«Қазақконцерт» әртістері қарттар үйіндегі қарияларға мерекелік тарту жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» әртістері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттар үшін мерекелік қайырымдылық концерт өткізіп, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қариялардың көңілдеріне қуаныш сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер және жалғыз басты қариялар тұрады. Қамқорлықсыз қалған қарттардың күнделікті өміріне мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Қазақконцерт» ұйымы 2019 жылды осылайша қайырымдылық шарасымен аяқтады. «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдоллаұлы атап өткендей, еліміздің басты өнер ошағы биыл көптеген қайырымдылық іс-шараларын өткізді. Әр концерт бойынша билеттердің біраз бөлігі қайырымдылық мақсатта табысталды.


«Қазақконцерт үлкен мерекелерге орай қайырымдылық жасауды жақсы дәстүрге айналдырды. Халқымызға тән мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерін негізге алып, біз әрдайым жүрек жылуына мұқтаж жандарға өнеріміз арқылы қолдау көрсетіп келеміз. Жақында ғана өткен «Жаңа жылдық кездесу-2» концертінде 1 500 жуық билетті қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттарға табыстадық. Осы жақсы үрдістен алшақтамай, біз жылдың соңын да осындай ерекше концерттік бағдарламамен қорытындыладық. Мемлекет басшысы айтқандай, біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан келер жылы да «Қазақконцерт» ұйымы әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға қамқорлық жасауды жалғастырмақ», - деді Жеңіс Сейдоллаұлы.

«Қазақконцерт» артістері қариялар үшін баршаға танымал кеңес заманындағы әндер мен қазақ композиторларының туындыларынан құрылған ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік концертте Жеңіс Сейдоллаұлы, Азамат Желтыркөзов, Құрмаш Маханов, Нұрлытаң Ермек, Жанна Сандыбаева сынды белгілі опералық және эстрадалық әншілер өнер көрсетті.

Ризашылық танытқан көрермен артистерге қошемет көрсетіп, оларға алғыстарын жеткізді. Концерт соңында қариялар жүректеріне жылу мен қуаныш сезімдерін ұялатқан «Қазақконцерт» артистеріне ақ баталарын беріп, жақсы тілектерін білдірді.





Соңғы жаңалықтар