Қазақстан әлемнің 13 елінде конфессияаралық диалог тақырыбында іс-шаралар өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы «Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстелдер сериясын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған орталық мәліметінше, іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XIX отырысын кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі. Дөңгелек үстелдерге ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері қолдау көрсетеді.

Атап айтқанда осы жылдың тамыз-желтоқсан айларында Армения, Мажарстан, Германия, Үндістан, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Түркия, Чехия және Швейцарияда барлығы 13 дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Іс-шараға хатшылық пен съез мүшелері, жергілікті діни лидерлер, жетекші сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемдік беделді ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, халықаралық ұйымдар және жетекші әлемдік БАҚ өкілдері қатыспақ. Сонымен қатар съез хатшылығының XIX отырысы қарсаңында Мумбайда, Исламабадта, Женевада, Прагада, Эр-Риядта 5 дөңгелек үстел өткізу көзделіп отыр.

«Іс-шараның мақсаты - конфессияаралық даму мәселелері бойынша сараптамалық пікір алмасу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың дінаралық келісімді сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын халықаралық деңгейде, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұжырымдамалық идеяларын ілгерілету», - деп атап өтеді орталықтан.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы М.Әшімбаевтың төрағалығымен съез хатшылығының XIX отырысы өтеді. Ал одан бір күн бұрын Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқармасы төрағасы Болат Сәрсенбаевтың басшылығымен съез хатшылығы жұмыс тобының отырысы ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар