Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жолаушылар саны артып келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жолаушылар саны артып келеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында аталған бағдарламаның іске асырылуы жөнінде баяндаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтық авиация саласында биыл көрсеткіштер өсімінің оң қарқыны сақталуда. Қаңтар-қазан айларында әуе көлігімен 6,7 миллион жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға көп. 10 айда еліміздің әуежайлары 12,7 млн адамға қызмет көрсетті. Бұл 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға жоғары», - деді министр.

Оның дерегінше, 2018 жылғы қаңтар-қазан кезеңіндегі транзиттік ұшақ-шақырымы 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4 пайызға өскені байқалады. Биыл қаңтар-қазан айларында транзиттік авиажолаушылар саны 764 442 адамға жетті. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 47 пайызға артық.

«Жыл басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылардың қатысуымен 13 жаңа бағыт ашылды. Олар: Хельсинкіден - Астанаға, Астанадан - Вильнюске, Қазанға, Сочиге, Челябинскке, Краснодарға, Тюменьге, Томскіге. Рига мен Красноярдан - Алматыға, Атыраудан - Франкфуртқа, Мәскеуден - Қызылордаға және Новосібірден - Павлодарға», - деді министр.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта Семей қаласы әуежайының ұшу-қону және жермен жүру жолағын, аэровокзалын реконструкциялау жобасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

«Жұмысты биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге, биыл Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту басталды. 2019 жылы аяқталады»,-  деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар