Қазақстан армиясы қандай дрондарды пайдаланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігі жауынгерлік мақсатта пайдаланылатын ұшқышсыз ұшу аппараттарымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Қарулы күштерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді енгізу және дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Ұшқышсыз ұшу аппараттарының пайда болуы әскерлер мен қару-жарақты қолдануда жаңашылық болды. Бүгінде олар қарулы қақтығыстарда да, сондай-ақ іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де кеңінен қолданылады. Қару-жарақтың бұл түрі Қазақстан әскерінде белсенді түрде енгізіліп келеді. Қарулы күштердің Құрлық әскерлері «SkyLark» тактикалық өздігінен ұшатын аппаратпен жабдықталған. Ол 10 шаршы шақырым аумақты бақылауға арналған, базадан 40 шақырым қашықтықта бірнеше жүздеген метр биіктен жердегі адамдарды көруге және суретті оператордың мониторына беруге қабілетті.

Әскери-әуе күштерінің есебінде «WingLoong» барлау-соққы беру кешені бар. Ол әуе барлауын жүргізу міндеттерін ғана орындап қоймай, басқарылатын зымырандар және бомбалармен жоғары дәлдікте соққы беруге де қабілетті», делінген хабарламада.


Ведомствоның мәлімдеуінше, өздігінен ұша алатын аппараттар арнайы инфроқұрылымды талап етпейді. Бұл ретте олар, жауынгерлік тиімділікті айтарлықтай арттырып, авиация жүктесін төмендетеді. Олар мақсатты айқындауға, артиллерия атысын түзетуге, жердегі нысанаға соққы беруге, аса маңызды нысаналар мен олардың элементтерін жедел тереңдікте жою үшін қолданылады.

«Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде ҚР Қарулы Күштерінен ұшқышсыз ұшу апараттарының есептері тартылды. Олардың көмегімен 80-ге жуық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда карантин аймақтарынан тыс жерлерге рұқсатсыз адамдардың және көліктердің шығуы анықталған», делінген хабарламада.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қамтамасыз ету мен пайдалану бойынша мамандарды Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты даярлайды.

Тараз қаласында ұшқышсыз ұшу аппараттарын дайындау және жауынгерлік қолдану орталығы құрылды. Ол жерде операторлар біліктілігін арттырып, нұсқаушыларды оқытады. Сондай-ақ жыл сайын оқу-әдістемелік жиындар да өткізіледі.

«Қазақстандық әскери қызметшілер біліктіліктерін Армия халықаралық ойындары барысында да шыңдай түседі. Қазақстан жыл сайын елімізде өткізілетін «Сұңқар аңшылығы» ұшқышсыз ұшу аппараттарын есептеу сайысының бастамашысы болды. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Қарулы күштерінің командасы сайыста бірінші орынға ие болуы, бұл біздің елімізде қару-жарақтың осы түрін табысты қолдану мен дамуын айқындай түседі», делінген хабарламада.



Соңғы жаңалықтар