«Қазақфильм» үздік сценарийлер байқауының қорытындысын жария етті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының сарапшылар кеңесі үш айға созылған сценарийлер байқауын қорытындылады. Үздік сценарийлер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшылар кеңесінің құрамына кинорежиссер Алмас Абдиков, кинодраматург Болат Жетекбай, кинопродюсер Олжабай Мұсабеков, кинооператор Ескендір Нарымбетов, кинотанушылар Гүлнар Әбекеева, Дана Әмірбекова және Инна Смайылова кірді.

Сарапшылар кеңесінің мүшесі Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, сценарийшілердің әр буынының өзіндік ерекшеліктері болады.

«Жалпы, дәстүрлі автор деген түсінік бар және мұндай авторлардың арасында Нариман Төребаевтың сценарийлерін ерекше атап өткім келеді. Режиссер өзін қызықты ойлайтын суретші-автор ретінде көрсетті. Маған оның «Жезқазған», «Балконы» сценарийлері ұнады. Ағайынды Мақсұт, Мансұр Сәрсембаевтар да өз жұмыстарын ұсынды. Сарапшылар кеңесі «Отбасылық диалект» сценарийін қолдады, себебі бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың қызықты тарихы. Сценарийлерде бұрын көрсетілмеген жаңа тәсіл қолданылды. Сондай-ақ маған «Большой поход на Белуху» сценарийі бар автор А.Амандосов ұнады. «Қазақфильм» тек артхаус киносын ғана емес, коммерциялық киноны да түсіруі керек қой. Өкінішке орай, біз коммерциялық ерекше жобаларды көрмедік. Қысқа метражды жобаларға келер болсақ, өте қызықты жобалармен таныстық, сондықтан мұндай жобалардың дебюті болады деп ойлаймыз. Авторлардың жас буыны американдық стандарттар бойынша жұмыс істеуде, сценарийлер анық сюжетпен өте динамикалық түрде жазылған. Аға буын жаһандық тақырыптарға көбірек барады. Ал жас ұрпақ сюжет пен іс-әрекеттің белсенді дамуында жұмыс істейді. Біз биылғы сценарийлердің мықты екеніне назар аудардық», - деді Гүлнар Әбекеева.

Жіберілген жұмыстардың көптігіне байланысты сарапшылар кеңесі апта сайын 10-15 сценарийді қарастырған. Олардың ішінде толықметражды, қысқаметражды, деректі фильмдер бар. Алайда, сценарийдің көрермендер үшін қызықты болуы - сарапшылар үшін ең маңыздысы болды.

«Біз құрылым, драматургия, ең бастысы сюжеті көрерменді қызықтыра ма деген компоненттерге назар аудардық. Айту керек, питчингке тек режиссерлер ғана емес, жазушылар да қатысты. Сонымен қатар, біз мақұлданған сценарийдің қай режиссерге сай екенін, тақырыппен жұмыс істеп, оны экранда толық көрсете алатын тәжірибесі бар екенін қарастырдық. «Қазақфильм» жанындағы сарапшылар кеңесі мақұлдаған барлық қатысушыларға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының питчингінен өтіп, өз идеялары мен сценарийлерін жүзеге асыруларын тілеймін», - деді кинооператор Ескендір Нарымбетов.

ҰКҚМО питчингіне жіберу үшін «Қазақфильм» АҚ-ға 200-ден астам сценарий түсті. Олардың ішінен толық метражды, деректі және қысқаметражды – 31 сценарий таңдалды. Толық метражды жобалар – 15, деректі жобалар – 8, қысқа метражды фильм-дебюттер – 8. Сонымен қатар, сарапшылар кеңесінде «Қазақанимацияның» мемлекеттік тапсырмасы аясында құрылған 20 анимациялық пилоттық жоба қаралды. Олардың ең өзектілері ҰКҚМО питчингіне жіберуге ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар