ҚазАқпарат тілшісі «Құрмет» грамотасымен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Журналистер күні аясында Президент Телерадиокешенінің мамандары «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марапатты Қазмедиа орталығында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров табыс етті және барша журналисті төл мерекесімен құттықтады.

«Біздегі медиа саласы өте табысты дамып келеді, жаңа тенденциялар пайда болып жатыр. Бұл Қазақстанның медиасферасы ішкі алаңда ғана емес, сыртқы медиасферада да жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Біздің сериалдар көптеген елдерге сатылады. Біздің инновациялық өнімдерімізге көрші елдер қызығушылық танытып отыр. Біздің жаңалықтарымызға басқа елдер сілтеме жасайды. Мысалы, көршілес елде біздің үш ақпараттық агенттігіміз сілтеме жасалған ресурстардың қатарына кіреді. Мұнда тоқтап қалуға болмайды. Біздің медиасаланың әлеуеті айтарлықтай жоғары», - деді Ақпарат министрі.

Асқар Омаров елдегі телеарналар, ақпараттық порталдар, ақпараттық агенттіктер өндіретін өнімдердің сұранысқа ие екенін атап өтті. Бұл ретте, бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі контингенттік форматты пайдаланады, жаңа жағдайда өмір сүреді.

«Интернеттің, виртуалды ортаның қарқынды дамуымен бірге біздің БАҚ бәсекеге қабілетті бола түседі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұған тек жәрдем етеді», - деді Асқар Омаров.

Ақпарат министрі бірқатар БАҚ қызметкерін «Құрмет» грамотасымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында Президент Телерадиокешенінің қызметкерлері де бар.

Атап айтқанда, Телерадиокешен құрамындағы «Qazaq TV» телеарнасының бас редакторы Әйгерім Оспанова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Ал «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Ақбота Күзекбай БАҚ саласының дамуына қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар