Қазақстан әлемдік туристердің «алтын санатын» қалай қызықтыра алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға келген туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артқан. Мұндай көрсеткішті елордада «Бірлікке барар жолда» атты Жібек жолына қатысушы елдерінің халықаралық форумында тілшілерге «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға көлікпен жетуді барынша оңтайландыруға барынша күш салып жатырмыз. Әлбетте, Қазақстанға туристер ұшып келуі мүмкін, алайда ел ішінде туристер қаладан қалаға қалай жетуі керек? Бізде автобуспен жету мәселесінде мәселе жоқ емес. Туристік автобустардың паркі бүгінгі таңда 90 пайызға тозып тұр. Біздің пойыздар әлі туристік өнім ретінде қалыптаса қойған жоқ. Бүгін біздің форумға келген испаниялық маман темір жол туризмі әлемде біршама сұранысқа ие екенін ерекше атап өтті. Пойызбен бес күндік турдың құны 3 мың еуроға дейін жетеді. Негізінен шетелдіктер осындай сапарды қолай көреді. Міне, біз осы қызығушылықты өз пайдамызға жарата білуіміз керек. Себебі, пойызбен туристердің «алтын санаты», яғни елу жастан асқан адамдар ел аралайды», - деді.

Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, елу жастан асқан туристер - білімді әрі ақшалы кісілер. Міне, нақты осы санаттағы туристер біздің елді аралауды қолай көруі әбден мүмкін.

«Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасын, заңнамалық салада атқарылып жатқан шаруалардың (туризм туралы жаңа заңның дайындалуы - авт.) есебінен келесі жылдың өзінде қандай да бір нәтижелерге қол жеткізерміз деген сенімдемін. Мысалы, Қазақсанда осы жылы келген туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артқан. Бұған қала көшелеріндегі көрініс айқын дәлел. Осы себепті, туризмге деген сеніміміз зор. Қазақстан шикізат елінен туризм саласындағы сапалы қызмет көрсететін елге айналармыз деген үміт бар», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Тимур Дүйсенғалиевтың айтуынша, туристер Қазақстанға зәулім қонақ үйлер мен әуежайларды көруге келмейді. Олар көбінесе айрықша орындарға барғысы келеді.

«Демек, жаңа тәжірибе жинақтағымыз келеді. Әрбір өңірде шынында да айрықша орындар барына толық сенемін. Демек, айрықша орындарымызды өте қызықты етіп көрсете алар ресурстарымызды бағалай алып отырған жоқпыз. Аңызға айналған орындар қаншалық. Қазақстан табиғатымен бай. Сондықтан, әрбір өңірдегі айрықша ерекшелікті інжу-маржанға айналдырып жіберуге әбден болады», - дейді ол.

Тимур Дүйсенғалиев атап өткендей, Қазақстанда туризм саласынан түскен пайда Жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын ғана құрайды. Ендігі мақсат - 2023 жылға дейін бұл түсімді 8 пайызға дейін жеткізу.

«Ауыл шаруашылығының табысы ЖІӨ-нің 5 пайызын құрайды. Ал біз 8 пайызды көздеп отырмыз», - дейді Тимур Дүйсенғалиев.

Еске сала кетсек, елордада «Бірлікке барар жолда» атты Жібек жолына қатысушы елдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар