ҚазАқпарат-Анонс: желтоқсанның 7-cі мен 13-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Желтоқсанның 7-сінде Үкімет  үйінде   селекторлық кеңес  болады.

Желтоқсанның 7-сінде   Ішкі істер   министрлігінде     апталық брифинг өтеді.

Желтоқсанның  7-сінде  Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг болады.

Желтоқсанның 7-сінде  Үкімет басшысы К.Мәсімовтың  қатысуымен «Lokomotiv Leasing» ЖШС-і локомотив жинақтау зауытында жасалынған алғашқы тепловоздың тұсаукесері  болады.

Желтоқсанның 7-сінде   Премьер-министр  Кәрім Мәсімов пен  Астана  әкімі И.Тасмағамбетовтың  қатысуымен  жаңартылған  «Астана   полиграфия»   акционерлік     кешенінің     ашылу  рәсімі  өтеді.

Желтоқсанның 7-сінде    Білім  және ғылым министрлігінде    қазақстандық  ғалымдар  жасап шығарған  «Kzfluvac»  «доңыз тұмауына»  қарсы вакцинаның  таныстырылымы   өтеді.   Бұл шараға Білім министрі Ж.Түймебаев,   Ресей   медициналық  ғылымдар  академиясының академигі Олег Киселев (Санкт-Петербор),   ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі К.Оспанов,  ғылыми жобаның авторлары   қатысады.

АСТАНА

Желтоқсанның 7-сінде Астана қаласының  Тұрғын үй  комиссиясы тұрғын үй беруді жүзеге асыру үшін  «мемлекеттік қызметкерлер» санаты бойынша барынша көп ұпай жинаған үміткерлерді іріктеуге кіріседі.

Желтоқсанның 7-сінде   Премьер-министр  Кәрім Мәсімов пен  Астана  әкімі И.Тасмағамбетовтың  қатысуымен  жаңартылған  «Астана   полиграфия»   акционерлік     кешенінің     ашылу  рәсімі  өтеді.

Желтоқсанның 7-сінде Бейбітшілік және Келісім сарайында «Құланшы» және «Шежіре» галереяларына  экскурсия   ұйымдастырылады.

Желтоқсанның  7-сінде елордада «Green» гипермаркетінің ашылуы болады.

Желтоқсанның 7-сінде   Тәуелсіздік сарайында «Біз - Тәуелсіздіктің   құрдастарымыз! Қазақстан біздің  Отанымыз!»   форумының аясында  Үздіктер слеті  болады.

Желтоқсанның 7-сінде  Қазақтың Ұлттық  музыка  академиясында  жас орындаушылардың «Астана-Мерей»      халықаралық конкурсының ашылуы  болады.

Желтоқсанның  9-ында Астана қаласы, Ақжол көшесі 26, мекен-жайында орналасқан «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамында, 2009 жылдың 9 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Сенат Парламентінің Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының көшпелі  мәжілісі болады.

Желтоқсанның 10-ы күні сағат  16:00-де ҚР Президенттік мәдениет орталығында Тәуелсіздік мерекесіне арналған Мұхтар Қайратұлы Байбосынның «Туған жерім - алтын бесігім»  атты жеке көрмесінің ашылуы болады.

АЛМАТЫ

Желтоқсанның 7-сінде «Интерконтиненталь-Алматы»  отелінде  министрлер  деңгейінде БҰҰ  конференциясы  өтеді.

Желтоқсанның   7-сінде  Экономика  және құқық  академиясында  «Қазақстандық  БАҚ-тар  және   тұлға құқықтары мен бостандығын қорғау»   тақырыбына арналған  конференция  болады.

Желтоқсанның  7-сінде   КИМЭП оқу орнында менеджерлерді  дайындау   инновациялық бағдарламасының таныстырылымы  болады.

7 ЖЕЛТОҚСАН, ДҮЙСЕНБІ

Азаматтық авиацияның халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Чикаго қаласында өткен (АҚШ) конференцияға мүше - 52 мемлекет өкілдері қол қойған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қол қойған күннен бастап атап өтіледі.

Спитак қаласында (Армения) болған жер сілкінісі құрбандарын еске алу күні (1988). Жер асты сілкінісінің күші эпицентрде 10,5 баллға жетті. Спитак қаласы түгелдей, Ленинакан қаласы жартылай қирап қалды. Ресми мәлімет бойынша, 28 854 адам қаза тауып, 12 мың адам жарақаттанған, 400 мың адам баспанасыз қалған. Армян халқының қасіретіне КСРО құрамында болған барлық республика үн қатып, жан-жақтан қол ұшын беруге асықты. Шет елдерден де материалдық көмектер берілді.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы жарияланды.

3 жыл бұрын (2006) Елорданың халықаралық баспасөз орталығында жастардың жаңа ақпараттық-танымдық «Жастар жаңа мемлекеттік қызмет» атты журналының таныстырылымы өтті. Республикалық журнал жылына 4 рет екі тілде шығады. Ұйымдастырушы - Қазақстан жастар конгресінің Мемлекеттік қызмет мектебі.

3 жыл бұрын (2006) Алматыда «Город» республикалық күнделікті газетінің бірінші саны жарық көрді. Газеттен оқырмандар жаңалықтар мен республикада өткен соңғы оқиғаларға түсінік алады, тағы да спорт пен шоу-бизнес жаңалықтарын және теледидар бағдарламаларын оқиды. Баспа тиражы - 10 мың дана.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1949) техника ғылымдарының докторы, Халықаралық Инженерлер Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі КИИНОВ Ләззат Кетебайұлы дүниеге келді.

Маңғыстау облысында туған.

Казақ политехникалық институтын (Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

«Жетібаймұнай» мұнай және газ өндіру басқармасының мұнай және газ өндіру операторы, өңдеуге талдау зертханасының басшысы қызметтерін атқарған. 1977-1992 жылдары - Мағыстау облыстық партия комитетінің өнеркәсіп-көлік бөлімінің нұсқаушысы, «Маңғышлақмұнайөндірісхим» аумақтық өндіріс басқармасының бас инженері, «Қаражанбастерммұнай» ұңғырларды күрделі жөндеу және мұнай беру пластыларын жоғарылату жөніндегі Қаражанбас басқармасының бастығы, «Комсомольскмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасының бастығы. 1992-1999 жылдары - «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры, Маңғыстау облыстық әкімшілік басшысы, Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары, Каспий құбыр бірлестігі бас директорының орынбасары. 1999-2003 жылдары - Маңғыстау облысының әкімі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ-ы президенті. Қазіргі қызметінде - 2003 жылдың наурызынан.

55 жыл бұрын (1954) ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор АМАНБАЕВ Төлеген Рахманұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған.

Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

Қазақ химия-технологиялық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарған. 1998-2002 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. 2003 жылдан - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тематикалық әдіс және үлгілеу кафедрасының профессоры.

54 ғылыми еңбектің авторы.

8 ЖЕЛТОҚСАН, СЕЙСЕНБІ

Өзбекстанның Конституция күні. 1992 жылғы желтоқсанның 8-де өткен Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің 11-ші сессиясында қабылданды.

Қырғызстанның радио мен теледидар қызметкерлерінің күні. 1995 жылғы желтоқсанның 23-інде Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Беларус, Ресей және Украинамен 1991 жылғы желтоқсанның 8-де Минскде ТМД құру туралы келісімінде қол қойылған мемлекетаралық бірлестік - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды (ТМД). Бұл мемлекеттердің айтуынша, КСРО терең дағдарыс пен құлау кезеңінде өзінің өмір сүруін тоқтаты, олар достастықты саяси, экономикалық, гуманитарлық, мәдениет және т.б. жақтарынан дамытуға ынталанатынын айтты. 1991 жылғы желтоқсанның 21-де келісімге ТМД-ның Басты қағидалары мен мақсаттары декларациясына Беларус, Ресей және Украинамен бірге Алматыда қол қойған Әзірбайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан қосылды. 1993 жылы ТМД-ның Жарғысы қабылданды, онда мемлекеттер бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырады: адам бостандығы мен құқығын қамтамасыз ету, сыртқы саяси қызметті үйлестіру, ортақ экономикалық кеңістікте көлік және байланыс жүйесін дамыту ынтымақтастығын құру, тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және иммиграциялық саясаттың сұрақтары, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сыртқы шекараны қорғау мәселесіндегі ынтымақтастық. ТМД-ның нақты мүшелерімен қатар, өзге қызметтеріне қатысатын басқа қауымдастық мүшелері болуы мүмкін. ТМД мемлекет басшыларының отырысында кейбір мемлекеттер бақылаушы ретінде отырады.

Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Мемлекетаралық экономикалық кеңес, Санкт-Петербордағы үкіметаралық ассамблеяның орталығы секілді тағы басқа органдары құрылды. ТМД-ның тұрақты жұмыс істейтін органы - Минскідегі үйлестік-кеңестік комитет.

17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Инженерлік Академиясы құрылды, оның президентті болып О.Жолдасбеков тағайындалды.

Қазіргі күні Ұлттық инженерлік академия Қазақстандағы ең ірі және ықпалды қоғамдық ғылыми ұйым болып табылады. Оның құрамында 20-дан астам ғылыми-өндіріс орталықтары жұмыс істейді, ол бүкіл қазақстандағы технопарктерді құрылу мен дамытуына белсенді қатысады, оның бөлімдері мен филиалдары аймақтағы өндіруші кәсіпорындарымен тығыз байланыста. Академияның ғылыми орталықтарының арасынан мынандай ұйымдарды белгілеуге болады, олар Ғылыми-инженерлік ақпараттық-есептеуіш орталығы, «Нефть» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазіргі заман технологияларының институтты, Экологиялық сараптама институты және басқалар. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен АҚШ Ғылым академиясының бірігіп өткізген халықаралық сертификаттауынан табысты өтті.

  

15 жыл бұрын (1994) Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрылғанына 60 жыл толуына байланысты университет бас ғимараты алдында әл-Фараби ескерткіші ашылды.

12 жыл бұрын (1997) Тегеранда өткен (Иран Ислам Республикасы) Ислам Конференция Ұйымының VIII-ші Саммитте «Қазақстан Республикасының Азиядағы өзараәрекеттестік және сенім шаралары мәжілісінің шақырылымы бастамасын қолдау туралы» Қарар қабылданды.

1 жыл бұрын (2008) Павлодардың Ертіс жағалауы балалары жазған «Слова, идущие от сердца» атты кітап жарық көрді. Онда облыстың 70-жылдығына арналған «Павлодарское Прииртышье - территория дружбы и согласия» атты байқауына жіберілген ең үздік әңгімелер, өлеңдер мен суреттер жарияланды. Шығармашылық жарыстың ұйымдастырушысы - Қазақстан Халқының кіші ассамблеясы және «Звезда Прииртышья» атты облыстық газеті. Жас прозашы мен ақындар шығармашылық шабыттарымен және сүйіспеншіліктерімен туған ауылы мен ауылдастары туралы айтып берді. Эссе мен ақындық жолдардың авторлары - ауыл мен қала мектептерінің оқушылары, студенттер мен Павлодарлық ұлттық жаңғырту мектебінің оқушылары.

ЕСІМДЕР

  

75 жыл бұрын (1934-1984) Қазақ КСР-нің волейболдан еңбек сіңірген жаттықтырушысы ДЕМИН Юрий Михайлович дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған.

Қазақ дене тәрбиесі және спорт институтын (Қазақ спорт және туризм академиясы) бітірген.

Алматы қалалық білім беру бөлімі № 1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы қызметін атқарған.

КСРО чемпиондары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері А.Портной, Н.Рагозин, ағайынды Виталий мен Вячеслав Шапрандарды баптаған.

70 жыл бұрын (1939) педиатр-ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері ХАБИЖАНОВ Болат Хабижанұлы дүниеге келді.

Атырау облысында туған.

Алматы медицина институтын (С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген.

1963-1978 жылдары - Қазақ педиатрия ғылыми-зерттеу институтының (Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері. 1978-1991 жылдары - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жүрек-қантамыр аурулары бөлімшесінің меңгерушісі. 1991 жылдан - С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті №2 балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі.

Негізгі ғылыми еңбектері ревматология мәселелеріне арналған. Ревматизмге шалдыққан балаларда дәрі-дәрмектен болатын аллергиялық реакциялардың сыр-сипаты жөнінде теорияны пайымдады.

Қазақ тілінде студенттерге арналған тұңғыш «Бала хирургиясы», «Педиатрия» оқулықтардың, 7 өнертабыстың, 200 аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы. 4 ғылым докторларын, 19 ғылым кандидаттарын даярлады.

«Қазақстан Республикасының ғылым ісін дамытқаны үшін» белгісімен марапатталған.

50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық саяси жұмыс департаментінің директоры НҰРҒАЗИЕВА Бану Ғаниқызы дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Қазақстан Компартиясы Шелек аудандық комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы үйінде үйірме жетекшісі, Армияға, авиация мен флотқа жәрдемдесу жөнiндегi ерiктi қоғам (ДОСААФ) спорт-техникалық клубының оқытушысы қызметтерін атқарған. 1992-2005 жылдары - Шелек аудандық әкімшілігі ұйымдастыру бөлімінің референті, Шелек аудандық әкімдігі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Алматы қаласы әкімдігі денсаулық сақтау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімдігінің аппарат басшысы, ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Алматы қаласы әкіміне қарасты Ақпараттық-талдау орталығының директоры. 2005-2008 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат департаментінің директоры, «Восточный Медиа Экспресс» ЖШС-нің директоры, «Нұр Отан» ХДП-сы орталық аппараты саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың маусым айынан.

9 ЖЕЛТОҚСАН, СӘРСЕНБІ

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. БҰҰ-ның бастамасымен желтоқсанның 9-да атап өтіледі. 2003 жылы Мексиканың Мерида қаласында жоғары дәрежелі саяси конференцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ-ның қол қою конфенциясы ашылды, 2003 жылғы қарашаның 1-де Бас Ассамблея қабылдады.

  

Танзанияның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Танзания федерациясы 1964 жылы Занзибар мен Танганьика мемлекеттерінен құрылды. Танганьика тәуелсіздігін 1961 жылы желтоқсанның 9-да, ал Занзибар 1963 жылдың желтоқсанның 10-да алған болатын. 1964 жылғы қаңтардың 12-де екі ел бірігіп, Біріккен Танзания Республикасын құрды. Танзанияның 1965 жылы қабылданған уақытша конституциясы екі елдің толық теңдігін қарастырған.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Қазақ КСР Министрлер кабинетінің Қаулысымен А.Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапхана Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы болып өзгертілді.

12 жыл бұрын (1997) Тегеранда ислам әлемінің экологиялық апаттардан зардап шеккен аймақтарына: Арал теңізінің бассейні мен Семей ядролық полигон аймағына көмек көрсету туралы Қарар қабылданды.

1 жыл бұрын (2008) Оралда генерал-майор Асылбек Жаманбаевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Асылбек Жаманбаев (1946-2007) М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, еліміздің ішкі істер органдарында көп жылдан бері жұмыс істеді. Атырау, Жезқазған облыстарының ІІБ әр жылдары басқарды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтің Жарлығымен оған генерал-майор атағы берілді. Соңғы жылдары А.Жаманбаев қалалық маслихаттың депутаты және Оралдағы еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының профессоры болды.

1 жыл бұрын (2008) Қарағандыда ұлы ғалым және ойшыл Абайға арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысты. Ескерткіш авторы - мүсінші Асқар Нартов. Бес метрлі мүсін Қарағанды облысының көркемдік-өндірістік комбинатында құйылған.

ЕСІМДЕР

  

100 жыл бұрын (1909-1983) ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері НҮСІПБЕКОВ Ақай дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Алматы облысы Кеген ауданында туған.

Алматы ауыл шаруашылығы техникумын, Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін бітірген.

Алматы ауыл шаруашылығы техникумының оқытушысы, директоры, Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1937-1941 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, Семейдегі басшы ұжымшар кадрларын даярлайтын республикалық оқу орнының директоры. 1946-1983 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, этнография бөлімінің меңгерушісі, директоры.

Төңкеріске дейінгі және кеңестік Қазақстан тарихына байланысты 200-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Бес томдық «Қазақ КСР тарихының» негізгі авторларының бірі.

Қазақстан Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ленин, 1- және 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, бір көшеге есімі берілген.

75 жыл бұрын (1934-2007) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА Кира Мұташқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Ташкенттегі Орта Азиялық политехникалық институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтының лаборанты, аға лаборанты, кіші, аға ғылыми қызметкері, гидрохимия зертханасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) профессоры қызметтерін атқарған.

Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты - Қазақстан жер асты суларының химиялық құрамы. Жер асты сулары химиялық құрамының қалыптасу ерекшеліктері, гидросфераның табиғи суларының химиялық құрамы қалыптасуының генетикалық заңдылықтарын кентастық кен орындарын іздеу және экологиялық мақсаттарда зерттеген.

10 ЖЕЛТОҚСАН, БЕЙСЕНБІ

Адам құқын қорғаудың халықаралық күні. 1948 жылғы желтоқсанның 10-да БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдады. Барлық елде 1950 жылдан бастап атап өтіледі.

Таиланд корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Бүгінде Таиланд - конституциялық монархия. 1932 жылдан бастап, бүгінгі монарх - Ұлы мәртебелі король - Пумипон Адулядетқа дейін (9 Рама, 1946 жылдан бері басқарып отыр) өз билігін Ұлттық Ассамблея, атқарушы билікті Министрлер кабинеті, сот билігін - сот арқылы жүзеге асырады.

Футболдың бүкілдүниежүзілік күні. БҰҰ-ның шешімімен атап өтіледі.

Нобель сыйлығын тапсыру күні. Белгілі ғалым А. Нобельдің туған күніне байланысты, жыл сайын Норвегия королінің қатысуымен Осло университетінің үлкен залында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтеді.

ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1991) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

18 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Республика сарайында бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың Елбасы қызметіне кірісуіне арналған Республика Жоғарғы Кеңесінің салтанатты мәжілісі болып өтті. Президент ата-баба салтымен ақ киіздің үстіне көтеріліп, халық алдында ант берді.

18 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Президентінің Республиканың Алмас қорын құру туралы Қаулысы шықты.

10 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысындағы №2 Сарыағаш орта мектебіне қазақтың белгілі жазушысы Асқар Сүлейменовтің есімі берілді.

1 жыл бұрын (2008) Фонтенблода (Франция) «Н.Назарбаев - создатель казахстанской модели межэтнического и межконфессионального согласия» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болды. Мерекелік шараға қаланың саясаткерлері, іскерлер мен академиялық ортаның өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер мен ғылым тұлғалары және қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақ студенттері қатысты.

  

ЕСІМДЕР

  

120 жыл бұрын (1889-1970) ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО География қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанда гляциология ғылымының негізін салушылардың бірі ПАЛЬГОВ Николай Никитич дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған.

Мәскеу құрылыс училищесін, Бүкілодақтық сырттай оқыту институтын бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясы география секторының меңгерушісі, КСРО География қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - мұздықтардың пайда болуы, олардың көлемін, қуатын анықтау. Іле Алатауы жоталарындағы мұздақтардан бастау алатын өзендердің гидрогеографиясын және гидрологиялық режимін зерттеуге елеулі үлес қосты. Жетісу, Сырдария облыстары жерін алғашқылардың бірі болып топографиялық картаға түсірді.

Тянь-Шаньдағы екі мұздық, Полюстік Оралдағы бір мұздық Пальгов есімімен аталады.

100 жыл бұрын (1909-1999) ғалым-педагог, филология ғылымының кандидаты, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, республиканың жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қайраткері АҚМҰРЗИН Сәрсен дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған.

Батыс Қазақстан облысы Сламихин (Жалпақтал) педагогикалық техникумын бітірген.

Орал қаласындағы қазақ орта мектебінің (№11 мектеп-интернат) директоры, Батыс Қазақстан педагогикалық институтының оқытушысы, ректоры, проректоры, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

28 ғылыми еңбектің авторы. Негізгі ғылыми еңбектері жоғары оқу орындары мен орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдісін жүйелеуге, қазақ әдебиетінің даму тарихын қарастыруға арналған.

Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1974) акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері ДУХНО Андрей Владимирович дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Зыряновск қаласында туған.

Жаттықтырушысы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Э.Григорянц.

Азия ойындарының абсолюттік чемпионы (Жапония, 1996). 1996 жылы Германияның Федеративті Республикасында, 1998 жылы Минск қаласында өткен әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері.

11 ЖЕЛТОҚСАН, ЖҰМА

Демікпенің бүкілдүниежүзілік күні. Кеңірдек демікпесі ауруына назар аударту мақсатында Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты - денсаулық саласындағы күрделі мәселелерінің бірі болып саналатын демікпе ауруының себеп-салдарларымен халықты жан-жақты таныстыру. Оны жеңу жолында ғылым саласында жасалған жаңалықтар туралы хабарлау. Бүгінде әлемде 300 миллион адам демікпемен ауырады. Ол көбіне нашар экологияның салдарынан пайда болады.

Халықаралық тау күні. 2003 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-ші шешімі бойынша желтоқсанның 11-де атап өтіледі. 2004 жылдан бері БҰҰ шешімі бойынша «Бейбітшілік - таулардың тұрақты дамуына кілт» атты ұранмен өткізіледі. Бас Ассамблеяның қарарында таулы аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған ерекше өзекті мәселелер белгіленген. Бұл күні Бас Ассамблея халықаралық бірлестіктерге жоғары деңгейдегі мерекелік шаралар ұйымдастыруына шақырды, оның мақсаты таулы аймақтардың тұрақты дамуын насихаттау.

Жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатқан таулар 10 пайызға жуық тұрғындардың үйі. Бұл - өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін көптеген түрлері үшін қорық, жердегі негізгі өзендердің қайнар көзі.

ОҚИҒАЛАР

12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ресейдің қолданбалы ғылымдар академиясының Құрметті мүшесі болып тағайындалды.

11 жыл бұрын (1998) Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті.

3 жыл бұрын (2006) Алматыда көпшілікке Шайх-Асан Курайшин ас-Сунна деген атпен танымал журналист Асан Сарқұловтың «Заман көшіндегі дін ақиқаты» атты кітабының тұсау кесері болды.

Ол кітапта Қазақстанда мұсылман дінін тарату туралы, ислам дінінің дамуы туралы және де осы тақырыпта басқа жаңа баспалар шығару туралы жазылған. Кітаптың тиражы үш мыңға жуық.

3 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы орталығында танымал қоғам қайраткері Сәтқали Сапаровтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. С.Сапаров (1928-1976) 14 жыл ішінде аймақтағы үш ауданды - Зеленовка ауданын (1962-1963), Тасқалы ауданын (1963-1972) және Жаңақала ауданын (1972-1976) басқарды. Ол басқарған аудандардың дамуына сіңірген еңбегі үшін екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Жаңақала ауылының орталық көшелерінің біріне есімі берілген.

ЕСІМДЕР

  

90 жыл бұрын (1919-1995) әнші, музыкатанушы БЕКХОЖИНА Талиға дүниеге келді.

Семей қаласында туған.

Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория) бітірген.

Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері болған.

Фольклорлық экспедиция құрамында Қазақстанның және Өзбекстанның жергілікті тұрғындары арасынан бұрын белгісіз болып келген 1500-ден астам әндерді нотаға түсірген, халық шығармашылығының орындаушылары жайында деректер жинаған. Ақын әрі композитор Ш.Құдайбердиевтің әндерін құрастырып, кітап шығарған («Аманат», 1989).

12 ЖЕЛТОҚСАН, СЕНБІ

Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылған күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы желтоқсанның 12-ндегі «Қазақстан Республикасының қаржы, салық және кеден қызметін қайта құру туралы» Жарлығын орындау мақсатында осы қызметтердің барлығы бір жүйеге - ҚР Қаржы министрлігіне біріктірілді. ҚР Кеден комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы болып қайта құрылды.

ҚР Кеден органдарының негізгі қызметі - Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және мәдени құндылықтарды заңсыз шет елге шығарудың алдын-алу, қару-жарақ, есірткі заттар тасымалдауға тосқауыл болу, контрабандамен күрес, республика бюджетіне кеден салығының уақытында түсіп отыруын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы азаматтар мен автокөлік өткізу жұмысын ұйымдастыру және басқалар. Ең басты мақсатының бірі - кәсіби деңгейі жоғары кеден қызметінің мамандарын даярлап шығару.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. РФ Президентінің 1994 жылғы жарлығымен Ресейдің мемлекеттік мерекесі ретінде бекітілген.

Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанда 21-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің қатысуымен Эталон орталығы ашылды. Елбасы Орталық Азиядағы жалғыз цезий негізіндегі уақыт эталонын өз қолымен қосты. Қазіргі заманғы 8-қабатты ғимаратта 76 эталон мен эталон жабдықтарының бірлігі 10 түрлі зертханада орналасқан.

1 жыл бұрын (2008) БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның мүгедектер құқығы Конвенциясына және оның факультативті протоколына қол қою рәсімі өтті. Қазақстан Конвенцияға қосылған әлемнің 137-ші елі болды. 2006 жылғы желтоқсанның 13-де БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында құжат қабылданып 2008 жылғы мамырдың 3-де күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымында Конвенцияның орындалуын бақылайтын орган құрылды. Мүгедектер құқығының комитеті Конвенцияға қатысушы-мемлекеттердің баяндамасын қарап, ұсыныс пен ортақ ұсынымдар шығарады.

  

ЕСІМДЕР

  

80 жыл бұрын (1929) актер, Қазақстанның халық әртісі ЖӘКІБАЕВ Қасым Әбенұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған.

Т.Жүргенев атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.

1948 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының, «Қазақфильм» киностудиясының актеры.

Театр сахнасында Сарман, Жақай («Алтын сақа», «Ыбырай Алтынсарин» М.Ақынжанов), Полонии («Гамлет» У.Шекспир), Врум («Махаббат пен зұлымдық» Ф.Шиллер), Қайрабай («Мөлдір махаббат» С.Мұқанов), Тоқай («Ұлпан и Есеней» Ғ.Мүсірепов пен К.Ысқақов), Шыңғыс хан («Миғұла терісі үстіндегі сот» Ш.Айтматов пен М.Шаханов) рөлдерін ойнаған. «Дерсу Узала», «Қан мен тер», «Үшеу», «Сталинге сыйлық», «Отырардың күйреуі», «Тоғысқан тағдырлар», «Махаббат стансасы» сияқты 100-ге жуық фильмдер мен сериалдарға түскен.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) әскери қайраткер, генерал-майор МАРДЕНОВ Жүкен Баймұханбетұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған.

Алматы мемлекеттік шет тілдер институтын бітірген.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) Павлодар облыстық басқармасының қызметкері болған. 1968-1983 жылдары - Қазақ КСР МҚК-нің орталық аппаратында, МҚК-і Көкшетау және Шығыс Қазақстан облыстық басқармалары бастығының орынбасары. 1983-1991 жылдары - Қазақстан МҚК-і Бірінші (барлау) басқармасының бастығы - Қазақстан МҚК-і Алқасының мүшесі, МҚК-і Целиноград (Ақмола) облыстық басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Халық депутаттары облыстық және қалалық кеңесінің депутаты, Қазақ КСР МҚК-і төрағасының кадр жөніндегі орынбасары. 1991-1994 жылдары - Қазақстан МҚК-і барлау бөлімінің бақылаушысы. 1994 жылдан - «Аксель» компаниясы бас директорының орынбасары. Қазіргі кезде күзет фирмасын басқарады.

«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестік президиумы төрағасының орынбасары.

«Құрмет белгісі» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10-жыл», басқа да медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, «Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті қызметкері» белгісімен, Қазақстанның халықаралық қатынастар орнатуына белсенді үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрінің Алғыс хатымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1954) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖЫЛГЕЛДИЕВ Сағат Ермағамбетұлы.

Қызылорда облысында туған.

Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

1977 жылдан - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының актеры.

Сахнада Ақын («Ауылдан келген ару» И.Сапарбаев), Байжан («Алтын ажалы» И.Ғайып), Абдолла («Ең әдемі келіншек» С.Балғабаев), Қожа Ахмет Иасауи («Әзірет Сұлтан» О.Дастанов), Шеге, Байдалы би, Сердәлі («Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері -Ақтоқты» Ғ.Мүсірепов) рөлдерін сомдаған.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

13 ЖЕЛТОҚСАН, ЖЕКСЕНБІ

Мальта Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні. 1974 жылы Өкілдер Палатасының шешімімен Мальта республика болып жарияланды.

Бүкіләлемдік балалар телеарнасы мен радиохабарламаларының күні. Бұл мерекелік күнді 1994 жылғы сәуірде Каннада БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері жариялады. Сол кезден бері жыл сайын желтоқсанның екінші жексенбісінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

  

14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қаулысымен Сауд Арабия Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

5 жыл бұрын (2004) Астанада вокзал алаңында 1922 жылы шығарылған республикадағы ең ескі паровоз қойылды. Астананың теміржол вокзалында «Батыр-паровоз» ескерткішін орнату туралы Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев 2004 жылғы 6-шы тамызда теміржолдың 100-жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан болатын. Паровоз Швецияда жасалған. 1922-1982 жылдар аралығында Қазақстанның темір жолдарында және басқа бұрынғы одақ республикаларының магистраль жолдарында пайдаланыста болған, Ұлы Отан соғысы жылдары майдан маңындағы учаскелеріне жүк тасымалдаған.

5 жыл бұрын (2004) Тараздағы Абай атындағы Орталық кітапханада электронды залдың көрсетілімі болып өтті. Электронды залда жаңа компьютерлер, сканерлер, құжаттардың бай электронды коллекциясы бар. Бұл кітапханалық жүйе Қазақстанның Ақпараттық кітапханалар консорциумының мүшесі.

  

3 жыл бұрын (2006) алғашқы рет Қазақстанда С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында балаларға арналған - «Мұхаммед Пайғамбар» және «Қажы» атты исламның жорамалы мен құндылықтары, әлемнің ең ірі діні туралы Санйаснаин Хан кітабының тұсау кесері өтті. Кітаптар «Расскажи мне о?» сериясында берілген. Олар көптеген елдерде ағылшын,орыс және басқа тілдерде шықты. Кітап бәріне түсінікті тілде жазылған және тамаша көркемделген.

  

3 жыл бұрын (2006) Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов «Золотой Икар» атты сыйлықтың иегері атанды. Сыйлықты Еуразиялық кеңістікте мәдени байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Далл'арко» Халықаралық мәдени қордың шешімімен қордың вице-президенті Янник Мерсье табыс етті.

ЕСІМДЕР

  

240 жыл бұрын (1769-1844) орыс жазушысы, ақын, мысалшы, Санкт-Петербор Ғылым Академиясының академигі КРЫЛОВ Иван Андреевич дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған.

Крылов орыс әдебиетінде мысал жанрын биік сатыға көтерді. Өткір де айшықты тілімен, әжуасықағымен ерекшеленетін 200-ден астам мысал жазды. Шығармаларында өмір шындығын терең бейнелеп, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды шенеді. «Рухтар поштасы» сатиралық журнал шығарды. Көптеген пьесалар мен либреттолардың авторы.

Қазақ оқырмандарын Крылов мысалдарымен алғаш рет Ы.Алтынсарин («Қарға мен түлкі»), Абай («Есек пен бұлбұл», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден») таныстырды. А.Байтұрсынов Крыловтан аударған және өзі жазған мысалдардан тұратын кітап шығарса, С.Көбеев «Үлгілі тәржіма» атты кітап жазып, оған Крыловтың 37 мысалының аудармасын енгізді. Крыловтың туындылары «Мысалдар» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып шыққан.

85 жыл бұрын (1924) түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚАЙДАР Әбдуәли Туғанбайұлы дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Алматы облысында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет), Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген.

1954-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі - Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ұйғыр-дүнген мәдениеті секторының кіші ғылыми қызметкері, шығыстану секторының аға ғылыми қызметкері, ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан - Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі - Ғылым академиясы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры.

Негізгі ғылыми ізденістері қазақ және ұйғыр тілдері және жалпы салыстырмалы түркітану, сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология, паремиология мәселелерін зерттеуге арналған. Елдегі тіл саясатына белсенді араласып, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қолданылуына қатысты елеулі ат салысты.

Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті. Башқұртстан Ғылым Академиясының құрметті академигі. «Известия НАН РК», «Советская тюркология» ғылыми, ғылыми-танымдық журналдарының редакторы, редакциялық алқасының мүшесі. 

3 дәрежелі «Даңқ», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар