Kazakhmys Жезқазғандағы Құю-механикалық зауытын жаңғыртуға 10 млн доллар бағыттамақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Kazakhmys» корпорациясы Жезқазған қаласының Құю-механикалық зауытының жұмысын қайта жаңғыртуға шамамен 10 млн доллар бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Kazakhmys» корпорациясы құю-машина жасау зауытының басқарма төрағасы Жәнібек Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнеркәсіпті дамыту қорымен келісімнен кейін Жезқазғандағы Құю-механикалық зауытының өндірісін жаңғыртуға шамамен 10 млн доллар жұмсауды жоспарлап отырмыз. Онда 700-ге жуық адам еңбек етеді. Қазір зауыт қаптама, құрыштар мен сорғылардың корпусын сапалы шығаруға мүмкіндік беретін технологиямен жұмыс істеп жатыр. Біз сапалы өнім шығарғымыз келеді. Бүгін конгресте Қазақстанның алтын өндіру өнеркәсібін қамтамасыз ету мен дамытудағы отандық машина жасаушылардың рөлі туралы баяндама жасадым. Алтын өндірушілер арасында жаһандық нарықта бәсеке жоғары. Біздің ел алтын өндіру бойынша әлемде 12 орында», - деді Жәнібек Байғабылов елордада өтіп жатқан ХІІ халықаралық тау-кен металлургия конгресі барысында.

Зауыт басшысының айтуынша, алтын өндіруде сала алыптарымен бәсекеге түсу үшін тиісті құрал-жабдық, бөлшектер мен материалдар ауадай қажет.

«Отандық қымбат металдарды өндіру саласы дамысын десек импортқа тәуелділікті азайту керек. Соның дәлелі – пандемия кезінде импортты жеткізуге қатысты алуан сұрақ туындады. Ал қазір геосаяси жағдайға байланысты жеткізу бойынша айтарлықтай проблема бар. Сондықтан өзіміздің машина жасау өнімдермен қамтамасыз ету маңызды. Бұл – ұлттық қауіпсіздік», - дейді ол.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында ХІІ халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр.

Екі күнге созылатын шараға 13 мемлекеттен өкілдер қатысуда.


Соңғы жаңалықтар