ҚазАқпарат тілшісі ТҮРКІСОЙ сыйлығына ие болды

None
None
  АНКАРА. 28 қаңтар.  ҚазАқпарат - ҚазАқпараттың Түркиядағы меншікті тілшісі Ирина Дынникова Түркі мәдениеті мен өнерінің халықаралық ұйымы - ТҮРКІСОЙ сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар Қазақстанның атынан аталған ТҮРКІСОЙ марапатына жазушы, журналист, «Казахстанская правда» газетінің ардагер тілшісі Эдуард Жылқыбаев ие болды. 

Сондай-ақ  Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Башқұртстан (РФ), Хакасия (РФ), Татарстан (РФ) және Солтүстік Кипр Түркия Республикасының баспасөз қызметкерлері де  осы сыйлықпен аталып өтті.

ТҮРКІСОЙ Түркі мәдениеті мен өнерінің байлығын әлемге паш ету үшін, кеңінен таралуы және келешек ұрпаққа жетуі үшін халықаралық дәрежеде мәдени іс-шаралар ұйымдастырып жүрген ұйым. 1993 жылы Түркі тілдес мемлекеттердің мәдениет министрлері тарапынан құрылған ТҮРКІСОЙ, Наурыз мерекесі, Түркі дүниесі суретшілер, мүсіншілер, ақындар және әдебиетшілер кездесулері секілді іс-шаралармен қатар түрлі көрмелер, концерттер, театр және опера фестивальдері және ғылыми семпозиумдар ұйымдастырады.

ТҮРКІСОЙ осы іс-шаралардың баспасөз беттерінде жарық көруі үшін қызмет жасап жүрген баспасөз және телеарна қызметкерлерін марапаттай отырып, Түркі дүниесінің бай мәдениетінің бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау үшін журналистерге қолдау көрсетуде.

Бұл марапат  Түркия астанасы  - Анкарадағы ТҮРКІСОЙ Бас хатшылығы ғимаратында өткен әзірбайжан жазушысы және ойшылы Мырза Фатали Ахундов жылының ашылуы салтанатында тапсырылды.

Аталған шараға Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрі Эртуғрул Гүнай мен Әзірбайжан Мәдениет, туризм министрі Эбулфес Гараев, Грузия Мәдениет және ескерткіштерді қорғау министрі Николоз Роруа, Косово Мемлекеттік Басқару министрі Махир Яғжылар және  ТҮРКІСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.

Бұл марапаттау салтанаты түркі дүниесі баспасөз қызметкерлерінің кездесуі және журналистердің тәжірибе алмасуы жағынан да маңызды болды.

Соңғы жаңалықтар