«ҚазАқпараттың» 100 жылдығы сыйлығын Моңғолиядағы қазақтілді портал мен ТАСС агенттігі жеңіп алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Үркер» сыйлығы аясында «ҚазАқпарат» ХАА 100 жылдығына арналған арнаулы сыйлық табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марапат ресейлік «ТАСС» агенттігі мен Моңғолиядағы қазақтілді «Кaznews.mn» порталына берілді.

«Бір ғасырлық тарихы бар «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің негізгі дамуы біздің еліміздің тәуелсіздік алған кезінен басталды. Сол кезде біз халықаралық ақпарат агенттігі атандық. Сонымен, осы арнайы жүлдені біз өзіміздің шетелдік әріптестерге беретін болдық. Екіге бөлетін болдық. Сондықтан, Үркер мүсіншесі мен сертификатты 100 жыл бойы әріптес болған ресейлік ТАСС ақпарат агенттігіне беруді ұйғардық», - деді «ҚазАқпарат» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Умаров «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының марапаттау кешінде.

Сыйлықты ТАСС агенттігінің Қазақстандағы өкілі Дмитрий Караман алды.

«Күтпеген жерден мұндай сыйлық алғанымызға қуаныштымыз. Жеке өзім Қазақстанда бір жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осындай аз уақытта Қазақстан мен үшін жақын әрі ыстық елге айналды. Біздің агенттіктің Қазақстанмен және ҚазАқпарат агенттігімен жылдар бойғы табысты қарым-қатынасы әлі де жалғасын табады деп үміттенемін. Рахмет», - деді Дмитрий Караман.

Тиісінше, 1 миллион теңге ақшалай жүлде Моңғолиядағы қазақтілді «Kaznews» порталына берілді.

«Біздің агенттікте 46 халықаралық серіктесіміз бар. Одан бөлек, былтыр Отандастар қорымен бірігіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет «Шетелдегі қазақтілді БАҚ» жиынын өткіздік. Жақында қауымдастық құрылады. Сонымен осы миллион теңгені шетелдегі қандастарға, Моңғолиядағы жалғыз қазақтілді «Kaznews» порталына тапсыратын болдық», - деді А. Умаров.

Сайттың құрылтайшысы және редакторы Өмірбек Қабайұлы Моңғолиядан келе алмағандықтан, сыйақы оның Қазақстандағы інісіне тапсырылды.

2011 жылы Моңғолияда алғаш рет қазақ тіліндегі www.kaznews.mn вебсайтының іргетасы қаланып, 9 жыл бойы ғаламторда Моңғолия мен осы елдегі қазақтар туралы қазақ тілінде ақпарат таратып келеді. Сайттың құрылтайшысы да, шығарушысы да – Өмірбек Қабайұлы. Сайтқа еш ұйымнан қаржы бөлінбейді, Өмірбек Қабайұлы өз қаражатына шығарып келеді және бұл Моңғолиядағы жалғыз қазақ сайты.

KAZNEWS.MN – Моңғолияның, моңғолия қазақтарының, Баян-Өлгей аймағының ғаламтордағы тынысы бола алды. Бүгінге дейін 3000-ға жуық мақала сайтқа жарияланып, ғаламторда шетелдік қазақ тіліндегі контентті дамытуға үлес қосты. Интернетте Баян-Өлгей, моңғолия қазақтары туралы ілмектер іздеу жүйесінде жоғары орын алды. Шетелде қазақ тілінің дамуына үлес қосу, қазақ тілінде жаңалықтар таратып, мақалалар жариялау басты мақсаты болды.




Соңғы жаңалықтар