Kazakh Invest еуропалық бизнесмендермен инвестициялық ынтымақтастық келешегін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы 17-18 қазанда Елбасы Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барып қайтты. Брюссельде Royal Dutch Shell, Alstom, Claas Group, Borealis, Linde Group және т.б. секілді 25 жетекші еуропалық компанияның және ТҰК басшыларымен кездесу өтті. Kazakh Invest еуропалық бизнесмендермен бірқатар кездесулер өткізді, онда әлеуетті инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары мен жобалары егжей-тегжейлі талқыланды, деп хабарланды primeminister.kz сайтында.

Қазіргі таңда кездесу қатысушылары $16 млрд астам сомаға жеті инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Іске асырылған жұмыстардың ішінде Shell мұнай өнеркәсібіндегі жобалар, Alstom электровоз және трансформатор өндірісі, Шымкент қаласындағы Polpharma фармацевтикалық зауыты бар. Іске асыру сатысында құрылыс материалдарын өндіруге, күн электр станциясының құрылысына, картопты қайта өңдеуге және т.б. бағытталған тағы алты жоба бар. Аталған инвестициялық жобалардың жалпы құны $300 млн асады. Болашақта еуропалық инвесторлардың қатысуымен тағы 12 өндірісті іске қосу қарастырылуда.

«Kazakh Invest» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен әңгімелесу барысында Carmeuse Group трансұлттық корпорациясының өкілдері Қарағанды облысындағы Сарыопан кен орнында І сұрыпты әктас өндіру зауытын салу жөніндегі ірі жобаны іске асыру туралы айтып берді. Қазіргі уақытта зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, өндіріс технологиясы анықталды, жер телімі және жер қойнауын пайдалану құқығы берілді.

Сонымен қатар, С. Тұяқбаев бельгиялық Van Hool машина жасау компаниясының басшылығымен одан әрі ынтымақтасу перспективаларын талқылады. Компания Қазақстанда автобустар шығаратын бірлескен кәсіпорын ашуға қызығушылық танытуда. Van Hool өкілдері жаңа технологиялардың трансфертін жүзеге асыруға, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кадрларды оқытуға, елде бар автобустармен қатар жаңа автобустарға да қызмет көрсетуге арналған сервистік орталықтар ашуға дайын екенін білдірді.

Бірлескен жұмыстың перспективаларын талқылау барысында Tonnies Holding ірі неміс азық-түлік компаниясының басшысы Клеменс Тонниес ет өңдеу зауытын салу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Кәсіпорын құрамына шошқа фермасы, құс фабрикасы, бордақылау алаңы, мал азығын өндіру кіреді. Бүгінде неміс тарапы жобаны жүзеге асыру үшін әлеуетті қазақстандық серіктесті және аймақты таңдауда.

Диалог аяқталғаннан кейін Kazakh Invest қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жаңа бастамалар толығырақ талқыланған қазақстандық делегацияның ірі еуропалық компаниялардың басшыларымен бірқатар жеке кездесулері өтті. ҚР Энергетика министрлігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қуаты 28 МВт болатын күн электр станциясын салу туралы меморандумда бекітілген нақты келісімдерге қол жеткізілді. Жобаның жалпы құны $35 млн құрайды. Жобаны қаржыландыруды теңгемен ұсыну жоспарлануда.

Бұдан өзге, «Kazakh Invest» ҰК қолдауымен «Astana» ӘКК және Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығы (WTCA) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның негізгі мақсаты - Астана қаласында Дүниежүзілік сауда орталығын салу.

Айта кетейік, Халықаралық сауда орталықтарының қауымдастығы (WTCA) - халықаралық саяси емес ұйым, халықаралық сауда мен инвестицияларды дамытуға жәрдемдесуге арналған ең танымал әлемдік брендтердің бірі. WTCA штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан. WTCA пайда болғаннан бері қырық жыл ішінде әлемнің 90-нан астам елінде 330-дан астам нысан салынды және 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Нысандар - Нью-Йорк, Амстердам, Токио, Сеул секілді әлемнің ірі қалаларындағы көрікті орындар.

Van Hool - автобустар, троллейбустар, ашық тіркемелер және автоцистерналарды қоса алғанда, көлік құралдарын өндірумен айналысатын бельгиялық машина жасау компаниясы. Компания жылына шамамен 1400 автобус шығарады, оның 80%-ы Еуропа мен Америка нарықтарына экспортталады.

Tоnnies Holding азық-түлік өнеркәсібіне мамандандырылған. Компания супермаркеттерге бөлшек, көтерме және басқа да тұтынушыларға жеткізілетін ет өнімдерін шығарады. Кәсіпорын Германия, Дания, Франция, Польша және Ұлыбританияда орналасқан тоғыз өндіріс орындарына ие.

Соңғы жаңалықтар