Қазақстан әскерінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалай бақыланады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарулы күштердің Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Әлібек Манабаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау іс-қимылдарына қатысты жан-жақты баяндап берді.

Оның айтуынша,қазіргі кезде Қарулы күштердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

«Екі аптадай бізде короновирустың жаңа жағдайы тіркелген жоқ. Толық алғанда, Қазақстан Республикасы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Жақында барлық өңір короновирустың таралуы бойынша «жасыл» аймаққа көшкен болатын», - деді Ә. Манабаев.

Сонымен қатар ол коронавирус инфекциясының таралмауы үшін әскерде қандай іс-шаралар қолданылып жатқанын айтып берді.

«Короновирус инфекциясының таралмауы үшін бұрынғы қабылданған шаралар әлі де жалғасуда. Ең басты мәселе, қазір вакцинация екені белгілі. Жақында ведомствоаралық комиссияның отырысында вакцинаның маңызды рөлі туралы айтылған болатын. Қарулы күштерде бүгінгі күнде ревакцинация жалғасуда. Қазіргі кезде 84 пайызы ревакцинация алды, қалған 16 пайызы негізінен 1 курста оқитын курсанттар және соңғы күзгі шақырылымдағы мерзімді әскери қызметтегілер. Олар келген кезде вакцина алған. Енді алты ай уақыттан соң ревакцинация алу жоспарланып отыр», - деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек Ә. Манабаев ревакцинацияның қандай да бір шектеулеріне қатысты түсінік берді.

« Әрине, шектеулері бар. Егер де қандай да бір медициналық қарсы көрсетілімдері болса, оларға вакцианция салынбайды», - деді ол.

Атап айтқанда, елімізде 1 наурыздан бастап көктемгі әскерге шақыру науқаны басталған болатын. Бұл ретте спикер осы науқан кезінде әскерге шақырылатындардың денсаулық қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні жайында тоқталды.

«Әскерге шақырылым басталды. Қарулы күштеріне сәуір айында жас сарбаздар келе бастайды. Қазақстан Республикасы Бас санитариялық дәрігерінің Қаулысы бойынша жас сарбаздар келген кезде оларға ПТР тестілеу талабы әлі бар. Сондықтан әскери бөлімдерге келген кезде олардың команда басшыларымен бірге он күн оқшаулау жоспарланып отыр. Сол оқшаулау кезінде бұрын вакцина алмағандарға ПТР тестілерін жүргіземіз. Он күн өткеннен кейін вакцина алмағандарға вакцинация жүргіземіз және де медициналық тексеруден өткіземіз», - деді ол.

Ә. Манабаевтың сөзіне қарағанда, әскери медициналық мекемелер толық жабдықталған. Өйткені олар 2020-2021 жылы короновируспен ауырған науқастарды емдеуге қатысқан болатын.

«Үлкен тәжірибеміз бар. Мысалы, 2020 жылы төрт әскери емдеу мекемесі, яғни Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған және Үшарал қалаларындағы госпитальдер мен лазареттер короновирустан емдеуге жұмылдырылған болатын. Сол кезде COVID-19-дан 1500-дан астам адам емделіп шыққан болатын. Ал 2021 жылы Алматы мен Нұр-Сұлтан госпитальдері қайтадан осы мәселе бойынша көмек көрсетуге тартылған болатын. Бұл кезде біздің әскери бөлімдер 1750-ден астам COVID-19 індетімен ауырған науқастарды емдеуге қатысқан болатын. Сондықтан тәжірибеміз бар. Барлық қажетті медициналық құралдар, антисептиктер, бетперделер бәрі де жеткілікті», - деді ол.

«Әскерлерде басқа да инфекциялық жұқпалы аурулар орын алуы мүмкін. Сондықтан Қорғаныс министрінің нұсқауы бойынша әскерилерге жедел хат жолданды. Онда басқа да тұмау, вирустық инфекциялар, тыныс алу жолдары және минингит сияқты инфекцияларының алдын алу бойынша іс-шараларды күшейту жөнінде талаптар қойылды. Медицина саласы, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бұл мәселелерді өзінің қадағалауында ұстап отыр», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар