Қазақстан 4 мемлекетке бидай экспортын арттырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан 2019 жылдың қаңтарында 691,8 мың тонна бидай және бидай-қарабидай қоспасын (меслин) экспорттады. Бұл 2018 жылдың осы айындағы көрсеткіштен 35,1% көп. Экспорт көлемі ақшалай эквивалентте 116,7 млн долларды құрап, өткен жылғыдан 52,5% артық болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Осы жылдың бірінші айында қазақстандық бидай экспортының көлемі бойынша мына елдер көш бастап тұр: Өзбекстан Республикасы - 290,7 мың тонна (+27,2%), Тәжікстан Республикасы - 118,4 мың тонна (+73,1%) және Әзербайжан Республикасы (4,7 есеге артқан) - 80,1 мың тонна.

Экспорттық бағыттар тізімінде төртінші орында Түрікменстан тұр. Бұл елге қаңтар айында 52,5 мың тонна бидай жөнелтілген. Ресей Федерациясына қазақстандық бидай экспорты 3,7 есеге артып, 25,9 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ Қырғызстан Республикасына 10,9 мың тонна (10,1% көп), Беларусь Республикасына 0,6 мың тонна (өткен жылдың қаңтары бойынша мәліметтер жоқ) бидай жеткізілді.

Есептік кезеңде бидай мен бидай-қарабидай қоспасы өзге тағы 13 елге экспортталған. Оның жалпы көлемі 112,6 мың тоннаны құрады.

ТМД елдері үшін қазақстандық бидайдың экспорттық бағасы 2019 жылдың қаңтарында 32,7% өссе, әлемнің басқа мемлекеттеріне 7,6% артқан. Жалпы осы жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша бидайдың экспорттық бағасы 24,6% көтерілген.

Асхат Ахметбеков

Соңғы жаңалықтар