Қазақпен бірге бүкіл түркі әлемі рухани жаңғырып жатыр - түрік ғалымы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Түркия ғалымы Хүлия Касапоглу Ченгел Қазақстандағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүкіл түркі әлеміне әсерін тигізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түрік тіл құрымы ғылыми кеңесінің мүшесі Хүлия Касапоглу Ченгел бауырлас тілдердің терминологиясын біріздендіруге күш салып жатқан Халықаралық түркі академиясының бастамасын жоғары бағалады.

«Халықаралық түркі академиясы - түркі әлемінің орталығы. Шын мәнінде осылай болып отыр. Елдеріңізде «Рухани жаңғыру» деген бағдарлама аясында көптеген істер жасалып жатыр. Терминдерді тәртіпке келтіру бастамасы соның бір парасы ғана. Осының арқасында Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі әлемі жаңғырып жатқандай. Тәуелсіздіктеріңізге 27 жыл болды. Мұны түркі әлемінің тәуелсіздік алған кезеңі деп айтуға болады. 30 жыл бұрын осы қазақстандық ғалымдармен алғаш кездесіп, терминология мәселелерін талқыладық. Ол кезде аудармашылар арқылы сөйлесуші едік. Қазір аудармасыз сөйлесе алатын деңгейге жеттік. Бұл 27 жылдың басты игілігі», - деді профессор.

Түркиялық ғалым түркі әлемін тіл, тарих және әдебиет біріктіретінін атады.

«Ғалым Исмаил Гаспаралының өткен ғасырдың басында айтқан сөздері әлі күнге дейін өзекті. Тарихи мұрамыз ортақ елдерміз. Тіл де, тарих та, әдебиет те ортақ. ХХ ғасырға дейін ортақ әдебиетіміз бар еді. Әліпби ортақ болған кезде біздің ғалымдар аудармасыз-ақ бір- бірін оқып, түсіне алатын еді. Сондықтан бірізді әліпби қалыптастыру мәселесін түбі бір шешуіміз керек. Бірақ мен ортақ тіл дегенге сенбеймін. Ондайды ұсынушылар да бар. Әліпбиіміз ортақ болса да аз жетістік емес», - деді ғалым.

Соңғы жаңалықтар