Қазақстан 2026 жылға қарай шетелдік инвестиция ағынын 25,5 млрд долларға арттырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2026 жылға қарай шетелдік инвестиция ағынын 25,5 млрд долларға арттырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Дүниежүзілік банктің қатысуымен Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Тұжырымдама жобасында көзделген негізгі нысаналы индикаторлар – негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25,1 пайызға дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар ағынын 2026 жылдың өзінде 25,5 млрд АҚШ дейін арттыру», - деді вице-министр тұжырымдама жобасын таныстыра келе.

Оның атап өтуінше, аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін тұжырымдама жобасымен инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешені көзделген. Бұл жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар құрылымын бәсекеге қабілетті, қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына өзгертуге мүмкіндік береді.

«Инвестициялық дамудың негізгі пайымы әрбір саланың экономиканы дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, инвестициялар тартуға теңдестірілген тәсілден тұрады. Өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тиімді драйвері болады. Мұнда еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорт көлемін ұлғайтуға және күрделілігін арттыруға, қайта өңдеудің анағұрлым жоғары өндірісін игеруге, өндірісті кезең кезеңімен оқшаулауға баса назар аударылады.

Бұл ретте мемлекеттік қолдау жеке капиталдың жетіспеушілігі бар, жоғары технологиялы капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру үшін басым көрсетіледі», - деді Тимур Жақсылықов.


Соңғы жаңалықтар