Қазақстан адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелеріне үлкен жауапкершілікпен қарап отыр - Қ. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше мемлекеттер Қазақстанға және Елбасына үлкен сенім мен құрмет көрсетті.

Бұл туралы бүгін Астанада Халықаралық адам құқықтары күніне арналған дөңгелек үстелде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов мәлім етті.

«Қазақстан үшін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып табылады. Бұл туралы Ата Заңымыздың 1 бабында тайға таңба басқандай нақты көрсетілген. Алдымен сіздерге гуманитарлық ғылым саласында «Дала демократиясы» деген атпен белгілі болған феноменді ерекше атап өтіп келеді. Өйткені, халықтың өз тарапынан сайлап алған билік өкілдері өздеріне сеніп тапсырылған өкілеттіктерін іске асырарда әрдайым қарапайым көшпенділердің заңды мүдделері мен құқықтарын ескеріп отырған»,-деп тоқталды депутат еліміздегі өзге елдердің дипломаттарына қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Қ. Сұлтанов Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау мен қорғауға міндеттеме алып, БҰҰ-ның белсенді мүшесі ретінде өзінің адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне үлкен жауапкершілікпен қарап отырғандығын қадап айтты.

«Биылғы 28 қарашада Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі бюросына біруыздан 2015 жылға мүше ретінде сайланғанын естідіңіздер. Осыған орай Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілі 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне кірісетін болады. Бұл еліміздің адам құқықтарын сақтау мен қорғауда және көтермелеуде атқарған жұмыстарына оң баға берген Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше мемлекеттердің Қазақстанға және Елбасына көрсеткен үлкен сенімі мен құрметі деп түсінгеніміз жөн»,-деп түйді депутат.

Дөңгелек үстелген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік елшіліктердің өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар