ҚазАқпаратқа – 100 жыл: Валентина Есімбекова агенттікке қалай келгенін айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл «ҚазАқпарат» агенттігінің құрылғанына 100 жыл толды. Осы айтулы датаға байланысты агенттікте көп жыл қызмет еткен ардагерлерден естелік жариялауды жөн көрдік.Біздің сауалымызға бүгін ҚазТАГ-тың (қазіргі ҚазАқпарат) корреспонденттік желісінің бұрынғы меңгерушісі Валентина Есімбекова жауап берді.

- Сіз ҚазАқпаратқа 25 жыл ғұмырыңызды арнапсыз. Алдымен корректор болып жұмысқа тұрған екенсіз. Одан кейін көп жылдар бойы тілшілер желісінің меңгерушісі қызметін атқардыңыз. Өзіңіз Украина жақтың тумасы екенсіз. Қазақстанға қалай келдіңіз?

- Алматыға 1975 жылы келдім. Мен 3 айда қаланы түгел жаяу аралап шықтым. Себебі ол кезде орыс тілі мұғалімі лауазымына жұмысқа тұрмақ болып, бүкіл қаланы аралап шыққам. Жолдасым Маратты әскерге шақырды. Ал мен пәтер ақысын төлеп, тірлік етуім керек болды. Барлық мектептер, техникумдарды білетінмін. Балабақшада орын табылмады. Осылайша не істерімді білмей табанымнан тозып, Достық көшесімен төмен түсіп келе жатып бір орындыққа жайғасып көз жасыма ерік бердім. Сосын көшенің бойындағы «Ленсмена» редакциясының директорына ашумен кіріп бардым. Мені көріп есі шығып кеткен ер адамға бәрін айтып бердім. Сосын ол бір мекенжайды меңзеді. Сол мекенжайға барғанымда мені Нұрмахан Оразбеков қарсы алды. «Ленсменадан» келдің бе деп сұрады. Иә дедім. Сосын бір кабинетке кірген соң кадр бөлімі маған корректор лауазымын ұсынып, сары парақты тексеруге берді. Ары қарап бері қарап географиялық атаудан қате таптым. Ол белді журналистің баспаға кетіп бара жатқан ақпараты еді. Бүкіл редакция тік көтеріліп қатені жөндеуге кетті. Осылайша мен редакцияда корректор болып қалдым.


- Сіз ақпарат агенттігінің маңызды бөлімін басқардыңыз. Сол уақыттағы жұмыстың қиындығы қандай болды?

Мен басты шығарылымда 8 жыл корректор болып істеппін. Кейін өзімнің Қазақстан Коммунистік партиясының барлық бюроларын, басшыларын, инициалдарын жаттап алғанымды сезіндім.

Министрлер кеңесін, Республиканың басшылық құрамын, 19 облыстың басшылығын түнде оятса тақылдап айтып беретін болдым.

ҚазТАГ ол кезде жаңалықтардың барлығын республикалық газеттерге жіберетін. Қателік болса, басың кетеді. Қателіктен қатты қорқатынбыз.

Кейін Аркадий Давыдович мені түрлі қызмет басшыларының орнына ауысымға қоя бастады.

Тілшілер желісінің редактор-хатшысының орны босағанда басшылық мені соған ауыстырды.

Әр облысқа ҚазТАГ тілшісі тағайындалатын. Ол адамға пәтер, көлік, барлық жағдай жасалатын.

Мен осы лауазымға келгенде тек облыстан келген телетайпты қабылдап, редакцияларға таратамын деп қана ойладым. Сонда Белоцерковский маған облыстық тілшілерден талап ететін боласың деді. Мен өмірімде олармен сөйлесіп көрмегенмін, талап ету деген мүлде қолымнан келмеді. Сонда тілшілердің достарымен, әйелдерімен достаса бастадым. Демалатын жерлерінің телефонын алдым. Маған үнемі байланыста болу керек болды. Қазір жаңа туған нәрестенің өзі телефонды шыр айналдыратын заманда бұл күлкілі естілетін шығар. Бірақ мен сол кезде кез келген уақытта, кез келген адаммен байланыста болуым керек болды. Бірақ мен сол талап етуді үйрене алмай-ақ кеттім.

- Сіз бірнеше жыл қатарынан облыстық арнайы тілшілердің бас офиспен байланыстыратын дәнекер қызметін атқардыңыз. Осы тәжірибеңізді ескере отырып, қазіргі ҚазАқпаратқа қандай кеңес берер едіңіз?

1975 жылы мен келгенде ардагерлер айтып отыратын. Соғыстан кейінгі уақытта жаңалықтарды машинкаға 7 дана етіп басып шығып ескі алаңға, Көк базарға, Горький паркіне, Тастаққа апарып іледі екен.

Кешке ол тақтайшаларды жинап, ертеңгі жаңалық ілуге дайындайды екен. Одан кейін жарты этажға созылған мониторы кішкентай үлкен процессор біздің көз алдымызда құрылды. Сол кезде біз үшін үлкен прогресс болатын. Кеудемізді мақтаныш кернейтін. Қазіргімен салыстырғанда бұл күлкілі нәрсе. Бар-жоғы жарты ғасырда технологиялық төңкеріс болды.

- ҚазАқпараттың 100 жылдығы осы агенттікпен байланысты адамдардың естелігін жариялаудың басты себебі. Осы орайда агенттікке еңбегі сіңген тағы қандай азаматтарды айтқыңыз келеді?

Агенттік ұжымы ерен еңбек сіңірді. Мен бұл жерде 2-3 ауысымда істеген жүргізушілердің, парақтың артынан парақ шығарған телеграфист қыздардың, әр ақпарат үшін жауапты болған редакторлардың еңбегін ерекше атағым келеді. Қазір де ҚазАқпараттың лентасын қарап отырамын. Оперативтілік пен жылдамдық біздің агенттіктің жұмысының маңызын көрсетеді. Қазір ақпаратты дер кезінде алып жатсақ, ол өзінен өзі болуы тиіс нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ, оның артында корреспонденттер мен редакторлардың үлкен жұмысы жатқанын түсіне бермейді.


Соңғы жаңалықтар