Қазаққа келін болуды жазған тағдырыма ризамын - Наталья Нагочевская

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақ топырағында, қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақ отбасына келін болу жазған тағдырыма ризамын. Бұл туралы Көкшетаудағы Ақмола облысы поляктары қоғамдық  бірлестігінің мүшесі Наталья Нагочевская айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Натальяның айтуынша, оның да ата-әжесі сонау 1936 жылы депортация кезінде  Қазақстанға жер аударылған екен. Елді ашаршылық жайлаған заманда қазақтар оларды өзектен тепкен жоқ. Керісінше, бір үзім нан беріп, бауырындай ыстық құшағымен қарсы алды. Бүгінгі күні оның өзі де ата-бабалары бауыр басқан қазақ халқының келіні, қазақ жігітінің сүйікті жары атанып отыр.

«Маңдайыма  қазақ  жігітінің  жан жары болу жазылды. Өз басым тағдырыма ризамын. Қазақтың Белгібай есімді азаматымен отбасын құрып, Арлан және Руслан есімді қос ұлын тәрбиелеп отырмын. Ұлдарымыз екі халықтың да ең жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп өсіп келеді. Екі жақтың туған-туысқандарымен де етене жақын араласып тұрамыз. Ұлтым поляк болса да, қазақтың келіні ретінде барлық жөн-жоралғыларды орындап, үй ішімізбен салт-дәстүрге құрметпен қараймыз», - дейді Наталья Нагочевская.

Сонымен қатар кейіпкеріміз, ұлт болып ұйысуымыздың басты құралы - қазақ тілі болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгеруді кез келген қазақстандық өзінің маңызды міндеті деп білуі керектігін айтуда.

«Осыдан он шақты жыл бұрын қазақша сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдерін сирек кездестіруші едім. Қазір қарап отырсам олардың қатары жыл санап  толысып келеді. Қазақ халқында тіл де, тәрбие де баланың бойына ананың ақ сүтімен дариды деген түсінік бар.  Ұлтына қарамай, ата-аналары қай тілде сөйлесе, балалары да  соны  санасына сіңіреді. Сондықтан, қазақ топырағында дүниеге азамат ретінде өз замандастарымды қазақ тілінде сөйлеуге, ұрпағымызды отансүйгіштікке баулуға шақырамын», - деп сөзін түйіндеді қазақтың келіні Наталья Нагочевская.

Соңғы жаңалықтар