«ҚазАқпарат» пен «Астана» телеарнасы бірлесе ұсынады: «Ғажайып Қазақстан»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -   «ҚазАқпарат» ХАА Астана телеарнасымен бірігіп «Ғажайып Қазақстан» деректі фильмдер топтамасын түсірді. Жақында бірегей жобаның алғашқы сериясы көрерменге жол тартты.

«Ғажайып Қазақстан» -  бұл қазіргі Қазақстанның құпиясы ашылмаған табиғаты, тылсым күшке және шешілмеген жұмбаққа толы ғажайып орындары, сондай-ақ жаратылысы ерекше адамдар. Еліміздің барлық өңірлерінен сыр шертетін бірегей видеоочерк 25 бөлімнен тұрады.

Түсіру тобы Қазақстанның әр түкпірінде болып, шалғай ауылдардағы адамдармен тілдесті. Құс қанаты ғана жететін тұмса табиғатты таспаға түсірді. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысындағы «Қиын Керіш» шатқалы, «Аустрия ирегі» тау жолы, Павлодар облысындағы Баянауыл қорығы, Жамбыл облысындағы Топағаш, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақмешіт үңгірі секілді табиғат ескерткіштерін атап өтуге болады.

Сонымен қатар, өмір жолы өзгеге үлгі боларлық қарапайым тұрғындар да фильмнің басты кейіпкері атанды. Шындығында, бұндай жандардың әрбірінің тағдыры тұтастай бір фильмге арқау бола алады.

Соның бірі - ұсынылып отырған осы фильм. Көз жанарынан айрылған соң қаладан ауылға келген Серік есімді жігіттің өмірі өзгелерге еш ұқсамайды. Ол несиеге сатып алынған 8 ешкiмен тауға кетiп, қойды құлағына қоңырау байлап бақты. Соның дыбысымен, ауа қысымымен, желдің бағытымен тау iшiнде адаспай өмір сүріп жатыр.

Бұдан бөлек, технологияның соңғы жетістіктерін меңгерген инженер, табысты кәсіпкер, ұлттық өнерді насихаттаушылар - бұлар да фильмнің кейіпкерлері. «ҚазАқпарат» ХАА мен «Астана» телеарнасы жүзеге асырған бұл видеоочерк жұрт көңілінен шығады деген ойдамыз. Өйткені «Ғажайып Қазақстан» -  эстетикалық талғамы жоғары көрермен үшін пайдалы ақпаратқа толы танымдық дүние!

Соңғы жаңалықтар