Қазақстан армиясы: жаңа стратегия, ұшқышсыз авиация және әскерилерді әлеуметтік қолдау

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге орай соңғы жылдары Қазақстан армиясында қандай өзгерістер орын алды, еліміз бен әлем елдерінің қорғаныс қабілеті қандай, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қандай іс-шаралар қолға алынғаны жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қарулы күштер тарихы

1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президентігің арнайы Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.

Осылайша 1992 жылы 7 мамырда тәуелсіз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Армия құрылымына келер болсақ, оның құрамына Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы және Әскери-теңіз күштері кіреді.

5 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес өткізіп, ардагерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Жиында Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру мен қауіпсіздігін нығайту Қазақстанның мызғымас басымдығы екенін ерекше атап өтті.

Фото: gov.kz

«Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа стратегиялық бөлімшелер мен ұшқышсыз ұшатын авиация

Қазіргі таңда заманауи талаптарды ескере отырып, еліміздің Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері жетілдіріліп, жаңа бөлімшелер құрылып жатыр. Бұл туралы ҚР Қарулы күштер Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Дәурен Абдуллин сәуір айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады. Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік жоспарлауға сәйкес, әскери қауіпсіздік саласы жөніндегі құжаттар қайта әзірленген. Өңірлік қолбасшылық пен десанттық шабуылдау әскерлерінің жауапты аймақтары нақтыланған. Сонымен қатар, шекарашылардың, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушы компоненттерінің дамуымен тығыз байланыста Қарулы күштер саласында стратегиялық бағыттардағы дербес топтар құру жалғасып жатыр.

Фото: ortcom.kz

Фото: gov.kz

ҚР Қарулы күштер Бас штабы өкілі қазіргі таңда бірде-бір қарулы қақтығыс ұшқышсыз ұшатын авиацияны қолданусыз өтпейтінін ескере отырып, осы бағытты дамыту мақсатында Бас штабта Ұшқышсыз авиациялық кешенді дамыту департаменті құрылғанын айтты.

«Осы перспективалық бағытты дамыту мақсатында біздер Бас штабта Ұшқышсыз авиация кешенін дамыту департаментін құрдық. Жедел дайындық шараларына жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарын қатыстыру дәстүрге айналуда», - деді Дәурен Абдуллин.

Фото: gov.kz

Қазақстандағы әскер саны және оның қуаты

Globalfirepower әскери қуат деңгейі бойынша елдер рейтингін жариялады, онда Қазақстан 145 елдің ішінде 63-орында тұр. Ел индексі 1,0873 құрады. Индекс неғұрлым төмен болса, соғұрлым мемлекеттің әскери күші жоғары екенін білдіреді. Рейтинг сарапшылары 60 түрлі факторды ескерген. Нақтырақ айтқанда, қорғаныс шығындарының деңгейін, техника мен жабдықтар арсеналын, армия санын, танк, кеме мен ұшақтардың және басқа да әскери техниканың санын, сондай-ақ армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін ресурстарға, атап айтқанда мұнай, көмірге қолжетімділікті бағалаған. Бұл ретте ядролық қарудың болу факторы ескерілмеген.

Фото: gov.kz

Аталған рейтинг бойынша әскери күші ең жоғары елдер - АҚШ, Ресей және Қытай. Ал ТМД елдерінің ішінде Ресейді қоспағанда, Қазақстан Украина, Әзербайжан, Беларусь және Өзбекстан елдерінен төмен тұр. Ал рейтингте Қазақстаннан төмен тұрған елдер қатарында Түрікменстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова елдері бар. Елімізден жоғары рейтингте тұрған ТМД елдерінің ішінде Ресей әскери қорғанысқа 82,6 млрд доллар, Украина — 30 млрд, Әзербайжан - 3,1 млрд АҚШ долларын жұмсайды. Беларусь пен Өзбекстанда бюджет Қазақстанға қарағанда бірнеше есе төмен: 723,1 млн және 692,5 млн долларды құрайды. Қазір Қазақстан авиациясында Global Firepower сарапшыларының дерегі бойынша, барлығы 237 ұшу аппараты бар.

Қазіргі таңда елдегі әскери қызметшілердің жалпы саны 77 мың адамды құрайды. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде 45 мың адам нақты әскери құрамда, ал 32 мың адам әскерилендірілген құрамаларға жатады. Осы жылдың қаңтар айында мемлекеттік басқару мен қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі - 10,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда бірден 24,1 есе көп. Айта кетейік, 2022 жылдың 12 айындағы көрсеткіш 161 млрд теңгені құраған. Аталған көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп болып отыр. Өңірлік бөліністе осы жылдың қаңтар айында Маңғыстау облысына ең көп инвестиция салынды: 4,6 млрд теңге. Екінші және үшінші орында Абай және Түркістан облыстары: 2,8 млрд және 2,7 млрд теңге.

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау

Мемлекет басшысы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңес отырысында сөйлеген сөзінде әскери атақ үшін төленетін айлық ақы өсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралып жатқанын айтты.

Фото: akorda.kz

«Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келер жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 пайызға артады. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек», - деді Президент.

Фото: gov.kz

Ол әскерде жүрген сарбаздарға әлеуметтік қолдауды көбейту керек екенін де тілге тиек өтті. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Ол сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет екендігін айтты.

«Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады», - деді Президент. - Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», - деді Қ. Тоқаев.

«Отбасы банкінің» мәліметінше,банктің қазіргі бағдарламалары бойынша 13 мыңға жуық әскери қызметші несие алған. Бұл ретте «Жаңа баспана» бағдарламасы бойынша тұрғын үй төлемдерін алушылардың тарифтері қарапайым тұтынушыларға берілетін тарифтерден төмен.

Қазақстанның бітімгершілік миссиясы

Бейбітшілікті сақтау - халықаралық ұжымдық міндет. Қазақстан әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет болып қалыптасты. Қазақстанның бітімгершілік қызметінің тарихы 2000 жылы басталды. Жалпы еліміз бітімгершілік бағытта ауқымды жұмыс атқарып, Қазақстан әскері бітімгерлік миссияларына белсенді түрде қатысып келеді. Бүгінде БҰҰ-ның бітімгер әскері құрамында әлемнің бірқатар бөлігінде міндетін абыроймен атқарып жүр. Мәселен, 2003 жылдан бес жылдай уақыт «ҚАЗБАТ» Ирактағы қақтығыстарда, 2014 жылдан бастап Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Республикасында БҰҰ миссияларына атсалысты, қазақстандық сарбаздар Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге де қатысты. Африка мен Кариб бассейнінің бірқатар елдерінде бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына жәрдемдесу Қазақстанның БҰҰ-мен өзара байланысының жаңа сатысы болды. Бітімгерлікпен айналысу мақсатында 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында (Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуы үшін құрылған) Ливандағы тыныштықты сақтау міндетіне кірісті. Аталған операцияға қатысу Қазақстан Қарулы Күштерін де ширатып, бітімгершілік пен гуманитарлық көмек көрсетуде тәжірибе жинақтауға, әскери бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін тексеруге зор мүмкіндік берді десек болады.

Фото: gov.kz

БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгершілік миссияларымен айналысады. Яғни осы салаға үлес қосқан мемлекеттер арасында 66-орында тұр. Дегенмен, Қазақстан – Орталық Азиядағы бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет.

БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына атсалысу жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бейбітшілік орнатуға және оны сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанның бітімгершілік миссиясы – мемлекеттің сыртқы саясатының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасып, Қазақстан бітімгершілері тәжірибелі жасақ болды.

Фото: gov.kz

Әскери атақтардың реті қандай?

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері сапындағы қызмет ететін азаматтарға әскери мамандығына, қызмет бабына, сіңірген еңбегіне, әскери және арнайы дайындығына, әскери қызмет түріне қарай арнайы әскери атақ беріледі. ҚР Қарулы Күштерінің әскери шені Қазақстан Республикасының «Жалпыға ортақ әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 1993 жылдың 19 қаңтарындағы заңына сәйкес офицерлік және сарбаздық (сержанттық) болып бөлінеді.

Сарбаз атағы өз ішінде екіге, яғни сарбаздар мен матростар және сержанттар мен старшиналар санатына бөліп қарастырылады. Ал офицер атағы үш санатқа: кіші офицерлік, аға офицерлік және жоғары офицерлік құрамға бөлінеді.

Сонымен қатар, әскери шендердің жауынгерлік және кемелік (флот) деп бөлінетінін ұмытпаған абзал. Медициналық және заңгерлік әскери-тіркеу мамандықтарына ие офицерлердің әскери шеніне «медициналық қызметтегі» және «әділет» сөздері қоса аталады.

Ал жоғары офицерлік құрамға жататын авиация саласындағы (ұшқыш, инженерлік, инженерлік-авиациялық білімі бар) әскери шендерге «авиация» сөзі қоса айтылады.

Ал запасқа немесе отставкаға шығып кеткен азаматтардың әскери атағына «запастағы» немесе «отставкадағы» сөзі жазылады.

Сонымен әскери атақтардың ретін сарбаздық, яғни сержанттық құрамнан бастасақ. Бұл құрамның әскери бөлігіндегі рет төменнен жоғарыға санағанда мынадай:

Қатардағы жауынгер – ефрейтор – кіші сержант – сержант – аға сержант – үшінші сыныпты сержант – екінші сыныпты сержант – бірінші сыныпты сержант – штаб-сержант және шебер-сержант. Ал кемедегі құрамда сержанттық атақтың тәртібі мынадай: матрос, аға матрос, екінші сатылы старшина, бірінші сатылы старшина, бас старшина, үшінші сыныпты старшина, екінші сыныпты старшина, бірінші сыныпты старшина, штаб-старшина және шебер-старшина.

Әскери саладағы офицерлік құрамның реті:

Лейтенант – аға лейтенант – капитан – майор – подполковник – полковник – генерал-майор – генерал-лейтенант – генерал-полковник және Армия генералы.

Кеме саласындағы офицерлік құрамның реті: лейтенант, аға лейтенант, капитан-лейтенант, үшінші рангтағы капитан, екінші рангтағы капитан, бірінші рангтағы капитан, контр-адмирал, вице-адмирал, адмирал.


Фото: akorda.kz

Соңғы жаңалықтар