«Қазақконцерт» жаңа концерттік маусымның шымылдығын ашты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жаңа 59-концерттік маусымы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы маусымашар концертінде көрермен қауымға жаңа концерттік бағдарлама ұсынылды. Сүйікті танымал әндер мен жаңа туындылар жанды дауыста орындалған керемет кеш талғампаз тыңдарманға ерекше қуаныш сыйлады. Бұл кеште қазақ музыка өнерінің барлық жанрлары мен бағыттары қамтылған жаңа концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерсүйер қауыммен жаңа маусымда қайта қауышқан «Қазақконцерт» артистерінің өнері жоғары бағаланды.

Сахнада Роза Рымбаева, Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Мөлдір Әуелбекова, Дінисламбек Жайлаубай, Ерболат Шалдыбеков, Ардақ Елеусіз, Бибігүл Жанұзақ, Нұрлытаң Ермек, Күнсұлу Түрікпен, Гүлнар Көшенова сынды белгілі өнер жұлдыздарымен қатар, көрерменнің ықыласына бөленген «Форте трио», «Солистер академиясы», «Астана сазы» өнер ұжымдары, «Астана мюзикл» мемлекеттік театры, «Назар», «Saz&soul», «Voice KZ», «Дара» сияқты эстрадалық топтар өнер көрсетті.

«Жаңа маусымда 100-ден астам мәдени іс-шара өтеді. 2020 жылы 60 жылдығын атап өтетін қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы үшін бұл концерттік маусым айрықша белес болмақ. Мерейтойлық жылдың аясында Қазақконцерт артистері көрермендерді жаңа концерттік бағдарламалармен, керемет премьералар және тың қойылымдармен қуантады. Әдеттегідей, Қазақконцерт ұсынатын іс-шаралар барша халық үшін қолжетімді болады. Сондай-ақ жаңа концерттер мен қойылымдарды тек елордалық көрермен ғана емес, еліміздің барлық өңірлері де тамашалай алады, - деп атап көрсетті «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы.

Бұған қоса, Жеңіс Сейдуллаұлы биыл «Қазақконцерт» ұйымының әртістері әрі елімізге белгілі әншілер – Роза Рымбаева және Мақпал Жүнісованың Ташкент қаласында концерттері өтетінін айтты. Аталмыш іс-шаралар Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында ұйымдастырылмақ.




Соңғы жаңалықтар