ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 15-і мен 20-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Қыркүйектің 15-інде   Үкімет  үйінде   Премьер-Министр  Кәрім Мәсімов   елімізге    ресми  сапармен келген Вьетнам   премьері Нгуен Тан Зунгамен  кездеседі.

Қыркүйектің 15-інде Денсаулық сақтау министрлігінде  «Қазақстан  Республикасында денсаулық сақтау  саласы менеджерінің    дайындығы»  мәселесіне арналған брифинг    болады.

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР

Қыркүйектің 16-сында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитеті су көлігінде бақылау мәселелері және «Скутер» республикалық жедел алдын алу шарасының нәтижелерін шолуына арналған баспасөз конференциясын өткізеді.

Қыркүйектің 15-16-сында Алматыда сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстан-литва үкіметаралық комиссияның бесінші отырысы өткізіледі. Комиссияның қазақстандық бөлігін Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, ал литва бөлігін - экономика министрі Дайнюс Крейвис басқарады.

ПАРЛАМЕНТ

Қыркүйектің 15-інде Парламент  Мәжілісінде  Халықаралық істер,  қорғаныс және  қауіпсіздік  жөніндегі комитеттің  отырысы  болады.

ҚОҒАМ

Тамыздың 1-інен бастап  жолаушылар пойыздарының  плацкарт  вагондарының  билет  құнына  төсек  жабдықтарының    құны қосылады. Жолаушылар төсек  жабдықтарын    бұдан былай билет кассасында     жол құжатын   ресімдеу кезінде    сатып ала алады. Оған қоса,       қыркүйектің 15-іне  дейін  плацкарт  вагондарда  ВУ-9  түбіртектері  бойынша   төсек жаймаларының уақытша сатылымына    рұқсат етіліп отыр.     Бірақ    қыркүйектің  15-інен бастап     вагондарда төсек жабдықтарын сатуға  тыйым салынады.  Жолаушы   төсектің  құнын   билет кассасында төлеуден бас тартса,  оны вагонда    сатып  ала алмайды.

Тамыздың 11-і мен  қыркүйектің 30-ы  арылығында   БҰҰ-ның  Нью-Йорктегі   штаб-пәтерінде  «Ядролық қаруға  жол жоқ»  қазақстан-жапон көрмесі өтеді.

Қыркүйектің 14-15-інде Венада «Қазіргі замандағы құлдықтың алдын алу: сауықтырудың унциясы емделудің фунтынан артық» атты адам саудасына қарсы күрес мәселесі бойынша конференция өтеді. Аталған конференцияға ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова қатысуда.  Конференцияның басты мақсаты: ұлттық және халықаралық тәжірибені қоса алғанда, заңды және саяси міндеттемелерге сүйене отырып, адам саудасын алдын алу және мұндай қылмысқа қарсы күрес жөнінде пікір алмасуларды өткізу.

Қыркүйектің 14-19-ы аралығында Венада Халықаралық атом энергиясы агенттігінің Бас Конференциясының 53-ші сессиясына Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Асет Мағауов басқарған Қазақстан делегациясы қатысады.

Қыркүйектің 15-інде саяси сұхбат кестесіне сәйкес Брюссельде «Еуропалық Одақ - Орталық Азия елдері» форматындағы министрлік конференция өткізіледі. Конференцияға Еуроодақ мүше-елдері мен Орталық Азия мемлекеттері сыртқысаяси мекемелерінің басшылары, Европалық комиссияның, Еуропалық Одақ Кеңесі және Еуропалық Қайта құру және даму банкісі мен Еуропалық инвестициялық банкісінің өкілдері жиналады. Іс-шараға еліміз атынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары - Еуроодақпен іс-әрекеттер жөніндегі ұлттық координаторы Константин Жигалов қатыспақ.

Қыркүйектің 17-18-інде  Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалығына  дайындығы аясында Ұйымның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Бюросы «Төрағалықтын арнайы тобы - Task Force» қызметкерлеріне арналған брифинг өткізілуді жоспарлауда. Брифингте Бюро өкілдері 2010 жылға жоспарланған ДИАҚБ-ның қызметі туралы ақпаратты беріп, СІМ-нің сарапшыларымен консультациялар өткізеді.

АСТАНА

Қыркүйектің 11-і мен   қазанның 11-і аралығында  Қазақстанның Тұңғыш   Президентінің мұражайында   Қостанай  облыстық мұражай  қорларының  «Ұлттық  мәдениеттер  бесігі»   тақырыбындағы  көрмесі    өтеді.

Қыркүйектің  15-інде    «7 арна»  жұмысының  басталуына арналған  баспасөз мәслихаты  өтеді.

Қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында  Астанада    тазалық  айлығы өтеді. 

Қыркүйектің 15-інде   Куба Елшілігінде  «АҚШ-та саяси тұтқында отырған  кубалықтар»  тақырыбында баспасөз мәслихаты  болады.

Қыркүйектің 15-інде   Астана  Ішкі істер  департаментінде апталық  брифинг өтеді.

Қыркүйектің 15-інде  «Нұр Отан»  партиясының  кеңсесінде  «Партияның кадрлық  резервін    қалыптастыру  жөніндегі       партия   қызметі» тақырыбына арналған брифинг өтеді.

Қыркүйектің 15-інде  «Риксос»  президенттік отелінде   Қазақстан-Вьетнам бизнес-форумы  болады.

Қыркүйектің 16-сында    Өнер мектебінде жас суретшілердің «Адам және Заң»   тақырыбына арналған  конкурсы  өтеді.

Қыркүйектің 16-сында Қазақтың  Мемлекеттік  заң  университетінде  «Отанды сүю -иманнан»  деген   тақырыпта   рухани-патриоттық  кеш өтеді.

Қыркүйектің 17-сінде    «Нұр Отан»  партиясы  жанындағы   Партияаралық кеңестің кезекті  отырысы   өтеді,  онда Үкіметтің  дағдарысқа  қарсы бағдарламасының  әлеуметтік   мәселелері   талқыланады.

Қыркүйектің 18-інде  «Арна медиа» Ұлттық  ақпараттық холдингінде   Қазақстан халықтарының    тілдері күніне арналған  «Тілдер күні» конкурсы  өтеді.

АЛМАТЫ

Қыркүйектің 15-інде «Алтын Қарғалы» курортында      мал шаруашылығында    генетикалық ресурстарды сақтау  және   оларды  пайдалану  мәселесіне арналған   халықаралық  конференция  өтеді.

Қыркүйектің 15-інде  Қазақтың  Әл-Фараби  атындағы   Ұлттық университетінде  С.Сатыбалдиннің кітабының  таныстырылымы  болады.

Қыркүйектің  15-інде  «Сайран» автовокзалында  «Жолаушылар  көліктерінің   қауіпсіздігі»   акциясына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

Қыркүйектің 16-сында   Қазақстан-Литва  бизнес-форум өтеді.

Қыркүйектің 20-сында   Алматы  қаласының күні  тойланады.

Қыркүйектің 21-інде Алматыда «Ұлтаралық әрекеттестік үлгісі: Қазақстан халқы Ассамблеясы және ЕҚЫҰ» атты халықаралық семинары өтеді. Аталған іс-шара Қазақстан Халқы Ассамблеясы және ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен және ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар мәселелері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Кнут Воллебектің қатысуымен өткізілетін болады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР.  МЕРЕКЕЛЕР.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 15-І, СЕЙСЕНБІ

Халықаралық бейбітшілік күні. 1982 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен қыркүйектің үшінші сейсенбісінде аталып өтіледі. 1981 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 34 сессиясында БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес ұйымның негізгі мақсаты - ұлттық және халықаралық деңгейде бейбітшілікті қолдау екендігі еске алынды және әлемнің ұлттары мен ұлыстары арасында бейбітшілікті нығайтуға және мерекелеуге арналған күн белгілеуге шешім қабылданды. 2001 жылдың 7 қыркүйегінде БҰҰ-ның бас Ассамблеясы Халықаралық бейбітшілік күнінің маңызын арттырып, барлық әлемдегі жауласып жатқан тараптарды жыл сайын Бүкілдүниежүзілік оқ атуды тоқтату күнін атап өтуге шақырды.

Халықаралық демократия күні. 2008 жылы Манилада өткен жаңа және қайта жаңғырған демократиялы елдердің Бірінші халықаралық конференциясының 20 жылдығына байланысты 2007 жылғы қарашаның 8-де қабылданған қарарына сәйкес БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясының шешімі бойынша аталып өтеді.

  

Коста-Рика Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Коста-Рика мемлекеті Орталық Американың таулы аймағында орналасқан. Астанасы -Сан-Хосе.

Қазақстан Республикасы мен Коста-Рика Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылғы қазанның 1-де орнатылды.

Никарагуа Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821).

Мемлекет Орталық Америкада орналасқан. Астанасы - Манагуа

Қазақстан Республикасы мен Никарагуа Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы шілденің 6-сында орнатылды.

Барлық мұсылман қауымы үшін Қасиетті Қадір түні. (2009 жылғы қыркүйектің 15-16). Айлардың ұлығы - Рамазан, күндердің ұлығы - жұма болса, түндердің шапағаттысы - Қадір түні. Алла Тағаланың қасиетті кітабы - Құран Кәрімнің алғашқы сүрелері рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні түскен. Осы кештің қасиеті мың айдан артық делінген аят бар. Мұсылмандар бұл түнді ұйқысыз өткізіп, он сегіз мың ғаламды, барша адамзатты, бүкіл тіршілікті жаратушы жалғыз Алладан тілек тілеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде осы түнге шын иланып сұралған тілек қабыл болады делінген. Жәннат төрт түрлі мүмінді ерекше күтеді: Біріншісі - осы айда арнайы Құран оқыған адам; Екіншісі - ораза кезінде өсек-өтіріктен, дау-жанжалдан аулақ, тіліне сақ болған адам; Үшіншісі - аш адамдарға және ораза тұтушыларға тамақ бергендер. Алла Тағала ондай қайырым жасағандарға кәусар суынан ішкізеді. Оны ішкендер ешқашан шөлдемейді және жәннат иесі болады; Төртіншісі - рамазанда арнайы ораза тұтқан адамдар.

Кейро-но-хи, қарттарды құрметтеу күні немесе Жапониядағы адам жасына құрмет күні. Бұлкүн Жапонияда ресми түрде демалыс саналады. Үкімет өкілдері жүз жасқа жеткен қарияларға атаулы күміс табақтарды сыйға тартады, ал жастары жүзден асқандарға құттықтау хаттарын жібереді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қолдауымен Егделер қоғамы да салтанатты рәсімдер өткізеді. Жүз жастан асқандарға солардың өздері бейнеленген портреттерін сыйлайды: кімде-кім 88-ге келсе - жайлы отыруға арналған үлкен жастық сыйласа, 77-ге толғандарға ақшалай сыйлықтар ұсынады. 77 мен 88 жасқа толу айрықша аталып өтеді - жапон аңызына сай қосарланған сандар киелі. Қазіргі кезде Жапониядағы орташа өмір ұзақтығы 81 жас деп есептеледі, ал 8 мыңнан аса жапондықтардың жасы 100-ге жеткен немесе одан да асқан екен.

ОҚИҒАЛАР

 

20 жыл бұрын (1989) «Қазақстан Коммерция» аймақтық сыртқы экономикалық қауымдастығы КСРО Сыртқы экономикалық байланыстар Министрлігінде тіркеліп және Қазақстан территориясында өндірілетін кең көлемді өнім номенклатурасын экспорттауда бүкілодақтық сыртқы сауда бірлестігі құқығын иеленуші және тауарды дүние жүзінің кез келген елінен импорттауға шек қойылмаған бірінші компания болып құрылды. «Қазақстан Коммерция» АСЭҚ-ы «Ермаков ферроқорыту зауытынан» ферроқорытпаларды, «Балқашмыс» ӨҰ-нан катодтық мыс, «Қазполиметалдан», «Қазвольфрам» ӨҰ-нан қорғасын мен мырыш концентратын, «Маңғышлақмұнай» ӨҰ-нан мұнай, «Каспийлік тау-металлургиялық комбинаты» ӨҰ-нан минералды тыңайтқыштар, «Семей былғары және тері бірлестігінен» былғары шикізатын, Жамбыл және Семей жүнді бастапқы өңдеу фабрикаларынан жүн және т.б. тауарлады экспортқа қойған бірінші қазақстандық компания. «Қазақстан Коммерция» АСЭҚ-ғы - шет елде өзінің өкілдігін ашқан бірінші қазақстандық ұйым. 1990 жылдың қараша айында Лондонда «Қазақстан Коммерция» АСЭҚ-ы офисі ашылды. «Қазақстан Коммерция» АСЭҚ-ы қазақстандық компанияларды коммерция әлеміне шығару мақсатында қара және түсті металлургия кәсіпорындарының мамандары мен басқарушыларына Германия мен Англияға; жеңіл өнеркәсіп және химия мамандары мен басқарушыларына Испания мен Оңтүстік Кореяға; мұнайшыларға Англия, Италия, Жапонияға және тағы басқа елдерге сапарлар ұйымдастырды.

«Қазақстан Коммерция» АСЭҚ-ның бас директоры Ж.Ж.Нәбиев Алматыда 1993 жылдың 18-20-сәуірінде бірінші рет өткізілген Бүкіләлемдік экономикалық форумның шетелдік қатысушыларының қалауымен Қазақстандағы Бизнес семинарын басқарды. «Қазақстан Коммерция» АСЭҚ жыл сайын республика бойынша дистрибьютерлік тораптарын кеңейтуде. Қазіргі уақытта Қазақстанның 19 қаласында дистрибьютерлері бар. 2004 жылы Астанада филиалы ашылды.

  

14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып бекітілді.

13 жыл бұрын (1996) Алматы облысының Райымбек ауданында, Алматы қаласынан 300 шақырым жерде, Нарынқол мен Қарасаз жол айрығында Райымбек батырға арналған ескерткіш орнатылды.

  

135 жыл бұрын (1874) Швейцарияның Берн қаласында халықаралық пошта конгресі ашылды. Оған мемлекеттер арасында пошта алмасуды реттейтін ереже дайындау мақсатында 22 елдің өкілдері жиналды. Сол жылы қазанда олар бүкілдүниежүзілік пошта одағын құру туралы келісімге қол қойды.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1929-1983) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі АЯПОВ Өскенбай Аяпұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Байқадам ауданында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1951-1959 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Отқа төзімді және құрылыс материалдары институтының аспиранты, кіші ғылыми қызметкері 1959-1975 жылдары - Алматы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтының аға ғылыми қызметкері, ғалым хатшы, зертхана меңгерушісі. 1975-1983 жылдары - Металлургия және кен байыту институтының зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1976-1979 жылдары Құрылыс материалдары өнекәсібі министрлігі қарамағындағы кәсіпорындардың өнім сапасын бағалау жөніндегі мемлекеттік комиссиясын басқарған.

Негізгі ғылыми жұмыстары тұтқыр материалдардың қатайғанда гидраттануын және құрылым түзілуін зерттеуге арналған. Ө.Аяпов домна және фосфор қоқыстарын пайдалану тәсілдерін тауып, құрылыста тездеткіш қосымшалар қолданудың өлшемдерін жасады, гипс кристалдануының және сілтілер байланысының құрылыс материалдары құрылымы мен қасиетіне тигізетін әсерін анықтады. 30 авторлық куәлік алған. Аяпов және оның басқаруымен жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижелері республикамыздағы құрылыс материалдары өндірісі мекемелерінде кеңінен қолданылады.

  

70 жыл бұрын (1939) физиолог-биохимик, биология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғарғы мектеп ғылым академиясының академигі ЕСЫРЕВ Олег Викторович дүниеге келді.

Ресейде туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1961-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді. 1964-1974 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Физиология институты биохимия зертханасының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1974-1993 жылдары - Мембрана физологиясы зертханасының меңгерушісі. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрінің бірінші орынбасары. 1995-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық биотехнология орталығының бас директорының орынбасары. 2000-2002 жылдары - Алматы Технология және Бизнес университетінің проректоры. 2002 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биотехнология, биохимия және өсімдіктер физиологиясы кафедрасының профессоры қызметін атқарады.

Негізгі ғылыми еңбектері мембрана физиологиясы мен биохимиясына арналған. О.Есырев жүйке медиаторларының қабылдағыштары мен бұлшық ет мембранасы қызметі жағынан өзара тығыз баайланысты екенін байқады. Кальцийдің бұлшық ет мембранасы арқылы тек бос май қышқылдары бар болса ғана емін-еркін өте алатынын дәлелдеген.

О.Есырев «Қазақстан жоғары мектебі» журналы редакциялық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым жөніндегі жоғарғы консультативті кеңестің мүшесі. 150-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

  

65 жыл бұрын (1944) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы ӘМІРОВ Иран Әмірұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ақтөбе облыстық, қалалық сотының төрағасы, Октябрь аудандық сотының төрағасы, Ақтөбе қалалық соты мен Фрунзе аудандық сотының судьясы қызметтерін атқарған. 2004 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенат депутаты болып сайланған. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Сот орындаушылары одағы орталық кеңесінің төрағасы. Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшесі. Сенат Парламентінің «Өңір» депутаттық тобының мүшесі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясының, Бельгия Корольдігі Парламентімен, Латвия Республикасының Сеймімен, Қытай Халық Республикасы Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық Жиналысымен, Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралымен, Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңесімен (Шура Мәжіліс) ынтымақтастық топтарының мүшесі.

Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-нің Еңбегі сіңген заңгері», «Құрметті Судья» атақтары берілді. Қазақстан Республикасы судьялар қоғамдастығының «Үш Би» Құрметті белгісіне ие болған. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған

  

65 жыл бұрын (1944-2002) ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері МЕЙІРБЕКҰЛЫ Әлібек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1967-1970 жылдары Қазақ телевидениесінде бөлім меңгерушісі, редакторы, шолушы қызметтерін атқарған. 1970-2002 жылдары Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында, мәдениет техникумында, музыкалық драма театрында, Жетісай аудандық газетінде әр түрі қызметтер атқарды.

Ақынның «Жүрек оты», «Бақытқа барар жол», «Мөлдір мұңым - Мүсілім», «Ләззат түні», «Ашық күнгі найзағай» атты жыр жинақтары мен драмалық шығармалары жарық көрген.

  

  

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 16-Ы, СӘРСЕНБІ

  

Озон қабатын қорғаудың халықаралық күні. Озон қабаты - Жерді ультракүлгін сәулелерден қорғап тұратын қалқан. Адамзаттың шаруашылық қызметі жер шарындағы экологиялық жағдайдың ушығуына әкеліп соқтыруда. Адамзат экологиялық қауіптің алдын-алудың маңызын түпкілікті түсініп, оны болдырмау үшін белсенді шаралар жүргізуі тиіс. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында жүргізілген осындай шаралардың бірі 1987 жылдың 16-шы қыркүйегінде озон қабатының жойылуы жөнінде Халықаралық Монреаль хаттамасына қол қойылды. 1994 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 16 қыркүйек күнін Халықаралық озон қабатын қорғау күні деп жариялады. Соның құрметіне Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1995 жылдан бастап аталып өтіледі.

Мексика Құрама Штаттарының Мемлекеттік мейрамы -Тәуелсіздік күні (1810). Мексика мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 13-інде орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

  

85 жыл бұрын (1924) Түркістан АКСР Орталық Атқару комитетінің төтенше сессиясы республикалардың ұлттық-мемлекеттік межеленуі туралы қаулы қабылдады. Мұның артынша, қазанның 24-іне РКСФР Орталық Атқару комитетінің ІІ-ші сессиясы Түркістан АКСР-ін қайта құру туралы шешім шығарды.

  

65 жыл бұрын (1944) Ақтөбе облыстық филармониясы құрылды. 1997 жылы белгілі композитор Ғ.Жұбанованың аты берілген. Филармонияда тұрақты өнер көрсететін «Арайлы Ақтөбе», «Көңілашар», «Қарлығаштар» секілді концерттік бригадалары, 1987 жылдан музыкалық  лектория тобы жұмыс істейді. Филармония құрамында: эстрадалық-үрмелі музыкалық оркестрі, қазақ камералық қоры, «Домбыра-Дастан» фольклорлық ансамблі, шығыс билері ансамблі құрылған. Ақтөбе облыстық филармониясында әр жылдарда Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Р.Ақжарова, Ғ.Қойшыбаева, Т.Оспанов, Ж.Сейілов, тағы басқалар қызмет істеген.

17 жыл бұрын (1992) Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы мүшелерінің Парламентаралық ассамблеясы құрылды.

  

3 жыл бұрын (2006) Алматы облысының Қарасай ауданында қазақтың батыры Наурызбайға арналған ескерткіш Алматы-Бішкек тас жолы маңындағы белесте орнатылды. Мәрмәр тастан қаланған тұғырға ат үстінде тік отырған батыр тұлғасы қоладан құйылған. Жалпы ескерткіштің биіктігі 17 метр. Тұғыр айналасында Наурызбай батырдың жүз белгілері таңбадай басылған. Ескерткішті тұрғызған - Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументінің авторы Нұрлан Далбай.

  

70 жыл бұрын (1939) КСРО мен Жапония уақытша бітім жасасты. Моңғолия жері жапондардан толық тазартылды. Осының алдында (1939 жылғы тамыздың 20-да) Г.Жуков басқарған кеңес әскерлері Халқын-Ғол түбінде жапондарға есеңгірете соққы берген болатын.

  

ЕСІМДЕР

  

70 жыл бұрын (1939) жазушы, аудармашы САНБАЕВ Сәтімжан Қамзеұлы дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Орынбор ауылшаруашылығы институтын, Мәскеу Әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдебиет курсын бітірген. 1966-1968 жылдары - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы. 1968-1971 жылдары - «Жазушы» баспасы редакциясының меңгерушісі. 1972-1975 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының бөлім меңгерушісі, әдеби кеңесші. 1975-1977 жылдары - Павлодар трактор зауытының құрастырушы-инженері. 1983-1986 жылдары - Балқаш кен-байыту комбинатының инженері. 1986-1989 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының бөлім меңгерушісі, әдеби кеңесші. 1989 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

С.Санбаев шығармаларын орыс тілінде жазады. «Ақ аруана», «Жол жалғыз ғана», «Көп ажал», «Шөлейт даладағы құдықтар» атты повестері мен романдары жарық көрді. Абайдың қара сөздерін, «Алпамыс батыр» эпосын, М.Әуезов, С.Бегалин, Ә.Сәрсенбаевтың кейбір шығармаларын орыс тіліне аударған. Ол актер, кинодраматург ретінде де мәлім. «Мың шақырымдық жол», «Ғажайып күн» кинофильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. «Ақ бас таулар» атты көркем фильмнің сценариін жазды. С.Санбаевтың «Тұзды көл жағасындағы үй» атты романы А.Әшімовтың осы аттас фильміне негіз болды.

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, инженер-құрылысшы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Халықаралық экология академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі ЖАҚЫПОВ Қабиболла Қабенұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын «Уральсксельстрой» мекемесінде бастап, прораб, бас инженер, колонна бастығы болды. 1977-1981 жылдары - «Уральскколхозсторой» тресінің бас инженері. 1981-1983 жылдары - Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1983-1987 жылдары - Промышленный аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1987-1988 жылдары - Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1988-1989 жылдары - Орал қалалық партия комитетінің екіншісі хатшысы. 1989-1992 жылдары - Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы, қалалық кеңесінің төрағасы. 1992-1993 жылдары - Орал қалалық әкімдігінің басшысы. 1993-1995 жылдары - Орал облыстық әкімшілігінің басшысы. 1995-2000 жылдары - Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бірінші орынбасары. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Сенатындағы өкілі қызметтерін атқарған. Қ.Жақыпов басқа авторлармен бірігіп құрылыс материалдары жөнінде үш кітап шығарған.

«Құрмет» орденімен, 2 дәрежелі Мәскеу князі Әулие Даниил орденімен және медальдармен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 17-І, БЕЙСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

185 жыл бұрын (1824) Абылай ханның ұлы Қасым сұлтан Батыс-Сібір генерал-губернаторы Капцевичке хат жазды. Онда: «Егерде біздің жердегі салынған бекіністер жойылмаса, қазақтарға деген қастандық тоқтатылмаса, бұл жағдайда ренжімейтін боласыздар. Ресей жерін алатын болсақ, оған байланысты біздің арам ниетіміз жоқ. Ал, енді, сіздер бізге қарсы соғыс ашатын күнде біз қарап отыра алмаймыз. Ресей тарапынан жасалған түрлі арбау, алдау және қастандыққа көнетін шамамыз жоқ», - делінген.

Кейіннен қазақ халқының азаттық күресін Қасымның ұлдары - Кенесары мен Наурызбай басқарғаны белгілі.

16 жыл бұрын (1993) Бейжіңде Қазақстан Республикасы Елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.

13 жыл бұрын (1996) Қазақстан мен Грузия арасында экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту туралы 14 келісімдерге қол қойылды.

  

220 жыл бұрын (1789) ағылшын астрономы У.Гершель Сатурн серігі Мимасты ашты.

20 жыл бұрын (1989) Черновцыда украин өлеңінің «Червона рута» деп аталған бірінші фестивалі ашылды.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1899-1942) қоғам қайраткері, білім беру халық комиссары, Қазақстан аймақтық партия комитетінің бюро мүшесі МАНАЕВ Нұғыман Сәрсенұлы дүниеге келді.

Бөкей ордасы Теңіз уезінде туған. Уфа музыка училищесін бітірген. «Шығыс баспасы» баспаханасының терушісі, корректоры, мұғалім, Бөкей губерниялық кедейлер комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1920-1924 жылдары - Бөкей губерниялық атқару комитетінің төрағасы, губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі. 1924-1926 жылдары - Бөкей губерниялық партия комитетінің меңгерушісі. 1926-1929 жылдары - БК(б)П Ақтөбе округтік комитетінің және Жетісу губкомының жауапты хатшысы. 1929-1930 жылдары - РК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің бюро мүшесі және Қазақ автономиялық КСР Оқу халық комиссары. 1931-1933 жылдары - Етті мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1933-1934 жылдары - Қазақ марксизм-ленинизм институтының марксизм-ленинизм классиктерінің аударма бюросының меңгерушісі - ұлттық мәдениет секторының ғылыми қызметкері - Қазақ марксизм-ленинизм институтының редакциялық алқасының мүшесі. 1934-1937 жылдары - Қазақ марксизм-ленинизм институтының марксизм-ленинизм классиктерін аудару бөлімінің меңгерушісі. 1938 жылғы наурыздың 8-інде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Әскери Комиссариаты пәрменімен атылған. 1958 жылдың 10 мамырында ақталған.

«Ленинизм әліппесі» кітабының авторы.

95 жыл бұрын (1914-1942) ақын ЕСМӘМБЕТОВ Әли дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Зайсан қалалық мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген.1939-1941 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем-әдеби баспасының (қазіргі «Жазушы» баспасы) редакторы, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің бөлім меңгерушісі, «Октябрь балалары» газетінің редакторы қызметтерін атқарған.

Тұңғыш ақындық жинағы 1938 жылы жарық көрген.

«Қазақстан», «Бомба», «Адмиралдар мұхитта», «Шолпан», т.б. поэмалар авторы. А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдің шығармаларын аударған. Әли ақын Ұлы Отан соғысында қаза тапқан.

70 жыл бұрын (1939) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ТОҚПАҚБАЕВ Сәт Бесімбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебін, КСРО Сыртқы істер министрлігі Жоғары дипломатиялық мектебін бітірген. Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі болып жұмыс істеген. Шұғыл өкілетті өкіл қызметінен Қазақ КСР МҚК-нің басқарма бастығы, алқа мүшесі дейінгі жолдан өткен. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасының бастығы. 1993 жылдан - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің бастығы - Республикалық Ұлан қолбасшысы. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі. 2001 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этика сақтау жөніндегі комиссия төрағасы. 2002 жылдың қыркүйегінен - «Евро-Азия-Эйр Интернэшнл» ЖАҚ-ы әуе компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы. Депутаттық өкілеттігі 2007 жылдың 2-інші қазанынан басталды.

«Даңқ» орденімен, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстанның және Қырғыз Республикасының медальдерімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1944) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы хатшылығының меңгерушісі, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі БАЙНАЗАРОВ Ғалым дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Алматы Халық шаруашылығы институтын бітірген. КСРО Мемлекеттік банкінің Торғай бөлімшесінің несиелік инспекторы, бастығы болып жұмыс істеген. 1976-1985 жылдары - Мемлекеттік банктің Арқалық қалалық басқармасының бастығы. 1985-1987 жылдары - КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикалық кеңсесі басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 1987-1992 жылдары - Казагропромбанк төрағасының бірінші орынбасары. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басқарма бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі. 1996-1998 жылдары - «Қазпоштабанк» ЖАҚ-ы шетелдік инвестициялар департаментінің директоры. 1997-1998 жылдары - «АТРЕМ» қаржы-инвестиция компаниясының бас директоры. 1998-2002 жылдары - Сақтандырушылар одағының төрағасы. 1999-2002 жылдары - «Халықтық жинақтаушы зейнетақы қоры» ЖАҚ-ның президенті. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік құралдарын жүргізушілер одағының орталық кеңесі төрағасының кеңесшісі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитеттің мүшесі. 2005 жылдың ақпанынан жоғарыда аталған қызметте.

«Парасат» орденімен, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің және Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1949-2000) экономика ғылымдарының докторы, «Евразия» халықаралық экономика академиясының академигі, Қазақстанда парламентаризм мен демократияның негізін қалаушылардың бірі ОСПАНОВ Марат Тұрдыбекұлы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтын, ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) аспирантурасын бітірген. Ақтөбе медициналық институтында оқытушы болып жұмыс істеген. 1979-1990 жылдары - Ақтөбе медициналық институтының аға оқытушысы, СОКП тарихы мен саяси экономика кафедрасының меңгерушісі, партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары - ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа, бюджет және қаржы жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік салық инспекциясы бастығының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Бас салық инспекциясының бастығы - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бірінші орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Шетелдік капиталды пайдалану жөніндегі комитеттің төрағасы. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі 1-інші шақырылымының төрағасы. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 12-інші шақырылымының депутаты.

2-інші дәрежелі «Барыс» орденімен, медальдермен марапатталған. Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына, Алматы және Ақтөбе қалаларындағы көшелерге есімі берілген.

50 жыл бұрын (1959) Павлодар облысы Лебяжі ауданының әкімі АПСАЛЫҚОВ Серік Кәрімжанұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Павлодар педагогикалық институтын, Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мұғалім және орта мектеп директоры, Шарбақты аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1991-1992 жылдары - Павлодар облысы Шарбақты ауданы Жастар істері жөніндегі комитеттің бөлім меңгерушісі. 1992-1999 жылдары - Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары. 1999-2002 жылдары - Шалдай орман шаруашылығының директоры, ормандарды және жануарларды қорғау жөніндегі Шалдай мемлекеттік мекемесінің директоры. 2002-2006 жылдары - Шарбақты ауданының әкімі. Аталған қызметінде 2006 жылдың наурызынан.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) орыстың тамаша актері және режиссері, Ресей Федерациясының халық әртісі МЕНЬШОВ Владимир Валентинович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Астрахань қаласында туған. Мәскеу көркем академиялық театры мектеп-студиясының актер бөлімін, С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының аспирантурасын бітірген.

«Өз орнындағы адам», «Соңғы кездесу», «Жеке пікір», т.б. фильмдерге түскен. В.Меньшовтың өзі түсірген «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмі 1980 жылы таңдаулы шетелдік лента ретінде «Оскар» сыйлығына ие болды.

КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 18-І, ЖҰМА

Чили Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1810). Мемлекет Оңтүстік Американың оңтүстік-батыс жағалауындағы Анд және Тынық мұхиты арасындағы таулы жоталы асуларында орналасқан. Астанасы - Сантьяго.

Қазақстан Республикасы мен Чили Республикасы арасындағы  дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы тамыздың 19-ында орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

34 жыл бұрын (1975) Алматы облысында Қапшағай кәрлен (фарфор) зауыты іске қосылды.

17 жыл бұрын (1992) «Қазақстан» мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясы құрылды.

11 жыл бұрын (1998) Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды.

11 жыл бұрын (1998) Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды.

  

3 жыл бұрын (2006) Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғалардың 20-жылдығына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіш-монументі ашылды. Ескерткіш үш бөліктен тұрады, композиция тақырыптың мәндік-идеялық және көркемдік-образдық мазмұнын ашып береді. Ол қызыл және ақ граниттен жасалған екі пилоннан тұрады. Алғашқысы өткен мен болашақ арасындағы қақтығысты, жарылысты, халықтың өзіндік сана-сезімінің сілкінісін білдірсе, екіншісі мемлекеттің тәуелсіздігі мен бостандықтың салтанат құруын меңзейді. Композицияға сондай-ақ ұшуға ұмсынған әйелдің мүсіні енгізілген. Ол оң қолына татулыққа шақыру нышаны іспетті орамал ұстаған. Ал сол қолында бостандыққа талпынысты, ұшу белгісін білдіретін қанатын жайған құсты ұстаған. Ескерткіштің үшінші бөлігі әрлі рельефтік панномен безендірілген.

270 жыл бұрын (1739) Ресей мен Түркия 1735-інші жылдан 1739-ыншы жылға дейін созылған орыс-түрік соғысын қорытындылаған Белград бейбітшілік келісіміне қол қойды.

Осы келісімге сәйкес, Ресей Қара және Азов теңіздерінде флоттарын ұстау құқынан айырылса да, Азовск қаласын өзіне қайтару құқына ие болды. Келісімге қол қойылғанына қарамастан, оның кейбір тармақтарының заңдылығын Ресей жағы 1747 жылға шейін даулап келді.

158 жыл бұрын (1851) АҚШ-та «Нью-Йорк таймс» газетінің бірінші саны жарық көрді.

50 жыл бұрын (1959) КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Н.С.Хрущев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде адамзатты жаппай қарусыздануға шақырды.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1954) «Atameken Holding» Қаржылық Өнеркәсіп Тобы» Директорлар Кеңесінің төрағасы ҚАСЫМОВ Әлібек Хамитұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы И.С.Конев атындағы Жоғары әскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. 1975-1982 жылдары - Калининград облысындағы танк дивизиясының взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасары. 1985-1992 жылдары - Закавказье әскери округінде штаб бастығы - мотоатқыштар оқу полкі командирінің орынбасары, аға офицері, бастық орынбасары, бөлім бастығы. 1992 жылдың тамызынан - жедел басқарма бастығы - Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары. 1992 жылдың қарашасынан - Қорғаныс министрінің 1-інші орынбасары - Бас штабтың бастығы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі. 1997 жылдан Қазақстанның Түркиядағы әскери атташесі болып тағайындалған. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2004 жылдың сәуір айынан желтоқсанына дейінгі аралықта - «Lapidim Project LTD» ЖШС-нің бас директоры. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың желтоқсанынан.

Ә.Қасымов ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы күштерінде Отанға сіңірген қызметі үшін», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және КСРО медальдарымен марапатталған.

190 жыл бұрын (1819-1868) француз физигі және астрономы, оптика, механика және электромагнетизм саласында қыруар әлемдік маңызды жұмыс атқарған ФУКО Жан Бернар Леон дүниеге келген.

Сан қырлы еңбегі шынайы бағаланған ол - Париж Ғылым академиясының академигі, Берлин Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Петербор Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Лондон корольдік қоғамының мүшесі болған.

1851 жылы еркін тербеліп тұрған маятник (Фуко маятнигі) бойынша тәжірибе жасап, бір тәулікте Жерді өз осінен айналып өткендегі ауытқушылық себебін түсіндіріп берді.

1852 жылы гироскоп жасап шығарған. 1855 жылы Париж расытханасының физигі болып тағайындалады.

  

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 19-Ы, СЕНБІ

  

Рош Ашана - дүние жаратылғаннан бергі жаңа 5770-інші жыл. Бұл күні Тәңір әрбір адамның және бүкіл әлемнің келесі жылғы тағдырын айқындайды. Осы мейрамда жұмыс істеуге тыйым салынады.

  

ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шекарасында кедендік бақылауды жою туралы» Жарлығы шықты.

14 жыл бұрын (1995) Пәкістанда урду тілінде Абайдың «Таңдамалылар» кітабының аудармасы жарық көрді.

13 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ислам даму банкінің ұйымдастырумен «Қазақстан Республикасына инвестициялар» атты аймақтық конференция ұйымдастырылып, онда шетелдік инвесторлар Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы хабарландырылып, республика экономикасына қаржы тарту мүмкіндіктері талқыланды.

3 жыл бұрын (2006) Қазақстанда тұңғыш рет «Журналистика Казахстана» энциклопедиясы шықты. Авторы - Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев.

  

145 жыл бұрын (1864) АҚШ-та машиналардағы жиналмалы отырғыш патенттелді.

  

90 жыл бұрын (1919) Кариб теңізінде құтқарушы қайықтары толықтай сай, титімдей зақым тимеген испандық «Вальбарене» кемесі табылды (488 жолаушылары мен экипаж мүшелері ұшты-күйлі жоғалып кеткен).

85 жыл бұрын (1924) Бұқарада (Өзбекстан) Бұқара Халықтық Социалистік республикасын Бұқара Кеңестік Социалистік республикасы етіп қайта құру туралы шешім қабылданған Кеңестердің Бүкілбұқарлық V құрылтайы ашылды. Бір айдан кейін ол Түркімен, Өзбек және Тәжік КСР-лары болып тарқап тынды.

ЕСІМДЕР

  

75 жыл бұрын (1934-1998) шахматшы, республикадағы шахмат қозғалысының қайраткері, математик, техника ғылымдарының кандидаты СӘЙДЕНОВ Ғалимулла Батырханұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасына (Манила, Филиппин аралдары) қазақстандық спортшыларды бастап барды. Алматы мен Шымкентте өткізілген ірі шахмат турнирлерінің ұйымдастырушысы. 1991-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының атқарушы директоры.

В.Пановтың «Дебют сабақтарын» қазақ тіліне аударған, басқа да кітаптардың авторы.

  

70 жыл бұрын (1939) классикалық күрестен Қазақстанның еңбек сіңірген шебері БАКУЛИН Владимир Николаевич дүниеге келді. Ол - жеңіл салмақта (52 кг) Еуропа чемпионы (Германия, 1966), әлем чемпионы (Румыния, 1967). XIX Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (Мехико, 1978). Алматыдағы «Буревестник» және «Локомотив» спорттық қоғамдары сапында сайысқа түскен. Жаттықтырушысы - В.А.Псарев. 1970 жылдан Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқытушылық қызмет атқарады.

  

95 жыл бұрын (1914-1983) Бүкілодақтық радионың дикторы, КСРО халық әртісі ЛЕВИТАН Юрий Борисович дүниеге келді.

Бүкіл радиодауыстар арасынан оның дауысы - қай жағынан алғанда да - тарихи дауыс. Аңызға сенсек, Адольф Гитлер: «Ең бірінші, менің Мәскеуді алғанда тындырарым - Левитанды дарға асу!» - деп, байбалам салған екен. 1931 жылы Кеңес Одағының күңіренген бас дауысты ұланы бар-жоғы 17 жасқа толған еді - ол нақ осындай жасөспірім шағында радиоға жұмысқа тұрған. Ал, соғыс жылдары оны алдымен бүкілодақтық, сонан соң бүкіләлемдік даңққа бөледі. Бейбіт өмірге көшу оған, кез-келген соғысқа қатысушы сияқты, оңайға түскен жоқ. Левитан даусы ешқашан жұқалтаң, жалаң болған емес. Әрбір мәтін, мейлі ол Информбюро мәліметі болсын, мейлі саяси қайраткерлер бірінің сөзі болсын - ешқашан да жалған естілген жоқ. Оның дауыс екпіндері құдіреттілігімен және сонымен қатар жүрек жылылығымен қайран қалдыратын. Левитан жан-тәнімен шығармашылықты аңсап тұратын. Радио қорында бірсыпыра баға жетпес жазылымдар сақталған: ұлы диктор өлеңдер оқиды. Осылайша, қара жазба тәрелкелер жанында, шағын ғана дыбыс өткізбейтін қабырғалар қоршауындағы студиялық кабинада оның бар өмірі өтті. Микрофоннан ажырап қалу - ол үшін өліммен тең болды.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 20-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Қазақстан Республикасының халықтары тілдерінің күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

  

Қасиетті Рамазан айы, онымен бірге ораза аяқталғаннан кейін, мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын ұлық мереке - Ид-әл-Фитр, Ораза айт келеді. Қасиетті Рамазан айының аяқталуын білдіретін бұл ұлық мерекені ізгі істермен, жақын-жұрағаттарға деген ерекше қамқорлықпен, мүсәпір-мүскіндерге қайырымдылық көрсетумен атап өту керек. Мұхаммед Пайғамбар: «шын ниетпен және үмітпен ораза тұтқандардың күнәлары кешіріледі» деген. Әрбір діндәр үшін бұл мереке - рухани тәжірибесін толықтырудың, мұсылман қауымының қуанышына ортақтасудың жақсы мүмкіндігі. Мұсылман үшін Ораза айт - Рамазан айының қасиетті күндерімен қоштасу. Әрбір мұсылман өткеніне орала отырып, осы аралықта қол жеткізген рухани байлықтар туралы ойлануға міндетті. Айлардың айын теріс әрекеттерге, жаман ойларға еш етпеді ме, осыны ойлануы керек. Осы күнге аман-саулықта жеткізгені үшін Жаратқанға мадақтар айтылып, шейіт болған әруақтарға бағышталып құран оқылады. Бұдан бөлек мұсылман бауырлар бірінің шаңырағына бірі бас сұғып, есен-саулық сұрасып, бір-біріне денсаулық, жақсылық тілейді.

ОҚИҒАЛАР

8 жыл бұрын (2001) Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Қарағанды облысын кішірейтілген ауқымда көрсететін этнопарк ашылды. Этнопарктің жалпы көлемі 36 га. Ол жерде Балқаш көлі, Ұлытау, Қарқаралы тауларымен қатар қалалар мен аудандардың павильондары орналасқан.

60 жыл бұрын (1954) Бейжің қаласында Бүкілқытай жиналысының бірінші отырысында Қытай Халық Республикасының Конституциясы қабылданды.

ЕСІМДЕР

  

100 жыл бұрын (1909-1989) шахматшы, спорт журналисі, Қазақстанның шахматтан, шахматты жазып ойнау түрінен республикалық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы ОМАРОВ Хакім Сағадатұлы дүниеге келді.  Шахмат жайлы көптеген күрделі мақалалары, жарияланымдары, шахмат шешулері жарық көрген. Қазір Астана қаласындағы шахмат клубы Х.Омаровтың есімімен аталады. Жыл сайын осы астаналық шахмат клубында Х.Омаровтың құрметіне республикалық балалар мен жасөспірімдер арасында жарыс өтеді.

  

80 жыл бұрын(1929) алғашқы тың игерушілердің бірі, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, КСРО ауылшарушылығы және Жоғарғы мектеп үздігі ТАЗАБЕКОВ Тілепбай дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылық институтын, Қазақстан Ғылым академиясының Топырақтану институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ ауыл шаруашылық институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі, доценті, ассистенті қызметтерін атқарған. 1981-1985 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылық институтының ректоры. 1985 жылдан - Қазақ ауыл шаруашылық институтының (Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) кафедра меңгерушісі, профессоры. 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы, 15-тен аса ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлаған.

Медалдарьмен марапатталған.

70 жыл бұрын (1939) техника ғылымының докторы, профессор ЗАГОРОДНЯЯ Алина Николаевна дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының аспирантурасын бітірген. 1961-1966 жылдары Қазақ политехникалық институтында, 1969-1981 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтында әр түрлі қызметтер атқарған. 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

Медальдармен марапатталған. 

55 жыл бұрын (1954) ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ТӨЛЕБАЕВ Кенжехан Атақұлұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітірген. Киров аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Мақталы» кеңшары комсомол комитетінің хатшысы, директоры болған. 1991-1992 жылдары - Киров аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1992-1997 жылдары - Мақтаарал ауданының әкімі. 1997-1998 жылдары - Мақтаарал ауданының әкімінің бірінші орынбасары. 1998-1999 жылдары -Шардара ауданының әкімі. 1999-2002 жылдары - Мақтаарал ауданының әкімі. 2002-2003 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық экономика департаментінің бастығы. Аталған қызметінде - 2003 жылдың қазан айынан.

Медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1934) әлем киносының жарық жұлдызы, итальян киноактрисасы ЛОРЕН Софи (шын аты Шиколоне София) дүниеге келді.

Италияның Пиццуоли елді мекенінде туған. Сұлу арулар конкурстарындағы жеңістері бойжеткен Софи Лоренге кино әлемінің есігін айқара ашты, ал қайсарлылығы, қажырлылығы алға қойған мақсатына жетуіне мүмкіндік берді. Оның тағдырына атақты италиялық режиссер әрі актер Витторио де Сикамен кездесуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Нақ осы режиссермен бірлестікте Лорен өзінің ең айтулы және қызықты жұмыстарын өмірге әкелді.

Жиырма жылда шығармашылық жұп соның ішінде неғұрлым таңдаулылары «Неаполь алтыны» (1954), «Чочара» (1960, Канн фестивалінің сыйлығы, «Оскар» сыйлығы), «Альтона дарабоздары» (1962), «Итальянша үйлену» (1964, Мәскеудегі кинофестиваль сыйлығы, 1965) болып табылған он төрт фильмдерді шығарды. Де Сика біртіндеп актриса шеберлігінің жаңа қырларын ашып, үсті-үстіне жаңаша таныта берді. Лорен қаһармандары өзінің таңқаларлық шынайылығымен және өміршеңдігімен, жарқын ұлттық мәнерімен баурап алды. Актриса бейнелеген тұлғалардың ізгі ниеттері мен арман-тілектері көрермендердің жүрегіне риясыз жол тауып жатты.

Лореннің тағдырында, тек күйеуі және оның екі ұлының әкесі болып қана қоймай, өзінің фильмдерінің үздіксіз продюсеріне де айналған атақты бизнесмен Карло Понти де, маңызды орнын қалдырды. «Миллионерша» (1960), «Кеше, бүгін, ертең» (1963), «Гонконгтен келген графиня» (1966), «Күнбағыс» (1969, кеңестік-итальяндық бірлесіп түсірген фильм), «Сенбі, жексенбі, дүйсенбі» (1990), «Дайын көйлек» «1994) фильмдеріндегі оның бейнелері ерекше есте сақталды. Бұл туындылар әр елдердерде, әрбасқа режиссерлермен қойылған, алайда, Лорен таланты, оның кез келген актерлік ұжыммен біте қайнасып кете алуы және жарқын да есте қаларлықтай бейне жасай алуы - қайда болмасын күмән туғызбайды. Лоренның мұндай қайталанбас еңбектері бірқатар мәртебелі марапаттарға да ие болды.

Актриса «Өмір сүре де, сүйе де біл» және «Сұлулық сыры», т.б. бірнеше автобиографиялық кітаптардың авторы, онда жылдар өрісі өзінің көріктілігін жоя алмаған сұлу Лорен жастықты сақтап қалудың шипалы қасиеттерімен сыр бөліседі.

Соңғы жаңалықтар