Қазақстан 14 елмен заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен келісімге келмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселесі бүгін Сенатта қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгінде 14 елмен заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі бірлескен келісімді әзірледік. Қазіргі уақытта оның бесеуіне қол қойылды. Олардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь елі бар. Және сегізі біздің контрагенттердің қарауында. Аталған елдердің ішінде көршілеріміз Ресей мен Қытай да бар. Одан бөлек, биыл Армениямен де көші-қон бойынша келісімге келмекпіз. Бүгінде аталған елдер тиісті рәсімдерін өткізіп жатыр», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, аталған келісімдер заңсыз көші-қонның алдын алумен қатар сырттан келетін жұмыс күші көлемін анықтауға ықпалын тигізеді.

«Көрші елдермен қарым-қатынасты заңдастырғанымыз жөн, әсіресе екі алып көршіміз Қытай және Ресей елімен. Бұл елдерден келіп жатқан еңбек мигранттарының жағдайы бәрімізге белгілі. Сондықтан бұл министрліктің басты назарында болатын мәселелердің бірі деп есептеймін», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Айта кетсек, бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында заңсыз көші-қонға қарсы күресте ынтымақтасу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.


Соңғы жаңалықтар