Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 16-орында - Ұлттық банк

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 16-орында тұр. Бұл жайында Мәжілістегі «Ақжол» фракциясының  депутаттық сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің құрылымындағы алтын көлемі 42,3 пайызға жетті. Бұл тарихи тұрғыдан ең жоғары шама (алтынның ең аз 7,2 пайыз үлесі 2006 жылы байқалды) болып табылады. Құн бойынша бұл көлем 12,9 млрд АҚШ долларын, ал нақты шамада 323 тоннаны құрайды. Дүниежүзілік алтын жөніндегі кеңестің деректері бойынша Қазақстан алтын резервтері бойынша әлемде 16-шы орында», - деп атап өтеді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, алтын көлемі 2011 жылдан бері айтарлықтай өсті. Ол кезде Ұлттық банкке заңнамалық деңгейде отандық өндірушілерден тазартылған алтынды басымдықпен сатып алу құқығы берілген еді.

«Тиісінше, Ұлттық банктің нақты алтынының едәуір көлемі оны геосаяси тәуекелдерден қорғай отырып, Қазақстанның аумағында сақталуда. Нақты алтын депозитке орналастыруға болатын аллокирленбеген алтынға қарағанда кіріс әкелмейтінін атап өтемін», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар