Қазақстан А деңгейіндегі кредиттік рейтингке кіру үшін не істеу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – PISA және QS білім беру көрсеткіштері бойынша тиісті шаралар жоспарын әзірлеу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «DoingBusiness» рейтингінде және басқа да рейтингтерде Қазақстанның позицияларын жақсарту жөнінде баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егемен кредиттік рейтингтер инвесторлар үшін барынша маңызды фактор болып саналады. Бұл рейтингтерді Standard&Poor’s, Moody’s және Fitch сияқты агенттіктер жасайды. Ағымдағы жылғы тамыз айында аталған рейтингтік агенттіктер өз рейтінгілерін растады. Бұл ретте Moody’s «тұрақты» болжамын «позитивті» болжамына жақсартты», - деді министр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның егемен кредиттік рейтингі бағалаудың «инвестициялық» санатына кіреді. Бірақ тәуекел деңгейі «орташа» деп сипатталады. 2025 жылға қарай елімізге тәуекел деңгейі төмен елдердің санатына ауысу қажет. Бұл - А деңгейіндегі кредиттік рейтинг. Бұл топқа Чили, Жапония, Польша сияқты елдер кіреді.

«Аталған рейтингке қол жеткізу үшін елімізге экономика құрылымын әртараптандыру, банк секторын сауықтыру, бюджет тәртібін күшейту қажет. Нәтижесінде инвесторлар үшін едәуір маңызды жеті жаһандық рейтингтің 132 құрамдауышынан 25 түйінді құрамдауышқа баса назар аудару қажет деп есептейміз. Бұл құрамдауыштар елдің инвестициялық ахуалын қалыптастырады. Әрбір аталған 25 құрамдауышқа тиісті мемлекеттік органдарды бекітуді ұсынамыз»,- деді ол.

Р.Дәленовтің атап өтуінше, Қазақстанның рейтингтердегі позициясын жақсарту бойынша ұсыныстар Тиісті шаралар жоспарларына енгізілуі және олардың орындалуы үнемі бақылануы тиіс.

«Осылайша «Doing Buseness» пен Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтінгісі бойынша қолданыстағы шаралар жоспарын жаңарту қажет. LPI рейтингі, егемен кредиттік рейтингі, сондай-ақ PISA және QS білім беру көрсеткіштері бойынша тиісті шаралар жоспарын әзірлеу қажет. Бекітілген іс-шаралар жоспарын орындау мониторингін Үкіметтің жобалық офисінің жұмысы шеңберінде жүзеге асыру ұсынылады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар