Қазақстан - әлемнің рухани астанасына айналады - Болат Сәрсенбаевтың сұхбаты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне шамамен бір жарым айға жуық уақыт қалды. Бұл айтулы шара дәстүрлі түрде әр үш жыл сайын еліміздің бас шаһарында ұйымдастырылады. Съезд 2021 жылы өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, пандемияға байланысты уақыты кейінге шегеріліп, биылғы қыркүйек айына белгіленді. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі съезге дайындық барысы, ұйымдастырылатын шаралар төңірегінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтан сұхбат алды.

- Болат Серғазыұлы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық қалай жүріп жатыр?

- Қазіргі уақытта съезді жоғары мазмұндық деңгейде өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қатысушылар тізімін бекіту, оның өтетін орнын және институттарды дайындау шаралары пысықталып жатыр. Жоспар бойынша, съездің пленарлық отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Сондай-ақ, Тәуелсіздік сарайында секциялық отырыстар ұйымдастырылады. Ал, бұған дейін, яғни 12 қыркүйекте жұмыс тобы жеке жиналыс өткізеді. 13 қыркүйек күні ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен съезд Хатшылығының XX отырысы өтеді. Яғни, бізде іс жүзінде төрт жұмыс күні болады. Олар: 12, 13, 14, 15 қыркүйек. 11 қыркүйекте қонақтарды күтіп аламыз. Кейін 15 және 16 қыркүйек күндерді сапарын тәмамдаған мәртебелі меймандарды шығарып салу жоспарланған.

- Съезге әлемнің қанша елінен делегация қатысады? Сонымен қатар, қандай діни және халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді?

- Аталған іс-шараға әлемнің 60 елінен 130 делегация басшысы шақырылды. Олардың арасында ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, буддизм, зороастризм, индуизм және басқа да дін өкілдері бар. Съезге беделді саясаткерлер, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, конфессияаралық және мәдениетаралық диалог мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйымдардың басшылары келеді деп күтілуде.

Осы орайда, 2003 жылы өткен алғашқы съезге барлығы 17 делегация қатысқанын атап өткім келеді. Яғни, съездің беделі мен маңыздылығы артып келеді. Бұл - әлемнің ықпалды рухани тұлғалары, шет мемлекеттердің экс-басшылары, халықаралық ұйымдар және әлемдік БАҚ өкілдері жиналатын бірегей алаң екенін атап өткен орынды болар. Биыл ұйымдастырылған көптеген іс-шаралар шетелдік БАҚ-та жарияланады. Сонымен қатар, қыркүйекте өтетін съезге қатысу үшін Қазақстанға 100-ге жуық БАҚ өкілдері келеді. Олардың қатарында Euronews, CNN және Әл-Джазира бар.

VII съезд арқылы еліміз әлемге мемлекет пен қоғам арасындағы толеранттылық, ашықтық, өзара құрмет пен сенім идеяларын насихаттауға мүдделі.

- Съезд барысында Қазақстанға құрметті қонақтардан кімдер келеді?

- Съездің жұмысына Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллдің, сондай-ақ Әл-Азһардың Бас имамы Шейх Ахмад ат-Тайебтің қатысуы ерекше мән береді. Шейх Ахмад ат-Тайеб әлемнің белді дін қызметшілері арасында бас сүнниттік теолог болып саналады. Съезд Хатшылығының басшысы, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының атынан съезге қатысушыларға шақыртуларды жеке өзі табыстады.

Сонымен қатар, маңызды оқиғаның бірі – Рим Папасы Францисктің Қазақстанға жасайтын сапары. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасымен өткен бейнеконференция барысында уағдаласқан. Рим Папасы шараға Ватикан мемлекетінің басшысы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысушы және діни қайраткер ретінде қатысады. Бұған қоса, ол өз дінінің өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. Өздеріңіз білетіндей, біздің елде көптеген католиктер тұрады. Католик шіркеулері барлық облыста бар. Біз сондай-ақ шіркеу басшылары, бас мүфтилер, князьдер, экс-президенттерді қарсы аламыз. Іс-шараға көптеген белді мамандар, сарапшылар қатысады. Осылайша, аталған аралықта Қазақстан - әлемнің рухани астанасына айналады.

- Съездің маңыздылығы мен қажеттілігі туралы түрлі пікірлер бар. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?

- Кейде біреулер: «Бұл қаражат басқа игі істерге жұмсалса жақсы болар еді. Мұндай іс-шараларды неге өткіземіз», - деп сын айтып жатады. Мен бұл пікірлермен толық келісемін. Шынында да, Қазақстанның экономикасын көтерумен, халықтың өмір сүру деңгейін арттырумен айналысатын кез келді. Дегегемен мен аталған екі мәселені салыстыру дұрыс емес деп санаймын. Бұл шараны әлемдік қауымдастық, барлық мемлекеттердің бас рухани тұлғалары қолдайды. Демек, олар мұнда терең мән бар екенін біледі. Съезд көптеген мәселелердің шешімін бейбіт жолмен реттеуді көздейді. Аталған шарада біз ешқашан кездесе бермейтін дін өкілдерін көреміз, олармен пікір алмасамыз. Бұл орайда Қазақстан осы бағыттағы сарапшылардың ортақ тіл табысуына мүмкіндік береді. Менің ойымша, конгрессті өткізудің қажеті жоқ деп санайтын адамдар қатты қателеседі немесе басқа адамдарды адастыруға тырысады.

Осындай маңызды тұлғалардың съезге қатысуы бүкіл әлемде мұндай пікір алмасу алаңының жетіспей отырғанын көрсетеді. Көптеген елдер осындай іс-шараларды ұйымдастыруға тырысуда. Дегенмен олардың ешқайсысы бұл бағытта Қазақстан сияқты жетістікке жете алмады. Бәрінен бас тарту - бұл өзіңізді бөлмеге қамап тастаған сияқты. Тиісінше, Қазақстанның дамуы бәсеңдейді. Біз, керісінше, өзімізге міндет қойып, оларды шешіп, алға ұмтылуымыз қажет. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бұған ықпал етеді. Мәселен, біздің елде 18 ресми конфессияның өкілдері тұрады. Бірде мен діни қызметкермен кездестім. Ол маған: «Құдай бізді әр түрлі етіп жаратқан. Бұл жердегі мән де осында жатыр. Осынысынмен де әлем әдемі», - деді. Сондықтан біз мұнымен мақтануымыз керек.

- Алдағы съезде қандай мәселелер талқыланады? Қандай мақсат-міндеттер қойылып отыр?

- Алдағы съездің тақырыбы 2021 жылы Хатшылықтың XIX отырысында бекітілді. Ол «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбымен өтеді. Пандемиядан кейін біздің көп нәрсеге деген көзқарасымыз өзгерді. Сондай-ақ, бұрын қолданылмаған жаңа сөздер пайда болды. Сондықтан біз қалай өмір сүру, не істеу керектігі туралы мәселелерді талқылағанды жөн көріп отырымыз. Бұл ретте рухани көшбасшылардың рөлі жоғары.

Съездің нәтижесі бойынша қорытынды құжат қабылданады. Оған рухани көшбасылардың нұсқаулықтары мен пайымдары енеді. Дегенмен бұл - мұнда осыдан басқа мәселе талқыланбайды дегенді білдірмейді.

VII съездің секциялық отырыстарында келесі тақырыптарды талқылау жоспарлануда:

1. Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі.

2. Діндер мен мәдениеттерді құрметтеудегі білім мен діни ағартудың рөлі.

3. Діни көшбасшылар мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі.

4. Әйелдердің қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі мен олардың әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі.

- Съезд аясында елордада жаңа мәдени және рухани нысандардың тұсауы кесіледі. Атап айтқанда, «Рухани Жарасым» аллеясы ашылады. Бұдан өзге, келген қонақтардың «Алжир» мемориалды-мұражай кешеніне баруы жоспарланған. Биыл Қазақстан меймандарды бұдан басқа тағы да қандай жаңалықтармен таң қалдырады?

- «Бәйтерек» монументі жанындағы саябақта тақырыптық фотокөрмелер ұйымдастырылады. Онда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бұрынғы алты съезінің тарихына арналған суреттер қойылады.

Сондай-ақ, «Қазмедиа орталығында» әлемдік діндер тақырыбына арналған фотокөрме өтеді.

Тәуелсіздік сарайында балаларды қорғау күніне орай өткізген «Бейбітшілік пен руханият - менің көзіммен» байқауының қорытындысы бойынша іріктелген үздік суреттер қойылады. ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстан аумағындағы дін тарихы» тақырыбына экспозиция ұйымдастырылады.

Бұл жолғы съезд әлемге мемлекет пен қоғам арасындағы толеранттылық, ашықтық, өзара құрмет және сенім идеяларының жарқын үлгісін көрсеткен жылдың басты халықаралық шараларының бірі болады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі Қазақстанның халықаралық деңгейдегі имиджіне серпіліс береді. Съезд бен секциялық отырыстар YouTube-каналында және басқа да әлеуметтік желілерде тікелей көрсетіледі деп жоспарлануда.

- Болат Серғазыұлы, сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар