ҚазАқпараттың 100 жылдық мерейтойына орай құттықтаулар келіп түсуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдық мерейтойына орай құттықтаулар келіп түсуде. Осы орайда олардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігін 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! «ҚазАқпарат» ұжымына жетекші БАҚ-тың жоғары мәртебесін сақтап, одан әрі өркендеп, үлкен шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілейміз!», - деп жазды ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұжымы.

«Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «ҚазАқпарат» ХАА ұжымының зор еңбегін атап өткен.

«Жаңалықтың жаршысы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымын бүгінгі мерейлі күнімен, жүз жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Шежірелі тарихы, қалыптасқан дәстүрі бай ҚазАқпарат агенттігі бүгінде бірнеше тілде жедел хабар тарататын, жүз мыңдаған тұрақты оқырманы бар, беделі биік, бәсі жоғары, абыройы артық ақпарат құралына айналды. Мұнда мықты медиа-менеджер Асқар Құмыран мырза басқарған әріптестердің еңбегі зор екені анық. Бас басылымның бір жас үлкендігі болмаса, Егемен Қазақстан мен «ҚазАқпарат» агенттігінің тарихы да, тағдыры да қатар өрілген. Сол әріптестік сыйластық жалғаса береді деп ойлаймыз. Ғасырлық тойларыңыз құтты болсын, қадірлі әріптестер! Жаңа жүзжылдыққа басқан қадамдарыңызға сәттілік тілейміз!», - деді Д. Қыдырәлі.

Ал Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «ҚазАқпарат» агенттігінің ұжымы ел жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосып келе жатқанын қадап айтты.

«Сіздерді «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! «ҚазАқпарат» — еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді агенттіктің бірі.

Өзінің бір ғасырлық тарихында қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өткен ақпарат құралы әр жылдары әлемдегі түрлі жаңалықтарды, мемлекетіміздің мерейлі сәттерін, ел ішіндегі ерекше жандар мен еңбек адамдарын барынша насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп келеді. Қай кезеңде де уақыт талабына сай еліміздің оң өзгерістерін паш етіп, қарапайым халықтың мәселесіне мән беріп, ел жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосуда. Құрметті журналистер қауымы, ұжым мүшелері! Сіздерді осынау мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!», - деп атап өтті Б. Сапарбаев.

«ҚазАқпарат» ұжымына тілегін Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев те білдірді.

Осы орайда ол өткен жүз жылда агенттікте көптеген атақты журналистер қызмет еткенін, ҚазТАГ ақпараттық бренд болып қалыптасқанын, сондай-ақ журналистиканың ұлттық мектебіне айналғанын атап өтті.

«Бүгінде ҚазАқпарат осы дәстүрдің жалғастырушысы. Әлемге құрметті, сенімді әрі жедел ақпарат агенттігі ретінде танымал. Агенттіктің кәсіби командасы бірқатар тақырыптық және арнайы жобаларды жүзеге асырып жатыр», - деп жазды Т. Қалиев.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев та ҚазАқпарат ұжымын атаулы мерекемен құттықтады.

Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшасында ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Руслан Әлішев арнайы құттықтауын жолдады.

«Достар! Бүгінгі күн тамаша жаңалықпен басталды – еліміздің ірі және бас ақпараттық агенттігі «ҚазАқпаратқа« 100 жыл толды! «ҚазАқпарат» дегенде ойға не келеді? Әрине, ең өзекті және тексерілген жаңалықтар, аналитика, ел имиджі! Сонымен қатар, көптеген адамдар үшін, әсіресе журналистерге, «ҚазАқпарат» жақын серіктес және өмірлік тәлімгер болды! Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметі үшін де «ҚазАқпарат» компаниясы үлкен әрі сенімді дос болып табылады. Өйткені, біздің міндеттеріміз бен миссияларымыз бір – елдің дамуына атсалысу және мықты қоғамды қалыптастыру. Мерейтойларыңыз құтты болсын, әріптестер!», - деп жазды Р. Әлішев.

Өз құттықтауын «Qazalliance» шетелдегі қазақстандықтар альянсы да жолдады.

«Құрметті «ҚазАқпарат« халықаралық ақпарат агенттігі! Сіздерді бүгінгі 100 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақыттағы әрбір игі істеріңіз бен креативті жобаларыңызға сәттілік, ұжым мүшелері мен олардың отбасыларына амандық-саулық, бақ-береке тілейміз. «World Dombyra Festival« жобасы аясында көрсеткен ерекше қолдауларыңыз жоғары бағалай отырып, табысты ынтымақтастығымыз бұдан әрі жалғаса беретініне кәміл сенеміз», - делінген құттықтауда.


Соңғы жаңалықтар