Қазақстан 300 мың доза Pfizer вакцинасын сатып алады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазір елімізде 1,5 млн доза коронавирусқа қарсы вакцина (QazVac, Sinopharm және Pfizer) бар. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір елімізде коронавирусқа қарсы 1,5 млн доза вакцина бар. Оның ішінде QazVac вакцинасы 180 мыңға жуық доза, Sinopharm 1,2 млн астам және 55 мыңға жуық Pfizer вакцинасы тұр. Бүгінде вакцинация және ревакцинация аясында QazVac пен Sinopharm егіліп жатыр. Ал, Pfizer вакцинасы бұған дейін бірінші компонентті алған азаматтарға салынады. Оларға жасөспірімдер, жүкті және емізулі баласы бар әйелдер жатады», - деді Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, вице-министр қосымша Pfizer вакцинасы сатып алынатыны туралы айтты.

«Бүгінде 300 мың доза Pfizer вакцинасын сатып алуға өтініш берілді. Қазір аталған компаниямен келісім жүріп жатыр. Аталған вакцина әдеттегідей жасөспірімдер, жүкті және емізулі баласы бар әйелдерге егіледі. Басқа санаттағы азаматтар QazVac және Sinopharm вакцинасын салдыра алады», - деді ол.

Бұған дейін бас мемлекеттік санитарлық дәрігер шілде басталғалы 3 қазақстандық коронавирустан қайтыс болғанын мәлім етті.

Одан бөлек, қазір әлемде омикрон штамының өршіп тұрғанын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар