл тапсырыс Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (ЖХЫА) мен ҚР Астананы дамыту корпорациясы арасындағы келісім аясында жапон үкіметінің грантына іске асырылды. Кисе Курокаваның басшылығындағы жобалық топ ұсынған эскиз-идеяны ҚР Үкіметі 2001 жылдың 15 тамызында бекітті. Дегенмен де, сәулетшінің туындысы керемет болғанымен, ол өз жобасында елорданың қарқынды дамитындығын нақты ескере алмады. Осы орайда Бас жоспарға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Нақтырақ айтқанда, ЖХЫА мамандарының есебіне сүйенсек, 2010 жылы Астананың халқы 490 мыңға, ал 2030 жылы 800 мыңға жетуі тиіс еді. Бірақта 2003 жылы тұрғындар саны 500 мыңнан асып жығылды. Бас жоспарды нақтылауға болжам есептерінің қателіктері себеп болғандығын ескере келе, демографиялық зерттеулер мен ғылыми негізделген ұзақ мерзімді болжамды қайта құру тапсырылды.

Елорданы көріктендіру жұмыстарының барлығы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-планы тұжырымдамасы аясында жүргізіліп келеді. Яғни, осы сала бойынша нақты даму картасы бар.

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл астанада демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін қаланы көгалдандыру жалғаса береді. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал-терек егу ары қарай да жүргізіледі.

«Жалпы, ағаш егуге қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер де қатысатыны қуантады. Осы жылы 1 миллионнан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазір қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен «жасыл аралдар» пайда болғанын көруге болады. Егер жылдан-жылға сапалы тал егіп, көшет отырғызу жоспарын осы деңгейде ұстап тұрсақ, елорда санаулы жылдар ішінде жасыл қалаға айналмақ. Бір кездері далалы жерден тұрған қала бақшалы шаһар болады. 2020 жылы 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік тұрғындарға жаңадан пайдалануға берілді. Осы жылы 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз», - деді А. Көлгінов.

Қазақстанның жаңа астанасының құрылысы бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді. Қаланың сәулеттік тұжырымдамасын жасауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қалаға еуразиялық келбет беру жөніндегі идеясы ескерілді. Астананың сәулеттік келбетінде Елбасының көптеген идеялары іске асырылды. Елордадағы сәулеттік кешендер мен қоғамдық ғимараттар Елбасының назарында болды. Осы орайда жасалған сызбалардың нобайы өзінің қайталанбас сәулетіне ие болды. Бұл тұрғыда «Бәйтерек» монументінің және Президенттік мәдени орталықтың бастапқы сызылған жобалары бүгінде ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы тұр.

«Бәйтерек» монументі. Елбасының сызбасы


Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Мен ойымдағы Бəйтеректің долбар-пішіндерін қағазға түсірдім. Осы ойымды біршама жеткізе алдым-ау деген сызбаларымды Сəулетшілер одағының қатаң қазылығына ұсындым. Сəулетшілерге бұл идея қатты ұнады, олар жұмысқа қызу кірісті. Ақырында кəсіби іскерлер Бəйтеректің нақты пішінін жасап шықты. Бұл эскиздің шеберлікпен жасалғаны соншалық, бір қарағанда салынып біткен объектінің фотосуреті сияқты болып көрінді», - деп жазады.

1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлем елдерінің ірі қалалары Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып отыр, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқалары бар.

Атап айтқанда, 20 жылдан астам жыл уақыт ішінде Қазақстан елордасы төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұртшылықты толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті. Біз шілде айында елорда күнін атап өтеміз. Осы орайда Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!


Соңғы жаңалықтар