Қазақстан әлемді ядролық сынақтарға тыйым салуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әлем елдерін ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мен ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-ші конференциясында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

«Жаһандық ядролық қауіпсіздік саласындағы қазіргі ахуал, атап айтқанда, Корей түбегіндегі шиеленіскен дағдарыс үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Мұндай текетірес пен жауласу салдары бірқатар өңірлік елдер үшін де, халықаралық қатынастардың тұтас жүйесі үшін де аса қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты, назарларыңызды Президентіміз Нұрсұлтан Нзарабаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне аударғым келеді. Онда жаһандық ядролық қақтығыстың қаупі мен апатты екені ескертілген. Сол себепті Қазақстан әлемдік қауымдастықтың Ядролық қаруды таратпау туралы шарт режимін нығайту мен Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты күшіне енгізуге бағытталған күш-жігерді арттыруға шақырады. Аталған негізгі келісімдерге әлемнің барлық елдері қосылуы керек деп санаймыз», - деді Қ.Тоқаев. 

Оның айтуынша, барынша қауіпсіз әлемді құру ісі ядролық тежеу доктринасына емес, халықаралық сенім мен ынтымақтастық шараларына негізделуі тиіс. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері осындай әлемдік тәртіпті қалыптастыруда шешуші рөл атқаруы тиіс.

 «Атомды бейбіт түрде пайдалану құқығын МАГАТЭ-нің қатаң бақылауымен барлық мемлекеттердің әділетті іске асыруы жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі мәселенің шешілуі Таяу және Орта Шығыс өңірінде бейбітшілік орнату мүмкіндіктерін арттыра түсті. Төмен байытылған уран банкінің құрылуымен мемлекеттердің атом энергетикасын дамытуға деген талпынысын қанағаттандырарлық кепілді жағдай жасаларына сенімдіміз», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Еске сала кетсек, 25-29 тамыз күндері Қазақстан астанасында ғылым мен жаһандық проблемаларды талқылайтын Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-ші конференциясы өтеді. Онда Пагуош ғалымдар қозғалысының қатысушылары, БҰҰ өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қауіпсіздік саласындағы саяси қайраткерлер мен халықаралық сарапшылар  жаңа ядролық қатерлерге қарсы тұру жөнінде сөз қозғамақ.

Соңғы жаңалықтар