Қазақстан 27 елмен қылмыстық істерге қатысты құжатты бекітті - Сенат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарттың басты мақсаты – күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге арналған процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыруды реттеу.

Ол екі елдің өкілетті органдарына келесі тергеу амалдарын жүргізуге құқық береді: қамауда отырған адамдарды уақытша беру; тінту, заттарды тәркілеу, сараптама жүргізу; жауап алу, ақпарат алмасу және де басқа амалдарды қамтиды.

«Шартта көзделген барлық тергеу әрекеттері біздің Қылмыстық-процестік кодексте бар», - деді ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Берік Асылов.

Шарт бойынша:

- көмек көрсету ел егемендігіне, қауіпсіздігіне, өзге мүдделеріне қауіп төндірсе;

- ұлттық заңнамаға қайшы келсе;

- адамды ұлты, нәсілі, діні және саяси көзқарасы үшін қудалайтын болса, құқықтық көмек көрсетілмейді.

«Осындай шарттар 27 мемлекетпен (Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ) жасалды. Қазір Португалия, Кипр, Доминикан және Аргентина елдерімен қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр басқа мемлекеттерге 163 сұрату бойынша құқықтық көмек көрсеттік. Біздің 185 өтінішімізді шетел органдары орындады. Ұсынып отырған Шарт адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайды. Сол себепті, «Халықаралық шарттар туралы» Заңға сәйкес, Шарт ратификациялауға жатады. Оны ратификациялау теріс экономикалық, саяси және өзге де салдарға әкелмейді», - деді Б. Асылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңдары қабылданды.

2019 жылы Солтүстік Македониямен шарттардың толық пакетіне қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар