«Қазақстан аруы-2019» ұлттық байқауының форматы өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы мамыр айының 2-сі күні елордада «Қазақстан аруы» ұлттық байқауы 22-ші рет өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ағымдағы жылы байқау аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әлеуметтік жоба іске қосылады.

«Оның мақсаты - ел өңірлері бойынша жарнамалық-ағартушылық роликтердің арнайы топтамасын әзірлеу. Егер бұған дейін қыздар жоба үшін визитка жазып, өзі, отбасы жайында ғана әңгімелеп берсе, ағымдағы жылы әрбір қатысушы өздерінің сүйікті қалаларының, өңірлерінің туристік мүмкіншіліктерін таныстырады. Бұл ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді», - деді «Қазақстан аруы» байқауының директоры Алена Ревлина.

Ұйымдастырушылардың дерегіне қарағанда, өз өңірін өзгелерден қызықты әрі үздік таныстырған қатысушы «Туризм аруы-2019» атағымен марапатталатын болады.

Әділ төрелік пен байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық төрешілер ақтық сынға жолдама алатын 5 қатысушыны таңдайды. Ал жеңімпазды қазақстандықтар SMS-дауыс беру арқылы анықтайды. Ұлттық байқау жеңімпазының есімі 2 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында белгілі болады.

Айта кетейік, «Қазақстан аруы-2018» байқауының жеңімпазы Әлфия Ерсайын АҚШ-та өтетін «Әлем аруы-2019» 68-ші жыл сайынғы жаһандық байқауда еліміздің намысын қорғайды.

Соңғы жаңалықтар