+7 (701) 759 90 19
USD 425.75 EUR 499.32
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

«ҚазАқпарат» агенттігінің құрылғанына биыл 100 жыл толады

2020 жылғы 8 қаңтар 12:21
Бөлісіңіз:
«ҚазАқпарат» агенттігінің құрылғанына биыл 100 жыл толады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылғы 13 тамыз күні «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толады.

1920 жылы қазақ тарихындағы алғашқы ақпарат агенттігі РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. Ғасырлық тарихы бар қара шаңырақтың бүгінгі иесі – қазіргі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ.

Құрылғаннан кейін араға бес жыл салып агенттіктің аты «ҚазРОСТ» болып өзгертілген еді. Ал «ҚазРОСТ» 1937 жылы «ҚазТАГ» деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Арада 60 жыл өткенде, яғни, 1997 жылғы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАА)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылғы қарашаның 8-інде ҚР Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылғы шілденің 3-інде агенттік ҚР Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес, «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді. Ал 2012 жылғы тамыздан 2014 жылға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында болса, 2014 жылдың қаңтарында «ҚазАқпарат» елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болып, өз тарихындағы жаңа кезеңді бастады. 2019 жылдың соңынан бастап агенттік «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамы болып жаңарды.

100 жылдық тарихының алғашқы кезінен бастап, агенттік ХХ ғасырдағы бүкіл жаңалықтарды таратып, ел тарихындағы ғасырлық кезеңнің ақпараттық ағымының бел ортасында болды. Барлық қазақстандық БАҚ құралдарына ақпарат берумен бірге, агенттік кеңестік кезеңдегі көптеген саяси құжаттардың маңызды аудармасын ұсынып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосты.

2004 жылы агенттік пайдаланушыларына жаңалықтарды қазақ тілінен латын қарпіне академик Әбдуәли Қайдаровтың әдісімен көшірудің жаңа нұсқасын ұсынды. Бұл осы әдісті іс жүзінде қолданған алғашқы ақпарат агенттігі болды. Соның арқасында кирилл қарпін оқи алмайтын шетелдегі қандастарымыз тарихи Отанында болып жатқан оқиғаларды біліп отыруға мүмкіндік алған болатын.

«ҚазАқпарат» жаңалықтары агенттіктің www.inform.kz веб-сайты арқылы қазақ, орыс, ағылшын, арабша төте жазумен және қытай тілдерінде таратылады. Жуықта агенттік өзбек тілінде де ақпарат тарата бастады.

«ҚазАқпарат агенттігі» мемлекеттік құрылымдардан – ҚР Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламенттің, аймақтық өкімет органдарының, ұлттық, қаржылық, өнеркәсіптік құрылымдардың қызметі туралы толық және дәлме-дәл ақпараттар беріп отырады. Қазақстанның, Орталық Азияның барлық аймақтарының және әлемдік қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласынан шынайы және сараптамалық ақпараттар жеткізіледі. Корпоративтік және жеке клиенттер үшін ақпараттық консалтинг, жұртшылықпен байланыс жөніндегі бағдарламалар, саяси технологиялар, экономикалық сараптамалық шолулар және маркетингтік ұсынбалар бойынша сервистің барлық түрі көрсетіледі.

Агенттіктің орталық кеңсесі Нұр-Сұлтанда орналасқан.

Қазақстандық интернет-ресурстардың ішінде «ҚазАқпарат» ХАА үздік ондыққа кіреді. «ҚазАқпараттың» жаңалығын әлемнің 200-ден астам елі оқып отыр. Әсіресе, ашық әрі таза статистикаға негізделген olshem.kz рейтингінде агенттіктің позициясының беки түсуі де жақсы көрсеткіш. Сонымен бірге, агенттіктің Facebook, Мой мир, ВКонтакте, Twitter, Одноклассники, Google+, Instagram, WeChat әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында 200 мыңнан астам жазылушы бар.

Бүгінгі күні «ҚазАқпарат» ХАА халықаралық ақпарат агенттіктерінің бес бірдей қауымдастығының мүшесі. Олар: Азия және Тынық мұхиты елдерінің – ОANA қауымдастығы, ТМД елдерінің – АНИА қауымдастығы, түркітілдес елдердің – ТКА қауымдастығы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің - ЭКОНА қауымдастығы, Каспий теңізімен шектесетін елдердің – АКСНА қауымдастығы. Агенттік ТАСС, Синьхуа, ИРНА секілді 43 шетелдік ақпарат агенттігімен тікелей ақпараттық байланыс ұстап отыр. «ҚазАқпарат» агенттігінің ақпаратын 100-ге тарта республикалық және шетелдік басылымдар пайдаланады.

Агенттіктің шетелдегі қандастармен де байланысты ретке келтірілген. Былтыр Қазақстанда шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру бастамасы көтерілген болатын. Бұл жұмысты да «ҚазАқпарат» өз міндетіне алып отыр.

«ҚазАқпарат» агенттігінің Қазақстанның барлық өңірлерімен бірге әлемнің бірнеше елінде меншікті тілшілері жұмыс істейді. Түркия, Ресей, Қытай, БАӘ, Иордания, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және тағы бірнеше елдегі тілшілік пункттердің арқасында агенттік халықаралық жаңалықтарды оқырманға уақтылы ұсынып келеді. Сонымен бірге, халықаралық дәрежеде Қазақстанның имиджін жақсартып, елді танытуға үлес қосуда.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT