Қазақстан 4 айда өңделген тауарлар экспортын 7,3 млрд АҚШ долларына жеткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 4 айда өңделген тауарлар экспортын 7,3 млрд АҚШ долларына жеткізді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8 пайызға өсіп, 39,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60 пайызға артып, 26,5 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 32 пайызға ұлғайып, 7,3 млрд АҚШ долларына дейін жетіп отыр. Тауар импорты 13,2 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы жақсарып, 13,2 млрд АҚШ долларына дейін өсті», - деп атап өтті министр.

Оның дерегінше, өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында өндіріс көлемі 5,3 пайызға өсті.

16 өңір бойынша оң өсім көрсеткіші тіркелді.

Ең жоғарғы өсім Алматы қаласында, сондай-ақ Қостанай, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.

«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,9 пайызға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 22,8, компьютер, электронды және оптика құралдар жасаудың – 17,3, құрылыс материалдары – 5,2, сусындар – 18,3, пластмасса бұйымдары – 11,4, дайын металл бұйымдары – 10,2, фармацевтика өнімдері – 4,7, киім өндірісінің 9,9 пайызға өсуі қамтамасыз етілді. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,3 пайызға ұлғайды», - деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің атап өтуінше, салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,9, газ өндіруде – 6,3, шикі мұнай өндіруде – 4,7, көмір өндіруде – 2,2, металл кендерін өндіруде – 1,9, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 0,2 пайызды құрады.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралып жатыр.


Соңғы жаңалықтар