«ҚазАқпарат» пен «Астана» телеарнасы ұсынады: Ақмешіт үңгірінің сыры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -«ҚазАқпарат» ХАА мен «Астана» телеарнасының «Ғажайып Қазақстан» бірлескен жобасы аясындағы видеочеректің келесі бөлімі - Ақмешіт үңгірі  көрерменге жол тартты.

Бұл жолы түсіру тобы Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Кеңестөбе ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан Ақмешіт үңгірінде болып қайтқан еді. Қаратау сілемдерінің қыратында орналасқан бұл ерекше орын - Орталық Азиядағы ең үлкен үңгірдің бірі. Оның жалпы аумағы - табанынан есептегендегі биіктігі 30-32 метрді, ені 62, ұзындығы 164 метрді алып жатыр.

Үңгір іші мешіттің күмбезіне ұқсағандықтан Ақмешіт үңгірі аталса керек. Халық арасында «Айдаһар үңгірі» деп те айтады. Оның ішіндегі тастардың орналасу бедерлері де көркем. Ауасы да ерекше әрі адам ағзасына шипалы екен.

Үңгірге қатысты басқа да қызықты деректерді, оның қасиеті мен кереметтігі туралы әңгімені фильмнен тамашалай аласыздар.



Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» ХАА мен «Астана» телеарнасының «Ғажайып Қазақстан» атты бірлескен жобасы - бұл қазіргі Қазақстанның құпиясы ашылмаған табиғаты, тылсым күшке және шешілмеген жұмбаққа толы ғажайып орындары, сондай-ақ жаратылысы ерекше адамдар. Еліміздің барлық өңірлерінен сыр шертетін бірегей видеоочерк 25 бөлімнен тұрады.

Түсіру тобы Қазақстанның әр түкпірінде болып, шалғай ауылдардағы адамдармен тілдесті. Құс қанаты ғана жететін тұмса табиғатты таспаға түсірді. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысындағы «Қиын Керіш» шатқалы, «Аустрия ирегі» тау жолы, Павлодар облысындағы Баянауыл қорығы, Жамбыл облысындағы Топағаш, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақмешіт үңгірі секілді табиғат ескерткіштерін атап өтуге болады.

Сонымен қатар, өмір жолы өзгеге үлгі боларлық қарапайым тұрғындар да фильмнің басты кейіпкері атанды. Шындығында, бұндай жандардың әрбірінің тағдыры тұтастай бір фильмге арқау бола алады.

Бұдан бөлек, технологияның соңғы жетістіктерін меңгерген инженер, табысты кәсіпкер, ұлттық өнерді насихаттаушылар - бұлар да фильмнің кейіпкерлері. «ҚазАқпарат» ХАА мен «Астана» телеарнасы жүзеге асырған бұл видеоочерк жұрт көңілінен шығады деген ойдамыз. Өйткені «Ғажайып Қазақстан» -  эстетикалық талғамы жоғары көрермен үшін пайдалы ақпаратқа толы танымдық дүние!

Соңғы жаңалықтар