ҚазАқпарат тілшісі Елбасының Алғыс хатымен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында «Biz Birgemiz» республикалық акциясына қатысқан белсенді волонтерлер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марапат алған еріктілер арасында ҚазАқпарат тілшісі Айжан Серікжанқызы да бар.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорының желісімен және меценаттардың қолдауымен ТЖ кезеңінде аса мұқтаж отбасыларға жәрдем көрсетілді. Осынау жұмыстарды атқаруда волонтерларымыздың рөлі зор болды. Республика бойынша еріктілер 250 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеттерін, маскалар мен ең қажетті заттарды жеткізді. Сонымен қатар, жасотандықтар Мақтаарал ауданына аттанып, тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр. Бұл жұмыс арқылы сіздер өз отаншылдықтарыңызды, азаматтық позиция мен жанашырлықтарыңызды таныта отырып, жастарға үлгі көрсеттіңіздер», - деді «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев марапаттау салтанатында.


Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде елімізде бес мыңға жуық ерікті тынымсыз еңбек етті. Оның арасынан ең белсенді жұмыс істеген 3 мың қазақстандық Елбасы алғыс хатымен марапатталмақ.

«Апта бойы респуликаның барлық аймақтарында әкімдер Елбасы Алғыс хатын табыстайтын болады. Нұр-Сұлтан қаласындағы салтанатты шараны Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастады, ол ең белсенді жас волонтерлерді марапаттады. Екінші күні «Biz Birgemiz» акциясына көмектескен танымал тұлғалар марапат алды. Мұны да түсіну қажет, әншілер, шоу-бизнес өкілдері біздің қатарымызда көп жүрмесе де, бізге ақпараттық қолдау көрсетті. Меценаттарды табуға, атқарған жұмыстарымызды әлеуметтік желіде жариялауға, жұртшылықты қайырымдылыққа шақыруға қол ұшын берді. Енді бүгін үшінші лекте – тікелей Нұр-Сұлтан қаласында акциямызға ақпараттық қолдау көрсеткендер, автоволонтерлер, ерікті үйлестірушілері, қайырымдылық қорлары мен жеке компаниялардың өкілдері шақырылды. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында марапатқа лайық болған 600-ге жуық волонтер бар. Карантин болғандықтан, оларды 30 адамнан топтастырып, бөлек-бөлек шақырып жатырмыз», - деді Е. Бейсенбаев.

Еске сала кетсек, «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық волонтерға өз ықыласын білдіріп, алғыс хаттарға қол қойған еді.


Фото: jasotan.kz
Соңғы жаңалықтар