Kazakh Quartet алғаш рет Брюссельде өнер көрсетті

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті алғаш рет Брюссельдегі BOZAR өнер орталығының сахнасында өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Жұманың кешінде Бельгия жұртшылығы скрипканың сызылтқан нәзік үні мен виолончелдің адам жанын елітер аккордтарына құлақ құрышын қандыру мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандың виртуоздардың өнері күн ілгері голландтың Маастрихт қаласының тұрғындарын тәнті еткен болатын.

«Көптеген мамандардың пікірінше, біздің квартет әлемнің үздік жиырма квартетінің қатарына кіреді», - дейді Бельгия астанасындағы концертті ұйымдастырған «S.Y.» қайырымдылық қорының қайраткері Алан Шишанович.

Айтпашқы, «S.Y.» қоры билеттен алынған табыстарды түгел Қазақстандағы классикалық музыка таланттарының білім алуына қолдау көрсетуге жұмсалды.

Өнер кешінде қазақстандық музыканттар концерттің шымылдығын Йозеф Гайднның жетпіс алтыншы квартетінің екінші бөлігімен ашты. Аустриялық композитордың 65 жасында жазған осы туындысының екінші бөлімі минорда жазылған бірден-бір шығарма болып табылады.

Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті жоғары деңгейлі өнер көрсетіп келе жатқанына отыз жылдан асты. Орындаушылар Валентин Берлинский, Райнер Шмидт сынды квартет жанрының нағыз саңлақтарынан өнер сырын үйренген.

«Біздің квартет 1988 жылы, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балалар музыка мектебінің сахнасында құрылған. Біз сол кезде сыныптастар болып аспапта ойнайтынбыз», - дейді көркемдік жетекші Ернар Мыңтаев.

Еуропаға турне ұйымдастырулағы мақсат - әлемнің түрлі елдерінде қошеметке бөленген отандық өнерпаздардың шеберлігін Кәрі құрлыққа да таныту.

Концерттің екінші бөлімінде танымал композитор Феликс Мендельсонның №44 туындысының бірінші бөлігі орындалды.

«Еуропада Мендельсон туындыларын тек қана еуропалықтар орындай алады деген жаңсақ пікір бар. Біз сол пікірден арылту үшін Мендельсонды таңдадық. Бізді тыңдап көрген соң, қаншалықты дұрыс орындағанымызға таң қалысты», - дейді Алан Шишанович.

Брюссельдегі концерттің үшінші бөлімінде танымал қазақ композиторы Ғазиза Жұбанованың №1 ішекті квартеті орындалды. Ұлы даланың еуропалық аспаптармен жаңғырған дәстүрлі музыка элементтері тыңдармандарды бей-жай қалдырмады.

Концерт соңында бірнеше минутқа созылған қошеметке ризашылық ретінде ұлы Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әні мен халық композиторы Құрманғазының «Адай» күйін де шырқап берді.

«Концерт мен үшін ерекше жаңалық болды. Сіздердің композиторлардың классикалық туындыларын бұрын тыңдап көрмеп едім. Қазақ классиктерінің туындылары мені дархан далаға елтіп әкетіп, өзімді жылқы үйірлерінің арасында жүргендей сезімде болдым», - дейді Мальтаның Бельгиядағы құрметті консулы Жо де Брабанд.

«ЕО және Орталық Азия арасындағы қатынастарды нығайту» (SEnECA) үкіметтік емес ұйымының бақылау кеңесінің мүшесі, Орталық Азия жөніндегі сарапшы Пьер Боргольц те осындай әсерге бөленгені көрініп тұрды.

«Ғазиза Жұбанованың музыкасын тыңдай бастағаннан-ақ астымдағы кілем ұшаққа айналып, қазақ даласына ұшырып әкеткендей болды. Осы музыка еліңіздің асқақ рухын тамаша жеткізген», - дейді ол.

Айта кетейік, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің Еуропа сапары мұнымен аяқталмайды. 21 мамырда квартет ұжымы Гаагада, қазан айында Венаның үздік концерт залдарының бірінде өнер көрсетеді.

Автор: Тимур Дүйсекеев

Соңғы жаңалықтар