«ҚазАқпаратқа» - 100 жыл: Қазақстандағы алғашқы латынша сайт қалай ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау және оның қолданыс аясын арттыру ісінде ақпарат құралдарының алар орны айрықша екені белгілі. Бұл ретте, әсіресе, мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарының ел тәуелсіздігінен бұрын да, одан кейін де атқарып отырған қызметтерінің маңыздылығын ерекше атап өтпеске болмайды. Сонау ұлт тілінің дамуына әртүрлі тосқауылдар қойылған кеңестік қытымыр заманның өзінде де отаршылдық саясаттың қатаң бақылауынан айналып өтіп, қалың жұртшылықтың санасын серпілтуге, тілі мен ділін сақтауға, төл тарихын білуге қолдан келген көмегін аямаған, неше қилы журналистік тәсілдерді қолдана отырып, елдің көңілін мазалап жүрген талай сұрақтарға жауап беруді мақсат тұтқан жампоздар да – дәл сол қазақ тілді ақпарат құралдары еді.

Тәуелсіздік дәуірі басталғалы бері ұлт пен тіл мүддесі жолындағы күрестің жаңа кезеңіне аяқ бастық. Тіл мәселелерін айту арқылы ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын, елдің шынайы құндылықтарын толғай ашып, бүркемеленіп келген тарихымыздың ақтаңдақтарын тереңнен қозғайтын ақпарат құралдары дүниеге келді. Солардың еселі еңбектерінің арқасында ана тіліміздің сөне бастаған рухы қайта серпілді. Қазақ мектептерінің саны еселеп артты. Мемлекеттік тілге сусындап өскен жас ұрпақтың күннен күнге көбейіп отырғандығының бір белгісі ретінде – соңғы жылдарда жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсыратын оқушылардың 75-80 пайызының қазақ тілді мектеп түлектері болып отырғандығының өзін тілге тиек етсек те жеткілікті...

Осы ретте өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдары белсене қозғаған маңызды тақырыптардың бірі – бүгінгі күндері Елбасы Н. Назарбаевтың арнайы Жарлығымен мақсатты түрде жүзеге аса бастаған «қазақ тілі әліпбиін латын графикасына ауыстыру» мәселесі болғанын да айтар едік.

Бұл тақырыптағы ілкі мақала «Латын әліпбиінің болашағы зор» деген атпен 1991 жылғы 24 қаңтар күні «Ана тілі» газетінде жарияланды. Онда мақала авторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдар қазақ тілді кирил жазуын латын әрпімен алмастырудың ғылыми негіздерін алғаш рет дәйектеді. Кейіннен бұл тақырып Ә. Қайдардың Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың атына жазылған «Кемел елге, кемел әліпби керек» атты ашық хат түріндегі мақаласына ұласып («Ана тілі» газеті, 1993 жылғы 30 желтоқсан), қазақ-латын әліпбиінің ілкі жобасы алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл жоба 1993 жылғы наурыздың 8-10-ы аралығында және тамыз айында Анкарада өткен алты мемлекеттің (Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан) түрк тілдеріне қолайлы да ортақ бола алатын латын әліпбиін талқылауға қатысты бас қосуларда қабылданған 34 әріптің негізінде жасалынған еді. Түркияда өткен сол жиындардың нәтижесінде, әр елден қатысқан көрнекті ғалымдар: «34 әріптен тұратын бұл әліпби түрк халықтарының бәріне ортақ, оны әр ұлт өзінің тілдік ерекшеліктеріне орай қажетінше өзгерте алады», – деген келісімге уағдаласып, оған Қазақстан атынан академик Ә. Қайдардың өзі қол қойған-ды. Академиктің Елбасының атына жазған сол мақала-хатының соңында берілген 27 әріптен тұратын әліпби де бар түркке ортақ әріптер негізінде қазақ тіліндегі барлық ерекшеліктер ескеріле отырып жүйеленген таңбаларға саятын.

Сол кездерден Елбасының ерекше назары ауған, әсіресе соңғы жылдардағы сөздері мен жолдауларында тілге тиек болып, өзінің қолайлы, орайлы сәтін күтіп жүрген бұл мәселе – ақырында 2017 жылдың 26 қазаны күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығымен тамаша қорытындыланды. Халқымыздың қуатты қолдауына ие болып, қалың жұртшылық тарапынан кеңінен талқыланған латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына өзгеріс енгізу туралы 2018 жылдың 18 ақпаны күні қосымша жаңа редакцияның қабылдануы да, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің болашағы жарқын, ғалымдар мен мамандар тарапынан баршаның көңілінен шығатын түбегейлі нұсқа жүйелену үстінде екенін көрсетеді.

Сөз жоқ, латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін аса маңызды өркениетті шешім. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілгендей, «латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманға технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты». Бұл шешім, сонымен бірге, қазақ тілінің өз ерекшелігіне сай дыбысталу жүйесін қалпына келтіру, табиғи таза қалпын сақтау, басы артық жат әріптерден арылу, тіліміздің үндестігіне сай дұрыс емле жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақ тілінің халықаралық білім мен ақпарат кеңістігіне кірігуіне, түбі бір түрк дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуге жол ашады...

***

Осы ретте «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы (қазіргі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі) қазақ редакциясының 2004 жылдың сәуір айының өзінде мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды елімізде тұңғыш рет латын әрпімен таратуды қалай жүзеге асырғаны туралы сөз еткіміз келеді.

Бұл идеяның әуелде өмірге келуіне – атажұрттың әр хабарына сусап, ынтығып отырған шет елдердегі қандастарымызға Қазақстан жаңалықтарын қалай жеткізсек екен деген жанашырлық мүдде түрткі болған-ды. Сырттағы қазақтардың көбі, әсіресе Қытайдағы қалың қазақ төте араб жазуын, ал Еуропа, Түркиядағы қандастарымыз латыншаны пайдаланатындықтан, біз қолданып жүрген кирил әрпін танымайды. Іргедегі Өзбекстан да бірден латыншаға көшіп кеткендіктен, ол елдегі қазақтың кейінгі толқыны өз-өзінен латын әрпінде сауат аша бастады. Демек, шеттегі қандастарымыз үшін Қазақстан хабарларын агенттік сайты арқылы латын әрпінде жеткізіп тұру тиімді болатыны анық. Осы мақсатпен агенттіктің компьютерлік технология мамандарына қазақ тіліндегі жаңалықтарды автоматты түрде тікелей латыншаға ауыстыратын бағдарлама жасауға тапсырыс беріліп, ол сынақтан өтіп, кем-кетік жерлері түзетілгеннен кейін, 2004 жылғы сәуірдің 14-інен бастап, латынша сайтымыз толыққанды іске қосылып кеткен еді.

Енді қай латыншаны таңдадық дегенге келсек, біз бұл ретте жоғарыда тілге тиек етілген, әуелі «Ана тілі», кейіннен «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланып, Елбасы назарына ұсынылған академик Ә.Қайдардың жобасын, бір-екі әрпіне ғана өзгеріс енгізе отырып, негізге алғанды жөн көрдік. Сол кезде Түркияда осы әліпбимен Жамбылдың жырлары басылған екен, оқығанға ауырлық тудыра қоймайтыны аңғарылды. Және сол нұсқаның жеңілдігін бүгінгі күнге дейін «ҚазАқпарат» сайтында латынша шығып тұратын сайттан да байқау қиынға соқпайды. Агенттіктің бұл латыншасы қазіргі кезде мамандар арасында «ҚазАқпараттық нұсқа» деген атпен белгілі.

«ҚазАқпараттың» латынша сайты дүниеге келісімен бұл бастама көпшіліктің зор қолдауына ие болды. Ол қазақ тілді сайт оқырмандары санын күрт арттырды. Ақпарат құралдары айтулы жаңалықты: «ҚазАқпарат» мемлекеттік тілдегі хабарларды интернет желісінде латын жазуымен шығаруды қолға алды», «ҚазАқпарат» хабарларын латын әрпімен тарата бастады», «ҚазАқпарат» сірескен сеңді бұзды» деген тақырыптармен сүйіншілеп жатты. Басылым беттерінде бұл бастама – «шеттегі 5 миллионға жуық қазаққа жасалған зор құрмет», «мемлекеттік тіл аясын кеңейтуге мол үлес қосатын жоба», «келешек – латын әліпбиінде, интернет жүйесінде қазақ тіліндегі хабарлардың әлемге ортақ әріппен таралуы, сөз жоқ, сырттағы қазақтар үшін үлкен жәрдем», «бұл әлем қазақтары ғана емес, ортақ тіл мен ортақ түсініктегі түрк тілдес бауырларымыз үшін де қажетті бастама, латын әліпбиі олардың қазақшаны үйренуіне де молынан жәрдем берері анық», деп жоғары бағалап жатты.

Мәселен, қазақтың қоғамдық ойы мен руханиятында өз орны бар Әлихан Бәймен мырза: «ҚазАқпарат» агенттігінің қазақша хабарларды латын жазуымен тарата бастауы – оның мемлекеттік тіл саясатына көрсетіп отырған үлкен қолдауы», – деп атап көрсетті. – Тәуелсіздік алғанына 12 жылдан асып, әлемдік қауымдастыққа таныла бастаған біздің мемлекетіміздің Қазақстан деген атауын дүние жүзі басқаша, яғни қате, оның орыс тіліндегі дыбысталуымен, «Kazakhstan», яғни «Казахстан» деп оқиды. Ол әрине орыс тілінен алынған атау. Ал бұл өзімізше дұрыстаған қалпымыз. Әйтпесе, әу баста әлемге өз елімізді мүлде басқаша атпен танытып, «Kazakstan» деп те жазған кезіміз де болған. Біз казах та, казак та емес, қазақпыз ғой. Міне осы мәселе, қабырғамызға батып жүргенде, Қазақ ақпарат агенттігі сол олқылықты тұңғыш рет қалпына келтірді. «Қазақстан» сөзіндегі «Қ» қарпін латыншамен жазғанда «Q» қарпімен өрнектеп, «Qazaqstan» деп жазды. Демек, латын жазуының салмағын білетін әлем жұртшылығы ендігі жерде «ҚазАқпараттың» үлгісімен, Қазақстанның атауын дұрыс айтып жазатын болады. Енді «ҚазАқпараттың» бұл бастамасын еліміздегі басқа да қоғамдық ұйымдары мен ақпарат құралдары көтеріп, одан әрі дамытса құба-құп», – деді ол баспасөз бетінде білдірген пікірінде.

Сондай-ақ бұл жобаны аса зор қуанышпен қабылдап, бірден жүрекжарды лебізін білдірген адамның бірі – шеттегі қазақтар арасындағы көрнекті тұлға, талай жыл Еуропадағы «Азаттық» радиосы қазақ бөлімінің басшысы қызметін атқарған қаламгер Хасан Өралтай ақсақал болған еді. Ол кісі сонау Германияның Мюнхен қаласынан ҚазАқпарат агенттігі қазақ редакциясының жетекшісіне, яғни осы жолдардың авторына электрон пошта арқылы латыншамен жіберген хатында: «Үлкен істі бастап отырсыздар, сырттағы орыс қарпін танымайтын ел Қазақстанның жаңалығын біле алмай қиналушы еді, ғанибет болды. Латын қарпі болашақта дүйім түрк жұрттарының бірлігіне, ынтымақтастығына қызмет етуі тиіс. Сол жолдағы қадамдарыңызға сәттілік тілеймін», – деп алғысын білдірді.


Біз де өз атымыздан ол кісінің жедел пікір жолдағанына рақмет айтып, жауап хат жаздық. «Сіз сияқты ірі тұлғалардың біздің бастамамызға қолдау жасағанына ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің «Елім-айлап өткен өмір» атты кітабыңызды қызыға оқыдық. Көп нәрсені байқағыштыңызға, туындыңыздың желісін оқырманды жалықтырмайтындай етіп өре білетініңізге, ұлтыңыз үшін отқа түсетін ерлігіңізге, кісілік келбетіңізге риза болдық... Әлем қазақтарының тілін, ділін, дәстүрін ұмытпай, біртұтас халық болып өмір сүргені – бәріміздің арманымыз. Біз де сол ұлы мақсат жолындағы күреске өз үлесімізді қосуға ұмтылудамыз», деген тілегімізді білдірдік.

Бір қызық жайт, біз бұл хатымызды әуелі өзіміз қолданып жүрген кирил әрпімен жіберген едік. Ертеңіне Хасекеңнен хабар келіп тұр. «Жіберген хаттарыңызды еш аша алмадым, әріптер танылмайды», депті. Сол хатымызды дереу латын­шаға айналдырып, қайта жіберген едік, іле-шала «енді оқылды» деген хабар жетті. Артынша біздің тарапымыздан Өзі жөнінде айтылған пікірлерге ри­за­шылығын білдірген жауап келді

Хатыңызды алып қуандым. Елден келген, қазақтық сана-сенім аңқыған дүниелер мені ылғи да қуантады. Рақмет! – деп бастапты хатын Хасекең. – Сізді сыртыңыздан жақсы білемін. Сіз ашқан «Ана тілі» газетінің алғаш саны шыға бастаған кездегі (Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрған шақтағы) нөмірлерін біз «Азаттық» радиосында: «Қазақ тілі енді қатарға қосылар» деп ерекше үміттеніп, газеттің әр нөмірі жөнінде радиода арнайы бағдарлама беріп, оны дәріптеп таныстырушы едік. Тәуелсіздіктің алдында Алматыға барғанымда (1991 жылдың көктемінде), жігіттер маған газеттің коллекциясын сыйлаған-ды...

Латын әрпімен хабар таратуға кірісулеріңіз, иншалла, игілікті істің бастамасы және күнделікті, апталық газеттер мен жұрналдарға да үлгі болар деп үміттенеміз. Латын әрпімен шыққан кітаптарды да көрерміз. Өзіңіз де жақсы білетіндей, бұл латын әрпі орыстануға қарсы жақсы қорған және ұлттық ақша, тағы басқалар сияқты Ресей жақтағы шекара күзетшісі...

Бұл бастамаға еңбегі сіңген барлық қазақтық қаны, ұлттық сана-сезімі бар бар туыстарды құттықтаймын. Аналарыңның ақ сүті – ана тілдеріңді ардақтаңдар, аяқ асты жағдайдан құтқарыңдар, деген тілек білдіремін, – деп ағынан жарылды.

Хасен ақсақал бұдан кейін де бізбен тығыз қарым-қатынаста болып, өзінің мақалаларын жіберіп тұрды. Қазақстанның ақпарат құралдарында ҚазАқпараттың латынша сайты жөнінде жылы лебіздерін білдіріп жүрді. Мәселен, 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан мақаласында ол былай деп жазды.

Бабалардан жеткен «ауру қалса да, әдет қал­майды» деген мәтелдің орынды айтылғанын өз өмір­імде күнде көріп отырамын. Ұзақ жылдар бойы ра­дио­да істеп, хабар таратқан және оны басқарған кезімде күндіз-түні әлемдегі барлық басты ақпарат агенттіктерін қадағалап, олар жариялаған хабар-мәлі­меттерді салыстыра отырып іріктейтін жұмыс бабы үйреншікті әдетке айналыпты. Жетпістің орта­сынан өтіп, сексенге өрлеген қазіргі зейнет дема­лысымдағы өмірімде де күн сайын интернеттің басынан тұрмай, бейне бұрынғы жұмыстағы кезім­дегідей ақпарат агенттіктері хабарларын, баспасөзде жазылғандарды қадағалап оқимын. Мәсе­лен, ағылшын тіліндегі басты ақпарат агенттіктерді қысқаша шолып өткеннен кейін, Түркияға ауысамын. Оны бітіргеннен кейін Қазақстанға өтемін. Сонда бірінші қарайтыным – «ҚазАқпараттың» латынша сайты. Сол арқылы атамекенде болып жатқан қыруар жаңалықтарды көп ұзатпастан, жедел түрде біліп отырамын. Туған ел тынысынан жан-жақты хабар алудан кемістік көрмеймін.

Алайда, соның өзі, сырттағы біздер үшін аздық ететі­нін де айтқым келеді. Шынын айтқанда, интернет әлемінде шет елдерде тұратын біздер аңсап жүріп іздеп оқитын қазақшаның ауқымы өте тар болып тұр. Сырттағы біздер орысша білмейміз. Әрі алыс шетелдерде өмір сүретін қазақтардың бәрі дерлік Қазақстандағы қазіргі кирилше қаріппен жазыл­ғандарды оқи алмайды. Сондықтан да осыдан бірне­ше жыл бұрын «ҚазАқпарат» қазақ тіліндегі хабар­ларды латын әріптерімен де тарата бастағанда, қуа­нышым қойныма сыймай, «ҚазАқпарат» қазақ тілін­дегі хабарларды латынша тарата бастады деп жан-жақ­қа жар салдым, «ҚазАқпарат» басшылығына құт­тықтау хат жолдадым. Ол хатыма агенттіктің қазақ редакциясын басқаратын Жарылқап Бейсенбайұлы жауап қайырған-ды. Кейіннен бір-екі мақалам да жарық көрді.

Содан бері шеттегі біздер, енді Қазақстан қашан «орыс әрпі» кириллшеден латыншаға өтер екен, қашан Қазақстанның қазақ тіліндегі газет-жұрнал­дарын латын әріптерімен оқыр екенбіз, қашан Қазақстан отаршылдық өктемдік кезінде еріктен тыс бой­сұндырылған жағдайдан құтылар екен деп армандаумен келеміз. Ол дәме-арманымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбай мырзаның осыдан бірнеше жыл бұрын латын әрпіне көшу туралы мәселені көтергеннен кейін тіптен күшейе түсті. Бірақ ол да бер жағындағы атқарушы орындардың, он бес жылдан астам уақыт бұрын: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, пәленбай жылдан бастап Қазақстанда барлық іс қағаздары қазақша болады», – деп жариялаған заң-қаулылары сияқты іске аспай, сөз жүзінде қала бермесе екен, дейміз.

1991 жылдың маусым айынан бастап, 1997 жылға дейін жұмыс бабымен Қазақстанға 12 рет бардым. Ол кезде Алматыда қазақ тіліндегі газет-журналдар әр дүңгіршектен табыла беретін-ді. Арада 7-8 жыл өткеннен кейін 2005 жылы және биыл (2007 жылдың сәуір айында) Қазақстанға барғанымда, Алматыда қазақ тілінде газет-жұрнал таба алмадым. Қазақша газет іздеп арнайы түрде Алматы әуежайына да бардым. Қасыма орысша білетін кісілерді ертіп жүріп іздедім. Жоқ! 2005 жылы Қазақстанға барғанда, отарбамен (пойызбен) Алматыдан Түркістанға және Алматыдан Астанаға соғып қайттым. Жолда бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрған қазақтарды әңгімеге тартып: «Қазақтың қазақпен орысша сөйлесуі ұят емес пе?», дедім. Соған байланысты оларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбайдың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген орынды сөзін ескерттім. Оған олар: «Алдымен Парламенттегі қазақ депутаттар және қазақ министрлер қазақша сөйлесіп, елге үлгі болсын...», деп жауап қайырды.

Ел болып өмір сүрудің түйіні – ана тілі екені даусыз.

«ҚазАқпараттың» латын әріптерімен хабар таратуы өте дұрыс бағыт-бастама болды. Елбасы мәселе көтергеннен кейін, қазір қазақ латыншасына өтудің тиімді жолдары, ұтымды қаріптер жүйесі таңдалып жатқанынан хабардармын. Меніңше, елдің көзі үйрене беру үшін, осыған дейін ғалымдар мен мамандар сұрыптап үлгерген латынша қаріп түрін қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың біртіндеп пайдалана бергені де дұрыс сияқты көрінеді. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газеті әр күні бір бетін латын әріптерімен шығарса, басқаларға үлгі болумен қатар, тарих алдында да үлкен бедел иеленер еді, деп ойлаймын (Егемен Қазақстан. 2007-11-06).

Қазақ ақпарат агенттігінің 2004 жылдан басталған латын әрпіндегі сайт ашу бастамасын, көп ұзамай-ақ еліміздің басқа да ақпарат құралдары қолдап әкеткені мәлім. Бүгіндері біршама сайттардың латынша қосымшаларымен шығып отырғаны, соның дәлелі. Бұл бір жағынан, оқырман тарапынан осы әліпбимен ақпарат алу сұранысы әуелден бар екенін байқатса да керек.

Яки, Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы да қазіргі замандағы әлемдік даму үдерістерінің талабына сай дер кезінде қолға алынған, елімізді кемел болашаққа қол созуға ұмтылдыратын жарқын бағдарлама. Сол Жарлыққа сәйкес, қазіргі кезде қазақ әліпбиінің латын таңбасындағы бірыңғай стандартты нұсқасын түбегейлі жүйелеу, жаңа емле ережелерін қалыптастыру, латын әліпбиіне үйрететін мамандар мен мектеп оқулықтарын дайындауға кірісу жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынып атқарылып жатыр. Елімізде 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді басылымдар, оқу құралдары, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастау жүзеге аспақ.

Ал Қазақ ақпарат агенттігі және оның бастамасына үн қосқан басқа да ақпарат құралдарының мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыру, әлем қазақтарына атажұрт тынысынан жан-жақты хабардар ету мақсатын көздей, әлденеше жылдар бұрын латынша сайттар ашқанын – бүгінгі күндері еліміздің саяси, қоғамдық өміріндегі тарихи оқиғаға айналып отырған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасы Жарлығына дейінгі дайындықтың бір парасы ретінде қабылдар едік.

***

«ҚазАқпараттың» мемлекеттік тіл аясын кеңіту мүддесін көздеген сол бастамасының латынша жобадан кейін де өзінің сабақтас жалғасын тапқаны белгілі. 2009 жылдың қазан айынан бастап, ұлттық агенттіктің қазақ тіліндегі материалдары төте араб жазуымен де таратыла бастады. Қытайдағы 2 миллионға жуық қазақты атажұртпен аңсата қауыштырған бұл бастама да өз мақсатына жетті. «ҚазАқпараттың» ана тіліндегі оқырмандар санын күрт арттырған төте жазу жобасы, соңыра одан әрі дамытылып, төте жазумен шығатын «Қазақ руханияты» атты әдеби, мәдени, елтану порталын ашуға ұласты.

Порталдың «Қазақ тарихы» айдарында қазақ тарихының ғылыми негізделген ықшам тараулары, өткенімізге қатысты тартымды мақалалар беріледі. «Әдебиет және өнер» айдарында қазақ әдебиеті мен өнерінің мәселелері, белгілі қаламгерлер мен өнер иелері туралы мақалалар, олармен өткізілген сұхбаттар ұсынылады. «Ұлттық салт-дәстүрлер» айдарында халқымыздың бай әдет-ғұрыптарына байланысты мәліметтер назарға тартылады..«Ата-тек шежіресі» айдарында қазақ шежіресінің тиянақты сараптаудан өткен нұсқалары жарияланады. Сондай-ақ «Әңгіме әлемі» (Қазақ әңгімелерінің антологиясы) айдарында қазақ прозашыларының таңдаулы әңгімелері іріктеліп әзірленеді. Қазірдің өзінде онда 60-тай жазушының 300-ге жуық әңгімесі орналастырылған. «Жеті ғасырдың жыр желкені» (Қазақ поэзиясының антологиясы) айдарында Қазтуған жыраудан бүгінгі күн ақындарына дейінгі жеті ғасыр аралығында дүниеге келген таңдамалы өлеңдер жинақталған. Қазірге дейін 90-дай ақынның 900- ге жуық өлеңі орналастырылып отыр. «Балауса» (Балалар әдебиеті) айдарында – қазақ ертегілері мен аңыздары, тақпақтар мен жаңылтпаштар, ойын өлеңдері, балдырғандарға, мектеп оқушыларына арналған жырлар мен әңгімелер топтастырылған. «Дәстүрлі әндер мен күйлер» (Қазақ әндерінің антологиясы) айдарында қазақ күйлерінің тарихы, ерекшеліктері, күй аңыздары туралы материалдар, дәстүрлі әңдер туралы зерттеулер салынады. Порталдың бар айдарларының материалдары ұдайы толықтырылып отыратындақтан, оқырман қазақ руханиятының жан-жақты жаңалықтарымен, жаңа туындылармен ылғи да қауышу қуанышына бөленеді....


Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,

публицист, зерттеуші, «Қазақ ақпарат агенттігі»

ұлттық компаниясы қазақ редакциясының

1997-2011 жылдардағы бас сарашысы


Соңғы жаңалықтар