ҚазАқпарат тілшісі киелі жерлер туралы деректі фильм түсіруге ұйытқы болды
2021 жылғы 7 желтоқсан 22:52

ҚазАқпарат тілшісі киелі жерлер туралы деректі фильм түсіруге ұйытқы болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат тілшісі Атырау облысының аумағында әлі де толық зерттелмеген тарихи, мәдени мақсаттағы киелі жерлер туралы деректі фильм түсіруге ұйытқы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Деректі фильмді түсіру идеясының авторы – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Виктор Сутягин.

«Жыл сайын еңбек демалысымды, сондай-ақ бірнеше күнге созылатын мерекеге байланысты демалыс күндерін текке өткізбей, өзге елдерге саяхаттағанды жаным қалайды. Ал былтыр пандемияға байланысты шектеулер енгізіліп, саяхатқа шыға алмадым. Бірақ, демалысымды босқа өткізгім келмеді. Бұрыннан әріптестік байланыс орнатқан операторлар Темірлан Сұлтанғазиев пен Әзілхан Уахитовқа Атырау облысындағы тарихи, мәдени орындарды аралап, ролик түсіру жөнінде ұсыныс айттым», - дейді Виктор Сутягин.

Оның айтуынша, алғашқы ролик түсіруді Индер ауданындағы Тұзды көлден бастаған. Мұнда жаз айларында еліміздің әр өңірінен, тіпті өзге де мемлекеттерден келушілер көп. Тұзды көлден, Жылыой ауданындағы Ақтолағай аталатын борлы тау шатқалынан түсірілген роликтер әлеуметтік желіде жарияланған.

«Жылыой ауданында Ақтолағай деп аталатын борлы тау шатқалы бар. Сол жерден алған әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Ақтолағайды көзбен көру керек. Исатай ауданындағы құмды төбе де – табиғат сыйы. Осының бәрін роликке түсіріп, әлеуметтік желіге жарияладық. Роликтің өзін ғана ұсынбай, әр тарихи, мәдени орындарға қатысты деректерді де қоса жарияладық. Өйткені, бұрын мұндай тарихи орындар туралы деректерді тек тарихшылар мен археологтар ғана білетін. Енді осындай деректер студенттер мен оқушылар, барша тұрғындар үшін қолжетімді болғанын қаладым. Біздің бұл идеямыздың дұрыстығын роликтерімізге пікір білдірушілердің көбеюінен аңғардық. Өңірдегі шетелдік компания өкілдері осындай роликтерді жинақтап, деректі фильм түсіруді жалғастыруға қолдау білдірді», - дейді Виктор Сутягин.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ұйытқы болған деректі фильмде 4 серия бар. Деректі фильм қазақша, орысша және ағылшын тілінде дайындалған. Енді оны жергілікті телеарналар мен ақпараттық ресурстардан көрсету жоспарланып отыр.

«Біздің мақсатымыз – Атырау облысындағы ішкі туризмді дамытуға ықпал ететін тарихи, мәдени орындарды жұртшылық назарына ұсыну. Осы мақсатпен Индер, Махамбет, Мақат, Жылыой аудандарындағы киелі жерлер географиясына енген тарихи, мәдени орындар туралы роликтер түсірдік. Деректі фильмді одан әрі жалғастыру үшін Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарына барып, осындай роликтер түсіруді көздеп отырмыз», - деп алдағы жоспарымен бөлісті агенттік тілшісі.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT