«Қазақмыс» тиімсіз кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтата тұрмақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС үнемдеу режіміне көшуге мәжбүр, деп хабарлады компания баспасөз қызметінен.

«Нарықта жез құнының күрт түсіп кетуіне байланысты күрделі экономикалық жағдай «Қазақмыс» корпорациясы» басшылығын компанияның барлық алаңдарында өндірістік үрдістерді оңтайландыру туралы хабарлауға мәжбүрлеуде. Алайда бұл ретте жаппай қысқарту болмайды. Кәсіпорынның қазіргі уақытта тиімсіз болып тұрған бөлігі тоқтатылады», - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жұмыстан босаған 2000-ға жуық жұмыскерлер біліктілігін арттыру, оқыту курстарынан өтеді. «Барлық қызметкерлер орташа жалақы алатын болады, оқытылғаннан кейін оларды Бозшакөл, Ақтоғай жобаларына жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. «Казминералз» ЖШС-мен тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді, - деп атап өтілді хабарламада.

Оңтайландыру шараларына копорацияның әкімшілік қызметкерлері ілікті. Қызметкерлер бөлігі қысқартылған жұмыс кестесіне көшеді. Бұдан басқа, басқарушы бөліктің сыйлығы 10 пайызға төмендетіледі.

«Біз тіпті күрделі экономикалық кезеңде де ұжымға аса салмақ түсірмей, оңтайландыру үрдісіне өтуге тырыстық. Әлеуметтік жауапкершілік біз үшін маңызды. Әр жұмыскер үшін жауаптымыз», - деп жағдайды баяндады «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қырықпышев.

Соңғы жаңалықтар