Қазаққа футбол керек пе? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада еліміздің өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына ел аймақтарында шығатын өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

Қазақтың қара шаңырағы - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде тарихшы Марат Тұяқбайдың «Түркістан» атауына қатысты зерттеуі, пікірлері мен ой-тұжырымы жарияланды. Тарихшының пайымынша, «Түркістан» атауы Орталық Азия мен Орта Азияның түркітілдес халықтары мекендеген аймақтарды анықтау үшін қолданылатын.
null

«VI-VIII ғасырларда армян және парсы деректерінде Каспий мен Орал тауынан Алтай мен Қытайға дейінгі жерлер «Түркістан» деп аталған. Одан кейінгі ғасырларда түрлі тарихи оқиғаларға байланысты Түркістанның аумағы бірде ұлғайып, бірде кішірейді. Шын мәнінде, «Түркістан» ұғымына Оралдан Алтайға, Каспийден Қытайға дейінгі, Томск пен Тобылдан Иран мен Ауғанстанға дейінгі ен дала мен Шыңжаң өлкесі, яғни жалпы көлемі 3 миллион шаршы шақырымнан асатын аймақ енеді» деп жазады автор.

Бұл ретте мақалада бүгінгі Түркістан қаласы сол атаудың заңды мұрагері екенін, себебі, бұл атауды оған тарих әбден талқыдан өткізіп барып бергенін алға тартады. Жазуынша, Түркістан алабы бағзы заманнан түрлі шаруашылықтардың ғана емес, Алтайдан бастау алған көшпелілердің Тәңірлік діні мен Тұран даласында пайда болған Зардушт діндерінің тоғысқан, Мағжан Жұмабаев айтқандай, екі дүние есігі еді.

Автор Түркістан жазирасындағы тарих кезеңдеріне, тарихи процестерге тоқтала келе, қазақ хандары үшін де маңызына ашып көрсетеді.

«XVI ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарының соңында Сыр бойы қалалары үшін күрес қазақ хандары мен шәйбанидтік Ташкент, Бұқара билеушілері арасында өтіп жатты. Бұл күресті қазақ хандары Тахир, Хақназар, Шығай, Тәуекел және Есім хандар басқарды, ақыры 1598 жылы Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Самарқанды басып алды. Тәуекелдің ісін әрі қарай жалғастырған Есім хан XVI ғасырдың соңында Яссы - Түркістанды Қазақ хандығының астанасы ретінде бекітті. Осыдан бастап Сыр бойының 32 қаласы 200 жыл бойы (1598-1798 жж.) Қазақ хандығының қол астында болды, ал, Түркістан қаласы қазақтың қара шаңырағына айналды».

Бұдан бөлек, XVI-XIX ғасырлардың аралығында қазақтың 19 ханы Түркістанды астана етсе, 21 ханы кесене мен оның айналасына жерленген, мұнан басқа 8 сұлтан, 14 би мен 50-ден аса батыр мәңгілік мекенін осы жерден тапты. Ал осы уақыт аралығында Түркістан елдің саяси да, экономикалық та, рухани да орталығы бола алды, ал, кесене қазақ халқының игі жақсылары жерленетін Ұлттық пантеонға айналды. Исламда мұсылмандықтың бес парызы болса, қазақтар үшін Түркістанның киелі топырағына, ұлы бабалар әруағына бас иіп, зиярат етуі алтыншы парыз болып қалыптасты.

«Кезінде Мағжан ақынның «Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің тәңір берген несібі ғой» деп неге жырлағаны өз-өзінен түсінікті болды. Мұның себебін Әбіш ағамыз былайша түсіндіреді: «Түркістаннан тарап жатқан тарихи тамырлар, имандылық желісі, елдік татулық, ұлттық ынтымақ рухы ұлан-ғайыр жазираларда шашырап жүрген қандастарымыздың бет-бетіне шашылып кетпей, еншіміз бөлінбеген бүтін жұртпыз деп сезінуінің бірден-бір негізі болды» деп түйіндейді автор.


Қазаққа футбол керек пе? - «Орталық Қазақстан» газеті



Жақында ғана аяқталған әлемдік деңгейдегі доп додасы туралы көп жазылды. Жанкүйерлік мәдениеттен бастап, комментаторлардың сөз саптауларына дейін тағы бір әңгіме болды. Ал осы додадан сырт қалған қазақ футболы туралы ой жүгірткендер саусақпен санаулы. Әлемдік доп додасының іріктеу кезеңінде алты ойыннан әріге бара алмаған Қазақстанға футбол керек пе? Осы төңіректе «Орталық Қазақстан» газеті мәселе көтеріпті. Мақала авторы көшедегі әлдебір жанкүйердің қазақ футболы туралы айтқан сөзіне қатты әсерленіпті.

«Ғаламторға кіріп алып, Қазақстан футболын дамытуға жұмсалып жатқан қаржыны санадым. Қайран, қазынаның қаржысы-ай! Орта есеппен жылына 150 млн. АҚШ долларын жұмсайды екенбіз. Біздің теңгедегі теңгерімі - 50 млрд. Біздің футболшыларымыз өзі тепкен допқа өзі жете алмайтыны немесе тепкен добы қақпаға емес, далаға лағып кететіні бар еді ғой. Әлгі қыруар қаржы теуіп-теуіп, далаға шашып жіберген ұлтымыздың ырысындай көрінді. Анығын айтқанда - желге ұшқан қаражат» деп жазады автор.

Оның есебінше, қаржының 80-85 пайызы бюджеттің шығыны, қалған 15-20 пайызы демеушіліктен түскен қаржы, ал оның тең жартысы жалдамалы легионерлердің жалақысы екен. Ол аз болғандай, 2009 жылдан бері Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жас балаларды оқуға жіберіп, олардың оқу ақысына 100 млн. АҚШ долларын шығындап келеді. Бірақ осыншама қаржы шығынына қарамастан жетістікке жетер қазақ футболы көрінбейді. Айтпақшы сөз арасында автор қазақ футболының үкілі үміті Самат Смақовтың айлық жалақысы - 6 миллион теңге, ал легионер Аршавиннің жылдық табысы 335 миллион теңге екенін де жазады.


Түйіндей келе «қазақ футболына қаржы жетпей жатыр ма, рух жетіспей тұр ма?» дегенді көлденең тартады.


Реті келгенде әлемдік футбол тәжірибелеріне назар аудартады. Қызықты деректер де ұсынады. Сөз соңында автор «не шықса да көптің ішінен шығады» дегенге салып, қазақ футболына жұмсалып жатқан қайтарымы жоқ ақшаны еліміздің демографиялық саясатын серпілтуге жұмсау керек деген пікір тастайды.

«Мысалы деймін, футболды дамытамыз деп далаға шашып жатқан 150 миллион АҚШ долларын дүние есігін ашқан әр нәрестенің есепшотына 500 доллардан салып берсек, 300 мың шаңырақта бесік тербелер еді. Сосын қазақтың әр ауылына спорт сарайларын, футбол алаңдарын салып таста. Мемлекеттің шексіз қамқорлығын жөргегінде сезінген бала бесіктен белі шыққан соң әлгі спорт сарайы мен жасыл алаңға өзі-ақ жүгіреді».

Хиджабқа оранатын емес, қоғамдық сананы оятатын кез келді- «Aq jol» газеті



Жамбыл облыстық газеті қазіргі таңда қоғам мен мектеп арасында көбірек сөз болып жүрген хиджаб мәселесіне назар аударып, мәселенің мәнісін философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдан сұраған екен. Сұхбат барысында орамал мен хиджап туралы айтылып, атқарылып жатқан шаралар, оның қоғамдық санаға әсеріне назар бұрады.
 
«Қоғамда уахабилік тенденция «модаға» айналып бара жатыр. Ол жастардың діни танымдық сұрағынан нақты көрініс береді. Ол - «Құранда бар ма?» сұрағы... Кез келген мәселе, құбылыс яки өмірдің қарапайым мысалдарына Құраннан жауап іздейді. Ең болмаса, Құран осы мәселеге қалай қарайды деп бір ұстаным, түсінік, тұжырым, таным ретінде сұраса, айналасың. Олар ұғым, қағида, ереже, заң ретінде сұрайды. Егер ұғым ретінде қарасаң, Құраннан молда, медресе, ораза, намаз, пайғамбар, хиджаб, Құдай т.б. ұғымдарды таппайсың. Бұлардың арабша баламалары бар. Саум, салат, наби, расул, хумур сияқты. Сондықтан бұл тенденция біздің жастарымызды, діни киім ретінде қабылданған «араб мәдениеті мен діни танымын» қоса қабат алып келіп жатқандарынан бейхабар. Кісісі өлген жесір сияқты «қара жамылып», ерте қартайғысы келген қауға сақал шайх болып жүргендерге араб мұсылмандығының өкілдері екендіктерін түсіндіру қажет-ақ. Бұларға осы көріністерімен-ақ қоғамдағы «исламофобия» ескерткіштері екендіктерін мойындату керек» дейді сұхбат беруші.

Оның пайымынша, хиджаб мәселесінің артында ұлттың трансформациялануы, дәстүрдің ревизиялануы, ділдің тілімденуі келе жатыр. Уахабилік таныммен тұмшаланған қыздарымыз, болашақ аналарымыз, арабтың салт-санасымен де тұншықтырылып жатыр. Жазуынша, бұл кешегі коммунизм идеологиясынан да қауіпті.

«Жалпы, ислам дінінде қыз балаға ең бірінші «білім алу парыз ба?», әлде «орамал тарту ма»? Исламда қыз балаға білім алу - парыз. Аллаға құлшылық ету үшін де, алдындағы түпкілікті міндеті мен жауапкершілігінің шегі мен мүмкіндігі арасын ажырату үшін де білім, таным, ойлау, сана тұрады. Орамалдың да кезегі келеді сосын» дейді ол.

Дәстүртану сабағы керек пе? - «Сыр бойы» газеті



«Сыр бойы» газеті «дәстүртану сабағы керек пе?» деген мәселені көтереді. Автор қазақ қыздарының шолпысынан бастап, қонаққа табақ тарту дәстүрлеріне тоқталып, осыны білетін адамдардың азайып бара жатқанына қынжылады. Соңғы жылдары қоғамда жиін орын ала бастаған ене мен келін арасында жағымсыз оқиғаларға тоқталып, осының бәрі дәстүрді елемеуден шығатынын айтады. Пайымынша, дәстүрді ұмытудан мінез, әдет өзгереді.

«Қазір дәстүрді білмейтін жастар, жас ата-аналар көп. Ал адам өзі білмеген дүниесін біреуге, ұл-қызына үйрете ала ма? Қазіргі уақытта ұлттық кодымызды, қазақ екенімізді білдіретін ерекшеліктерімізді жас ұрпаққа үйрету ісін тек ата-анаға сеніп тапсыра аламыз ба? Сондықтан, мектеп пәндеріне қосымша «Дәстүртану» сабағы қосылуы керек» деп түйіндейді автор.


Ежелгі Баркауб қаласының орны табылды - «Арай» газеті




«Арай» газетінің жазуынша, Жуалы ауданы, Теріс ауылының іргесінде ІХ-ХІІ ғасырларға жататын ежелгі Баркуаб қаласының орны табылды.

«Бүгінгі таңда көне Баркуаб қаласының орнынан табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі заттар ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Табылған дүниелер зертханадан өту үшін Жапонияға да жіберіліпті. Бүгінде тарихшылар тиісті рұқсатын алып, көне қала орнында қазба жұмыстарын бастап кетті» деп жазады газет.  

Археологиялық экспедиция жетекшісі Сауран Қалиевтің айтуынша, орта ғасырлық Баркуаб қалашығының астында біздің дәуірімізге дейінгі І және ІІ ғасырлардағы қала жұрты болуы бек мүмкін екен.

Қалашық орнында өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ауыл тұрғындары жерленіп келген. Оның жанында шешен ұлты өкілдерінің де зираты бар екен. Ал ауыл ақсақалдарының сөзіне қарағанда бұл ара кезінде Жылқышытөбе аталған екен.

Жаназаны даңғазаға айналдырмайық... - «Орал өңірі» газеті



Жаназа шығару, ас беру туралы соңғы кездері қоғамда жиі айтыла бастады. Соның ішінде қонақ асыға қатысты ысырапшылдық та бар. «Орал өңірі» газеті осы туралы мақаланың басында былай деп жазыпты: «Өлімің қойдай болады, садақаң тойдай болады...» деген екен Мөңке би бабамыз. Біздің бүгінгі күнімізді қалай дөп басып айтып кеткен десеңізші. Барлық айтқан болжамы айна-қатесіз алдымызға келді. Бүгінде тойдағы дарақылықтан құдайы ас (садақа) бергендегі даңғазалық тіптен асып түспесе, кем түспейтіндей жағдайға жетті».

Мақалада құдайы астың дастарханы қаралы үйге емес, құдды қуанышқа келгендей күй кештіретінін еске салады. Соған орай автор жақынын алыс сапарға аттандырғалы отырған үй, имамның айтқанын орындап, шариғат шарттарына сай жасаса, құба-құп болар еді дегенді айтады. Бірақ бүгінгі «өлік жөнелту мен садақа беру базардағы «қызып тұрған» сауда секілді үлкен бәсекеге айналып тұр».

«Осы күні марқұмды жөнелтудегі орынсыз жасалатын жоралғыларды доғару, ысырапқа жол бермеу, мәйітті шариғат жолымен жерлеу үшін белгілі бір жұмыстардың жүргізілуін уақыттың өзі талап етуде. Себебі көп адам жаназа өткізіп, садақа беруге жағдайы келмесе де, қарызданып болса да астамшылыққа барады. Ақыр соңында, белшесінен батқан борыштан қалай құтыларын білмей, салы суға кетіп, сары уайымға салынады. Мұның алдын алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құдайы ас (садақа) беру кезінде дастарқанға қойылатын ас мәзірін бекіткен еді. Оның ішінде нан, бауырсақ, талқан, құрма, қант, кәмпит, күлше, мейіз, өрік, қаймақ, шай, су, ет бар. Қарап тұрсақ, бұл мәзір қалтаға да аса қатты салмақ салмайды. Әйтсе де, бұған «Осылай дұрыс екен-ау» деп жатқан жан жоқ».

Мақалада пікір білдірген ақсақалдар бұрын мұндай ысырапшылдық болмағанын, соңғы жылдары қаралы үйде жайылатын дастарқанды тойда жайылатын дастарқанмен шатыстырып алғандай екенімізді айтады.

Шалғайда Шернияздың мазары тұр - «Атырау» газеті


Сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді ақын Шернияз Жарылғасұлының мазары Атырауда.

«Мазар қасиетті Қызылқоға ауданы, Жантерек ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне (1836-1838 жж.) қатысқан Шернияз Жарылғасұлының өз заманының жалынды жыршыларының бірі болғаны белгілі» деп жазады газет. 

Айта кетерлігі, әдебиетші Берқайыр Аманшин 1977 жылы Шернияз Жарылғасұлының жерленген жерін тауып, оның басына қойылған құлпытаста жазылған деректі жариялаған екен. Ақын бейітінің басындағы құлпытастың биіктігі 155 см. болса, үстіңгі бөлігі дөңгелене ойылған. Құлпытасында «Кете руы Мұсайдар тайпасы, Мәлік бөлімі Шернияз Жарылғасоглы 61 жасында опат болды. 1867 шылдыбу ташын алып қойған баласы Асқаралы мырза Дұғай хайрсандетіп-Амин» деп жазылған.


Маңғыстаулық жастар қарияға үй салып берді - «Маңғыстау» газеті



Облыстық газеттің жазуынша, өңірдегі белсенді жастар Мұнайлы ауданының Баянды ауылында тұратын 80 жастағы қарияға үй салып берді. Айта кетерлігі, «Ақтаудың қайырымды жандары» деп аталған еріктілер тобының бастамасына жүздеген жас белсенді атсалысқан.

«Сатыбалды Алаев қабырғасы сөгіліп, қирағалы тұрған ескі үйін осыдан 50 жыл бұрын өзі тұрғызған екен. Соңғы жылдары іргетасы қаусап, тозығы жеткен шатырынан бөлме ішіне лай су аға бастаған. «Жығылғанға жұдырық» демекші, қиын жағдайды термиттер мүлдем ушықтырып жіберді. Қаптаған сары құмырсқалар еден мен қабырғаны тесіп, жеп тастапты. Ал үйді жаңартуға жасы 80-нен асқан қарияның шамасы қайдан келсін. Үміт артып отырған жалғыз ұлының денсаулығы тағы жоқ, еңбекке жарамсыз» деп жазады газет.

Айта кетерлігі, облыстың жомарт жүрек жастары осыған дейін де таныс атайға азық-түлік, киім-кешек әкеп көмектесіп тұрған. Кейін қарияның аянышты жағдайын көріп, барлығы бірауыздан үй салып беру туралы шешімге келген.

Соңғы жаңалықтар