Қазақстан 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономиканы терең декарбонизациялау бөлігінде айтар болсақ, Париж келісімінің климат бойынша міндеттемелерін орындау мақсатында Қазақстан 2050 жылға дейін төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі өзінің ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеуі қажет. Бүгінгі күні әлемдік экономиканы декарбонизациялау және климаттық реттеуді қатаңдату тренді байқалады. Мәселен, өткен жылы Еуропалық Одақ 2050 жылға қарай парник газының шығарындыларын нөлге дейін төмендетуді өзінің басты мақсаты деп жариялады. Ол үшін Еуроодақ шығарындылардың деңгейі жоғары елдерден импортталатын өнімдерге «шекаралық көміртегі салығын» әзірлеуге кірісті. Осыған байланысты Еуропа нарығында отандық өнімдердің жоғары бәсекесін сақтау үшін біз шығарындыларды қысқартуға тиіспіз», - деді министр.

Оның айтуынша, министрлік Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті.

«Осы тұжырымдама аясында ел экономикасын декарбонизациялаудың бірқатар сценарийлерін пысықтап жатырмыз. Модельдеу нәтижелерінің негізінде экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан оңтайлы шаралар әзірленеді. Тұжырымдаманы бекіту жұмысын 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар