Қазақстан 85 мың тонна бензинді сыртқа сатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан АИ-92 бензинін 60-70 мың тонна, Аи-95 бензинін 10-15 мың тонна көлемінде экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ел алдында есеп беріп жатқан Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, үш бірдей мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғандықтан ішкі нарықтың бензин, дизель және керосинге деген сұранысы отандық өндіріс есебінен 100% қамтылып отыр.

«Бес айдың қорытындысы бойынша, өндіру деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама артты. Мәселен, бензин 13,8%, дизель отыны 13,2%, әуе керосині 298,6 % артық өндірілді. Отандық Аи-92 және Аи-95 бензиндері 20-30% артығымен өндіріліп жатыр.

Соның арқасында АИ-92 бензиніне бөлшек сауда бағасы бір жыл ішінде 6,9 пайызға төмендеді. Яғни бір литрі үшін 147,6 теңге болып тұр. АИ-95 және Аи-96 бензиндерінің бағасы да 3,8 % төмендеп, бір литрі үшін 168,6 теңге болды. Жазғы дизель отынының бағасы 1 %п айызға төмендеп, бір литрі 191,8 теңгеге сатылып жатыр», - дейді Энергетика министрі.

Қанат Бозымбаев мұндай профицит мұнай өңдеу зауыттарының толып кетуіне алып келген.

«Осының арқасында мұнай өңдеу көлемі амалсыздан төмендеді. Ал ол дизель мен әуе керосинінің өндірісіне кері әсер етуі мүмкін еді. Сондықтан, ішкі нарықты бақыланбайтын экспорттан қорғау үшін ашық түсті мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік баж төмендетілді. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тысқары жерлерге бензин экспорты ашылды. АИ-92 бензинін 60-70 мың тонна көлемінде, ал Аи-95 бензинін 10-15 мың тонна көлемінде экспорттауды жоспарлап отырмыз», - дейді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, министр Қазақстан бензинін экспорттау бойынша шетелдік өкілдермен келісімдер жүріп жатқанын атады.

«Біздің Еуразия экономикалық одағындағы әріптестеріміз де бензин экспорттауымызға қызығушылық танытып отыр. Біз олардың алдына нақты талаптар қойдық», - деді министр

Соңғы жаңалықтар