ҚазАқпарат агенттігіне «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінде журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл парламенттік сыйлық алтыншы рет тапсырылып отыр. Биыл мүсіншенің дизайны өзгертілді. Жаңа мүсін мөлдір әйнектен жасалған. Бұл Мәжілістің ашықтығын және мұнда қабылданатын барлық шешімдердің жариялылығын білдіреді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздарына, сондай-ақ барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, бүгінде Мәжіліс жұмысы ашықтыққа негізделгенін айтап өтті.

«Президент бастаған «Жаңа Қазақстанның» басты принципі де – ашықтық. Біз оны жақсы түсінеміз. Ал ашықтық пен жариялылықтың негізгі ол, әрине – бұқаралық ақпарат құралдары. Халық пен билік арасындағы көпір сіздерсіздер. Бұл – жауапкершілігі мол, бірақ абыройлы міндет», - деді палата спикері.

«Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Абай Отар мен «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани жеңімпаз атанды.

«Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясында «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Назерке Сұлтанқұлова мен «АSTANA» арнасының тілшісі Яна Гладкова марапат алды.

«Үздік бейне-сурет материалы үшін» сыйлығы «Qazaqstan» телеарнасының операторы Советхан Жағиев пен «Informburo.kz» фотографы Герард Ставрианидиге табысталды.

«Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясының иегері – Қазақ радиоларының «Парламент сағаты» бағдарламасының авторы Алмас Байдрахманов, «Tengrinews.kz» интернет-ресурсының тілшісі Мейірім Смайыл, «Baq.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Ержан Жаубай.

«Арнайы репортаж» номинациясында ҚР Президентінің Телерадио кешенінің қоюшы режиссері Сәуле Көмекбаева және «Еуразия» бірінші арнасының продюсері Гүлфариза Рамазанова және «Азаттық рухы» агенттігінің тілшісі Кристина Гринько үздік деп танылды.

Сонымен бірге «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» «Айқын» газетінің бас редакторы Аманкелді Құрмет пен «ТДК – 42» арнасының тілшісі Әселім Әбілдинова марапатталды.

«Парламент сөзі» арнайы сыйлығы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен «31 арна» телеарнасына берілді.

Еске сала кетейік, журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығында 2016 жылдан бері 69 лауреаттың есімі анықталды. Биыл 7 номинация бойынша тағы 16 жеңімпаз марапатталды.


Соңғы жаңалықтар