«ҚазАқпарат» ХАА мен Отандастар қоры диаспора саясаты бойынша әріптестік туралы меморандум жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Бірінші вице - президенті Талғат Мүбаракұлы Адуов пен «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің Бас директоры Асқар Қуанышұлы Умаров Диаспора саясаты саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және нығайтуға арналған өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты шет елдерде қазақ тілінде жарық көретін БАҚ және журналистермен (тілші, фототілші, сарапшылармен) байланыс орнату, оларға жан-жақты қолдау көрсету, тәжірибе және ақпарат алмасуды қамтамасыз ету.

Меморандум аясында шет елдерде қазақ тілінде жарық көретін БАҚ және Журналистер бірлестігін құру арқылы шет елдерде қазақ тілді БАҚ-мен байланыс орнатылып, Қазақстанға оралған этникалық қазақтарды және шет елде тұратын отандастарды қолдауға бағытталған шаралардың кеңінен ақпараттандыру көзделеді.

«Елбасының V Дүниежүзілік қазақтар құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды қолдауға бағытталған барлық іс-шараларды ақпараттандыруда «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі біздің негізгі серіктесіміз болып табылады. Осы әріптестік қарым қатынасты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстанда және шет елдерде қазақ тілінде жарық көретін БАҚ өкілдерінің Бірлестігін құрып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуді көздеп отырмыз», - деді «Отандастар қоры» КЕАҚ Бірінші вице - президенті Т. Адуов.

Өз кезегінде «ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры А. Умаров шет елдерде жарық көретін қазақтілді баспасөзбен байланысты дамытудың маңызына тоқталды. «ҚазАқпарат сайтында апта сайын шетелдерде жарық көретін қазақтілді басылымдарға шолу жарияланады. Өзбекстан, Моңғолия, Қытайда жарық көретін басылымдармен, журналистермен байланысымыз бар. «Отандастар қорымен» бірлескен жұмыстар нәтижесінде ондай байланысымыз тереңдей түседі деген үміттеміз», - деді А. Умаров.

Тараптар аталмыш меморандум бойынша әріптестік аясында тиімді, өзара ынтымақтастыққа арналған қолайлы шарттар жасауға ұмтыла отырып, Меморандумға қол қою барысында бірлескен шараларды өткізудің болашағын да талқылады. Соның ішінде 2019 жылдың қараша айына қарай жоспарланған «Отандастар форумында» шетелде жарық көретін қазақтілді БАҚ өкілдерінің алғашқы отырысын өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар