«Қазақконцерт» қандай күйге түседі?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 24 ақпан, сeйсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Бұйыртса, келесі жылдан кейін отандық мұнай өңдеу зауыттарының қуаты артып, сапасы жақсарып, елімізді бензин мен дизель отыны импортына тәуелділіктен құтқарады. Бұл жөнінде Энергетика министрi Владимир Школьник Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында айтты. Елдегi мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары 2016 жылдан соң толығымен аяқталып, бар қуатымен жұмыс істейді екен. Қазіргі күнде Атырау мұнай өңдеу зауытында технологияны жаңғырту және қайта құру жұмыстары жалғасып жатыр. «Ауқымы кең үздік технология іске қосылған соң, зауыттарда мұнай-химия және жанар-жағармай бойынша жоғары октанды бензин шығаруға толық мүмкіндік болады. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 098 млн. доллар. Оның 1 млрд. 064 млн. доллары - Қазақстанның Даму банкiнiң қаражаты. Кешен пайдалануға берiлгеннен кейін, ол жерде 357 жұмыс орны ашылмақ. Мұнымен бірге, мұнайды тереңдете өңдеу кешенi де салынып жатыр. Сонда жобаның жалпы құны 2 млрд. 23 млн. доллар болғалы тұр. Бүгінде оның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға шамамен 3,8 мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. Сөз болған нысан 2016 жылдың соңына қарай толық салынып бiтедi деген үміт бар», деді ол. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Бензин мен дизель отынын өндіру көлемі өспек» деген мақаланы оқып шығыңыз.

Бас басылымда «Сәкеннің атылғанын растайтын айғақ табылды» деген мақала жарияланды. «Редакцияға дерек келіп түсті. С.Сейфуллиннің 1938 жылы 25 ақпанда атылғанын растайтын құжат табылыпты. Ол құжат Ресейдің Федералдық Қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) орталық архивінің ерекше бөлімінен алынған. Оны С.Сейфуллин жайлы деректі фильм түсіріп жүрген белгілі режиссер Еркін Рақышев тапқан. Ол құжатта соттың атылсын деген үкімі орындалғаны, ақынның қай күні атылғаны, өліміне қандай адамдардың куәгер болғаны көрсетіліп, қолдары қойылып акт жасалынған», - деп жазады мақала авторы Соңғы жылдары БАҚ беттерінде түрлі мақалалар басылып, С.Сейфуллин мен М.Жұмабаев атылмаған, олар Сібірде айдауда болған, оларды көрген адамдар бар деген пікірлер айтылып жүрді. Біраз кісілер қайраткер ақындарымыздың жатқан жерлерін анықтаймыз деп, Магаданға экспедициямен де барып қайтты. Үкіметтің алдына арыстарымыздың сүйектерін тауып, елге әкеліп жерлеу керек деген мәселе қойды. Бірақ нақты деректер болмаған соң, орынсыз ұсыныс қайтіп орындалсын? Енді осының ақ-қарасын анықтап, ақиқатын Рақышев дәлелдеп отыр.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақконцерт» концерттік бірлестігі мен «Гүлдер» ансамблінің ұжымын «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамынан Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» МКҚК-ға ауыстыру жөнінде мәселе туындаған екен. Әуелде «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы тарапынан екі бірдей ұжымның «Алматы әуендеріне» ауысқанына қарсылық болмаған. Осы мәселеге байланысты, өткен жаз айында Алматы қалалық мәдениет басқармасынан хат келген. Хатта:«Қазақ әуендері» АҚ президентіне: «Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Алматы қаласының коммуналды жекеменшігіне өтетін болса, Алматы қаласы, Абылай хан, 83 мекенжайы бойынша орналасқан, «Қазақ әуендері» АҚ «Қазақконцерт» КБ филиалы мен «Гүлдер» ансамблі ұжымының барлығын жұмысқа орналастыруға кепілдік береді» делінген.

«Қалалық мәдениет басқармасы осы жылдың қаңтар айынан бастап бюджетке алмақ болады. Өкініштісі, бұл ұжымдар бюджетке бекітілмей қалғандықтан, хат соңында: «Алматы әуендері» кәсіпорнының штат кестесінде бос орындардың болмауына байланысты, қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мүмкін болмай отыр. Қазіргі уақытта «Қазақ әуендері» АҚ «Қазақконцерт» КБ мен «Гүлдер» ансамблі филиалының қызметкерлерін жұмысқа орналастыру мәселесі мемлекеттік тіркеу аяқталғаннан кейін қарастырылатын болады» делінген. Алайда «Қазақконцерт» концерттік бірлестігінде қызмет ететін әншілер қысқартуға ұшырайтынын айтып шырылдайды», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Қазақконцерт» қандай күйге түседі?» деген мақалада берілген.

Осы газетте «Асыл ана» сайты іске қосылады» деген мақала жарияланды. Бүгінде өршіп тұрған аурулардың бірі - қатерлі ісік аурулары. Сондықтан бұл туралы білгісі келетіндер көп. Алайда, оған қатысты ақпараттардың дені - орыс тілінде. Мәселен, сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпаратты біреу білсе, екіншісі білмейді. «Ал әйелдер арасында «Сүт безі қатерлі ісігін түбегейлі емдеуге бола ма? Емдеу тәсілдері зиян емес пе?» деген сұрақтар жиі қойылады екен. Осы орайда, бүгін оқырманды мазалаған осындай сұрақтарға нақты жауап беретін «Асыл ана» сайты іске қосылады. Жаңа сайт халықтың сүт безі қатерлі ісігi туралы сауатын көтеріп, оның себептері мен емдеу тәсілдері, жолдары және диагностикасы туралы ақпарат бермек», - деп жазады маала авторы.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында « Наурызымыз таяу. Дайындығымыз қалай?» атты мақала берілген. Қазақ халқының шын мәнісіндегі Жаңа жылы - Наурыз мейрамы. Жаңару мен жасарудың басы саналатын Наурыз қазақ халқы үшін қашан да береке мен бірлік, ырыс пен ынтымақ, татулық пен бауырмалдық мерекесі. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, Самарқанның көк тасы ериді. Қыс бойы ақ көрпесін жамылып жатқан күллі тіршілік біткеннің жандануы кімнің болса да көңіліне шаттық ұялатады. «Міне, күн мен түннің теңесіп, Наурыздың табалдырықты аттауына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Әншейінде Жаңа жылға дайындықты ертерек бастап, шырша тігуді міндеттейтін әкім-қаралар да, Аяз атасын дәріптейтін телеарналар да тым-тырыс. Күздің қара суығында маңдайшаларына «Жаңа жылдарыңызбен» деген жазбаны іліп қоятын мекемелер де, сауда орталықтары да Наурыздан тіпті бейхабар сияқты. Наурызға байланысты нақты бағдарламаның жоқтығы да қынжылтады. Кейбір мекемелер Наурызды жоғарыдағылардың тапсырмасы ретінде қабылдап, кейбіреулері айдың басында, тағы біреулері сәуір айында тойлап жатады», - деп жазады мақала авторы.

Соңғы жаңалықтар