Қазақстан әскерінің тәрбие құрылымдарына 30 жыл толды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тәрбие құрылымдарының офицерлері кәсіби мерекесін атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының 1993 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің, Республикалық ұланның, Шекара және Ішкі әскерлердің басқару органдары мен әскери бөлімдерінде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары лауазымдары енгізілген болатын.

30 жыл ішінде тәрбие құрылымдары айтарлықтай дамыды. Бүгінгі таңда тәрбие және идеологиялық жұмыс органдары психологиялық, әлеуметтік және әскери-әлеуметтік салаларды, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыруды қамтитын көпфункциялы құрылымға айналды.

2022 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидалары әзірленіп, бекітілді. Оның негізінде жастарды Отанды қорғау ісіне тарту жөніндегі іс-шаралардың тұтас кешені ұйымдастырылды. Бұл бағытта 250 мыңнан астам өскелең ұрпақты біріктіретін «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысы жетекші рөл атқарады.

Тәрбие және идеологиялық жұмыс органдары құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Соңғы жылдары Қарулы күштердегі жағымсыз құбылыстардың саны айтарлықтай азайды. Ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру шеңберінде әскери қызметшілердің қаза болуы мен жарақаттануын барынша азайтуға бағытталған «Өміріңді сақта» бағдарламасы қабылданып, іске асырылып жатыр.

Тәрбие құрылымдарының қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылы жандандырылып, ол қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға мүмкіндік берді. Қарулы күштер ардагерлерінің жастармен жұмыс жасаудағы және армияны одан әрі дамыту бағыттарын әзірлеудегі әлеуеті де жұмыс істеп тұр.

Офицер-тәрбиешілердің әскерлердің оқу-жауынгерлік қызметін, жауынгерлік кезекшілікті, қарауылдық және ішкі қызметті моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастырудағы қызметі аса маңызды. Оқу-жаттығу барысында жеке құрамда қажетті қасиеттерді қалыптастыру және қолдау, қарсыластың ақпараттық-психологиялық әсерінен қорғау мәселелері де пысықталады.

Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар