Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 13 °С
Алматы: 35 °С
USD 346.68 EUR 404.02
RUB 5.47 CNY 51.15
Жаңалықтар

19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 19 наурыз 06:29 1959
Бөлісіңіз:
19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 19 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

19 наурыз, дүйсенбі

Халықаралық тұтынушылар күні

Бұл күн литвалық және ресейлік кәсіпкерлердің бастамасымен пайда болған. Алғаш рет 2010 жылы тойланды. Содан бері жыл сайын бұл мерекені Еуропа мен Америка елдері қолдап келеді. Атап айтқанда бұл күні кәсіпкерлер тұтынушыларына ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, өздерінің ризашылығын білдіреді.  

О-ханами - Жапонияда өрік гүлденуі мерекесі
Өрік гүлдеген кез Жапонияда ресми мереке емес. Бірақ психологиялық тұрғыдан жапондықтардың өздері де, көптеген шетелдік туристер де оны мереке ретінде атап өтеді.

Иранда Аналар күні
Алғаш рет 1960 жылы Мұхаммед Реза Пехлеви шахтың билігі кезеңінде бекітілді. Шахтың әйелі Фарах Пехлеви мерекеге қолдау білдірді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Қазақстандағы алғашқы әрі алдыңғы қатарлы медициналық оқу ордасының бірі - С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы ашылды.

1961 жылы Қазақ КСР министрлер кеңесінің бұйрығымен  Көкөзек өзенінің маңында Павлодар облысында «Сарықамыс» кеңшары ашылды.  Оның алғашқы директоры болып Мажит Жамалов тағайындалды.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен Жоғарғы сот кеңесінің бірінші мәжілісі өтті.

1996 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен еліміздегі Жоғарғы сот кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

2001 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Астананың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының  2005 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасы бекітілді.

2005 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Алғабас ауылының №157 орта мектебіне танымал ғалым, қоғам қайраткері, профессор Беркімбай Перімбетовтың есімі берілді.

Беркімбай Перімбетов (1929-1996) Қазақ КСР-ның құрылыс материалдары өнеркәсiбінің министрі, КСРО Министрлер Кеңесінде Қазақстанның тұрақты өкілі болды. 1984 жылдан «Оргтехстром» АҚ-ны басқарды. Ғалым өнеркәсіп құрылыс материалдарының жаңа саласын құруға зор үлесін қосты.

2007 жылы Алматыда «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық компаниясы өзінің корпоративті www.telecom.kz порталының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Оның ішінде 52 ақпараттық қызмет бар, атап айтқанда олар компания туралы толық ақпарат, барлық көрсетілетін қызмет түрлері мен тарифтердің тізімі, төлеу қызметі туралы мәлімет, абонент анықтамасы және т.б. бар.

2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев статистика қызметі саласындағы құқықтық негіздерді, мемлекеттік статистика органдарының және респонденттердің өзара қарым-қатынастары мен өзара іс-қимылын анықтауға бағытталған «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Мемлекеттік статистика туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2010 жылы Қытайдың Үрімжі қаласында «Аққу әуені» атты қазақ халық әндерінің жинағы шықты. Сондай-ақ бұл күні қазақ поэмалары мен айтыскер ақындардың жинағының тұсауы кесілді.

2010 жылы Алматы облысындағы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының қираған орнында жаңа ауыл құрылысының алғашқы тасы қаланды.

Бас жоспарға сәйкес ауылда барлығы 467 үй салынды. Ауылдың тұрғын үй секторы су қорғау аймағынан 40 метр жерге ауыстырылады.

2010 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар  мемлекеттік  университетінде Қазақ тіл білімі антологиясының таныстырылымы болды.

45 томдық басылымда қазақстандық ғалымдардың,  жоғары  оқу орны  оқытушыларының  және  «Қазақ тілі» қоғамы  белсенділерінің қазақ тіліне арнаған зерттеулері мен  мақалалары  жарияланды.

2011 жылы Алматыда алғаш рет қазақ блогерлерінің құрылтайы өтті.

2011 жылы мәскеулік «Мир» орталық залында Наурыз мейрамына арналған Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ұйымдастыруымен салтанатты кеш өтті.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласы Бас жоспары ғылыми зерттеу-жобалау институты» МҚК-на барып, онда Астана қаласында 2011-2014 жылдары тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аспектілерімен танысып өтті.  

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болды. Онда Астана қаласының 2011-2014  жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік  бағдарламасының  жүзеге асырылу барысымен және қаланың перспективалық тұрғын үй аудандарын  дамыту жөніндегі  ұсыныстармен, Еуразиялық  қоғамдық-мәдени  орталығының «Мәңгі ел»   жобасымен  танысты. 

2012 жылы академик Ө.М.Сұлтанғазиннің атындағы ғарыш зерттеулері институты Landsat мәліметтерінің (ғарыш суреттері) ғаламтор-каталогын ашты. Оның мекенжайы: http://landsat.gzi.kz.

2013 жылы Астанада ҚР электронды үкіметінің мобильдік қосымшасының таныстырылымы өтті.  

2013 жылы «Эйр Астана» компаниясының Embraer 190 ұшағына Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығы мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әмина Өмірзақованың есімі берілді. Жаңа әуе кемесі Астанадан Павлодар, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Екатеринбор, Новосібір, Баку, Тбилиси, Бішкек, Орынбор, Омбы және Ташкент қалаларына қатынайды.

2013 жылы Алматыда қаржыгерлер аллеясы ашылды. Оған тянь-шаньдік 70 шырша отырғызылды.   

2013 жылы Астанада «ҚР Электрондық үкіметінің» мобильдік қосымшасының таныстырылымы өтті.

2014 жылы Сингапурдағы ҚР Елшілігі «Scorpio East Pictures» компаниясымен бірлесіп дипломатиялық корпус, саяси, іскер және академиялық топтар өкілдері үшін ағылшын мен қытай тілдеріндегі субтитрімен қазақ тілінде көрсетілген  «Жаужүрек мың бала» фильмінің эксклюзивті көрсетілімін ұйымдастырды.

Қазақстанның әртүрлі әсерлі табиғи көріністері аясында тарихи оқиғаларды шынайы ұсыну мен ұшқыр сюжеттік желі көрермендердің аса қызығушылығын туғызды.

2014 жылы «ҚазАгро» Ұлттық холдингінде Францияның «Irrifrance» компаниясы және «Қазақстан Инжиринг» ҰК» АҚ арасында фермерлерге тамшылатып суару жүйесін шығару және орнату бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойды.

2014 жылы «Нұр Отан» партиясы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған «Бақытты балалық шақ» атты партиялық жобаны іске қосты.

2014 жылы «ТМД достастығының мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламалары аясында «Алматы достастықтың мәдени астанасы» жылының шаралар жоспарына қол қойылды. 

Алматыда 230 мәдениет ұйымы бар.

2014 жылы Қытай астанасының орталығында «Чаоян» саябағында қазақтың  ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған ескерткіш ашылды (мүсінші Юань Сикунь).

2014 жылы Белгілі кеңес және қазақстандық спортшы, грек-рим күресінің шебері, КСРО-ның құрметті спорт шебері, ҚР құрметті бапкері, әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері  Дәулет Тұрлыханов   Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылында  спорт кешенін салды.

Спорт кешені 1000 орынға шақталған. 3 спорттық залы - бокс залы, ауыр атлетика және күреске арналған әмбебап зал бар. Көрермендік трибуналарға шамамен 450 жанкүйер сияды.

Спортшы бұл сыйлығын жерлестеріне «Туған жерге тағзым» акциясы аясында тарту еткен.

2014 жылы Қазақстанға халықаралық жемқорлыққа қарсы рейтингтерде республиканың позицияларын жақсартуға мүмкіндік беретін Жемқорлықпен күрес жүргізу елдерінің тобына (ГРЕКО) кіру ұсынылды.  

2015 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) хатшылығында ұлттық нақыштағы «Астана» мәслихат залы салтанатты түрде ашылды. ШОС хатшылығының бірнші қабатында орналасқан залдың  ауданы 60 шаршы метрден асады.

1474 жылы Венецияда өнер туындыларын қорғау туралы заң - әлемдегі алғашқы авторлық құқықты қорғау туралы заң қабылданды.    

1831 жылы АҚШ-та алғашқы банк тоналды. Америкалық эмигрант Эдвард Смит City Bank of New York банкінен  245 000 доллар ұрлап, кейін ол түрмеге отырғызылды.

1899 жылы Ресейде және Петерборда алғашқы жедел жәрдем стансасы ашылды.

1922 жылы сол кездегі елдегі ең үлкен, биіктігі 160 метр болатын Шаболовка радиостансасынан хабар таратыла басталды.

1934 жылы «Прогресс» совхозының жұмысшысы Митрофан Михайлович Никитин В.И.Лениннің бальзамдалған мәйітін ұрлауға әрекеттенді.  

 

ЕСІМДЕР


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 119 жыл
 бұрын (1899-1974) қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер, қоғам қайраткері   Мәдина Қожбанқызы БЕГАЛИЕВА дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында туған. Хан ордасындағы (қазіргі Орда ауылы) үш жылдық педагогикалық курсын, Ордадағы Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партия мектебін, Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясын бітірген. 1922-1935 жылдары - Бөкей, Орал губерниялары және Сырдария округінің Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитеттерінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің нұсқаушысы, Өлкелік өнеркәсіп одағы төрағасының орынбасары. 1935-1943 жылдары Балқаш мыс қорыту зауытында инженер болды. 1943-1948 жылдары Атырау облыстық Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі  бөлім меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы, республикалық бақылау органында бақылаушы болып істеді. 1949 жылдан зейнет демалысында болды.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 68 жыл
 бұрын (1950) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер  Сердеш ҚАЖЫМҰРАТОВ  дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Әжібай ауылында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген.

Қарағанды облысы драма театрының актеры, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бас режиссеры қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссері.

Театр сахнасында Әлібек, Жапал (Мұхтар Әуезов «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек»), Шоқан (Сәбит Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Қодар, Сердәлі (Ғабит Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу, «Ақан сері-Ақтоқты»), Бақыт, Алтынбек (Сәкен Жүнісов «Тырау-тырау тырналар», «Қысылғаннан қыз болдым»), Нияз (Тахауи Ахтанов «Махаббат мұңы»), Жангелдин (М.Симашко «Төтенше комиссар») рөлдерін ойнаған.

10-нан аса кинофильмге түсті, 1986 жылы «Күзет бастығы» фильмінде Құрымбайдың рөлін шынайылықпен шебер сомдады. Режиссер ретінде Дулат Исабековтың «Апа» пьесасын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сахналады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер64 жыл 
бұрын (1954) кинорежиссер  Рашид Мұсаұлы НҰҒЫМАНОВ дүниеге келді.

Алматыда туған. Қазақ политехникалық институтын, Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1977-1981 жылдары Алматыдағы «Қазақазаматауылжоба» институтының аға сәулетшісі. 1981-1984 жылдары - Қазақстан ескерткіштерді қорғау қоғамының сәулетшісі. 1988 жылы «Ине» фильмін түсіріп, 1990 жылы Нюрнгри қаласындағы (Германия) Халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. 1988-1989 жылдары Нұғыманов «Қазақфильм» киностудиясы «Әлем» бірлестігінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. 1993 жылдан шет елде тұрады. Ол 1986 жылы қысқа метражды «Йа-хха», 1992 жылы «Жабайы Шығыс», т.б. фильмдерін түсірген.

64 жыл  бұрын (1954) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі   Жұмағаным РАҚЫМОВА дүниеге келді.

Ресейдің Саратов облысында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Сол жылы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің әнші-солисі болды. Қазір Батыс Қазақстан филармониясында әнші, әрі Батыс Қазақстан университетінде доцент болып істейді. Әншінің репертуарында 300-ден астам қазақ, орыс және шет ел композиторларының әндері, ариялары, романстары, вальстері, т.б. бар. Оның орындауындағы бірнеше ән, республикалық телерадионың «Алтын қорына» жазылған. 1981 жылы Бүкілодақтық М.Глинка атындағы вокалистер байқауының дипломанты атанған.

53 жыл бұрын (1965) «Еуро-Азия Эйр әуе компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қайдар Қайсарұлы НҰРЛЫБАЕВ дүниеге келді. Ақтөбе қаласының тумасы. Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу мектебін бітірген, инженер-ұшқыш (1986).  


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер49 жыл
 бұрын (1969) «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы   Үміт Болатханқызы ШАЯХМЕТОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің экономика және құқық факультетін (1993) экономист мамандығы бойынша; utgers university (АҚШ, Нью-Джерси қ.,1996), МВА дәрежесімен бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерін біледі.

1993 жылдан ҚР Ұлттық банкінің маманы. 1997 жылдан -АBN AMRO BANK құрылымдық қаржыландыру бөлімінің маманы. 1998 жылдан - АBN AMRO Asset management басқарма төрайымы. 2000 жылдан - «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарушы директоры; АBN AMRO BANK басқарма төрағасының орынбасары. 2004 жылдан - «Қазақстан халық банкі» АҚ басқарма терағасының орынбасары 2009 жылдан бері- «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.




19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер44 жыл
 бұрын (1974) Алматы қаласының әкімі  Бауыржан Қыдырғалиұлы БАЙБЕК  дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гете институттын (Бремен қаласы, 1995) «Неміс тілі»; «Болашақ» бағдарламасы бойынша Любек қаласындағы Жоғары мектепті (ГФР, 1998) педагог; Орталық Азия университетін (2002) халықаралық экономист мамандықтары бойынша бітірген.
Ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген.
«Хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік нұсқаұлық» (2007, екі тілде), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» (2010) кітаптарының авторы; «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» (2004) кітабының бірлескен авторы; «Президенттің бір жылы» (2006, 2007) кітабының құрастырушысы; 6 мақаланың, соның ішінде «Мемлекеттің сыртқы саяси қызметіндегі хаттама» (2010), «Шетелдік мемлекеттердің хаттамалық қызметін институттандырудың кейбір аспектілері туралы» (2010) және т.б. жарияланымдардың авторы. «Нұр Отан» ХДП мүшесі (2002 жылдан).
1999 жылдан - Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті, атташесі - ГФР-дағы ҚР Елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысы (Берлин қаласы). 
2002 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы. 2003 жылдан - ҚР Президенті Хаттамасының ақпарат пен талдау секторының меңгерушісі, 2004 жылдан - бас инспекторы, 2006 жылдан - Хаттама жетекшісі.
2009 жылдың тамыз айынан бері - ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары.
2013 жылдың қаңтарынан бастап «Нұр-Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары.
ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің (2008 жылдан); Қазақ гуманитарлық заң университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) төрағасы. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) мүшесі.
«Құрмет» (2008) орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен; ҚР Президентінің алғыс грамоталарымен (2001, 2010) марапатталған.  


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 44 жыл
 бұрын (1974) Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі   Жанар Халелқызы СҮЛЕЙМАНОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясының фортепиано факультетін (1997) концерт орындаушысы, оқытушы, камералық ансамбльдің әртісі мамандығы бойынша; П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында ассистентура-машықтануды бітірген (1999). Дж. Верди атындағы Милан консерваториясында машықтанудан өткен (2006 жылдың қарашасынан 2007 жылдың ақпанынан дейін). Италияда және Германияда шеберкластарға қатысқан.

«Ильяс Омаров. Жизнь и философия» (2003) кітабының тең авторы. «Семь нот» (2000-2001) және «Новая эра» (2001) журналдарында, «Новое поколение» (2000-2003) газетінде жарияланған мақалалардың авторы. 1992 жылы ол туралы «Өнерпаз болсаң» атты фильм түсірілген.

Концерттік қызметі жылдарында 200 концерт берді, оның 80-нен астамы жеке концерттік. «Академия солистов» оркестрімен Моцарт (№20 ре минор) концерттеріне, дирижері Б. Мұсаходжаева (1995); Т. Әбдірашевтің басқаруымен Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне (И. Брамс, №1 концерт, ре минор, 1997); Ғ. Жұбанова атындағы Мемлекеттік квартетпен концертте Д. Шостаковичтің квинтетіне (2002) қатысты.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жеке концерттерін (1994, 1996); Мемлекеттік ағаштан жасалған үрмелі аспаптар квинтетімен фильм-концертте, фильм-концөртте жеке бағдарламасын (2008) берген. Алматы, Астана, Қарағанды қалаларының; Италия, Германия, Ресей сахналарында оркестрімен және жеке концерттерін берді.

Орыс, қазақ, ағылшын, неміс, француз, түрік және итальян тілдерін біледі.

2000 жылдың қаңтарынан бері - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі. Республикалық пианистер конкурсының (Көкшетау қ., 1990), өңірлік пианистер конкурсының лауреаты (Ташкентқ., 1991). АҚШ-та өткен Оңтүстік Миссури Халықаралық пианистер конкурсының дипломанты (Миссури, Джоплин, 1992). ҚазКСР Музыкалық қоғамының Құрмет грамотасымен (1990), Италияда өткен«Пальма д'Оро» Халықаралық конкурсы финалисінің дипломымен және күміс медалімен (Лигурия, 2000),Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының, Венгрия, Италия, Польша елшіліктерінің грамоталарымен және алғыстарымен марапатталған.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 42 жыл
 бұрын (1976) боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан - Куба боксшыларының арасында өткен жолдастық кездесудің және Варшавада өткен Ф.Штамм атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы, әлем чемпионатының, ХXVІІ-ші Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері   Мұхтархан Қабыланбекұлы ДІЛДӘБЕКОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында туған. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін, Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Университет қабырғасында жүріп бокспен айналыса бастаған, оның алғашқы жаттықтырушысы Нұрғали Сафиуллин.

XII Азия ойындарының жеңімпазы, Бангкок қаласы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Хьюстон  қаласы (АҚШ), Сидней олимиадасыныи күміс жүлдегері, Шығыс Азиялық ойындарының жеңімпазы, Осака қаласы (Жапония), XV Азиялық ойындарының күміс жүлдегері, Доха қаласы (Катар), Афина олимпиадасына қатысқан. 1998-2000 жылдары - «Локоматив» теміржол денешынықтыру және спорт клубының әдіскер-нұсқаушысы, «Локоматив» спорт клубының спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы. 2000-2007 жылдары - Облыстық кешенді жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-ұстазы. 2007-2008 жылдары - №5 Шымкент қалалық мамандандырылған бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметтерін атқарған.

2008 жылдан наурызынан бастап - Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры қызметін атқарады.

Оңтүстік Қазақстан облысының, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы.

«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 40 жыл
бұрын (1978) дүниеге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары СӘКЕЕВ Руслан Кенесарыұлы дүниеге келді.

Білімі - жоғары. Заңгер, қаржыгер мамандықтарының иесі. 

Еңбек жолын 1999 жылы мемлекеттік құқықтық пәндер бойынша оқытушы қызметінен бастап, 2002-2003 жылдары ҚР Сенатының заңдылық және құқықтық реформа жөніндегі комитетінде, 2003-2007 жылдары Қарағанды облысында Ішкі саясат, әлеуметтік саласында, ҚР Әділет министрлігінде басшылық қызметінде, Үкімет жанындағы «ҚазСат» Бас директоры, «Альянс Банк» АҚ Департамент Директоры, дүниежүзілік банктің топ басшысы, және облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеп келеді.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 38 жыл
бұрын (1980) Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары МАХАЖАНОВ Дәурен Сәбитұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-менджер»

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-менеджер» мамандығы, А.Мырзахметов атын-дағы Көкшетау университетін «қаржы магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық әкімдігінде бастаған Дәурен Сәбитұлы еліміздің бірнеше екінші деңгейлі банктерінде басшылық қызметтер атқарды. 2009-2015 жылдар аралығында «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «ҚазАгроФинанс» АҚ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқармаларында төрағаның орынбасары, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарында қызмет атқарды. Бүгінге дейін «Агрофуд Береке» ЖШС директорының орынбасары лауазымында қызмет етті

Қазіргі қызметін  2018 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келеді.



19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 205 жыл
 бұрын (1813-1873) ағылшын миссионері, көрнекті Африка зерттеушісі Давид ЛИВИНГСТОН дүниеге келді.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 118 жыл
 бұрын (1900-1958) француз физигі, Әлем жақтаушыларының бүкiләлемдiк қозғалысының негiздеушісі және жетекшiлерiнің бiрі, Франция Институтының мүшесі, КСРО Ғылым Академиясының шетелдік мүшесі ЖОЛИО-КЮРИ Фредерик дүниеге келді.

Париж қаласында туған. Физика және қолданбалы химия мектебін бітірген.

Оның атымен Әлем алтын медалі бар. 120-ға жуық ғылыми еңбектер жариялаған. Оның жартысына жуығын жұбайы Иренмен бірігіп жазған. Басында олар «Ирен Кюри және Фредерик Жолио», кейіннен «Ирен және Фредерик Жолио-Кюри» деп жазғандықтан олардың тегі қосылған. Жасанды радиоактивтi құбылысты ашқан үшін, ресми сипатталғандай «радиоактивтi элементтердiң орындалған синтезi үшін», 1935 жылы Жолио-Кюри жұбайымен Нобель сыйлығын иеленді.


19 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 88 жыл 
бұрын (1930-2005) опера әншісі, КСРО халық әртісі ШТОКОЛОВ Борис Тимофеевич дүниеге келді.

 

 


Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат